Оңтүстікке де ұзын қылышын сүйреткен қыстың алғашқы ызғары жетті. “Қыс келді ме, бәтір-ау, неге тоңдым?” дегендей-ақ, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновтің Оңтүстік топырағына аяғы тиген күні алғаш рет қыламықтап қар жауды. Қаланы жылумен толық қамтамасыз ететін “3-Энергоорталық” қазандықтарын қажетті жылумен толтыру дайындығына кірісті. Агенттік төрағасының Оңтүсікке арнайы келуінің өз мақсаты бар. Модернизациялау және жаңа турбина қойып, электр энергиясын өндіруді қолға алмақшы болған “3-Энергоорталық” басшылығы инвестиция тарту үшін жылуға бағаны көбейтуді ұсынады.
“Онсыз да Оңтүстік халқы тұтынып отырған баға қымбат. 30-40 пайыз көтеруді республикадағы ең төменгі жалақы алып отырған өңір көтере алмайды” дейді облыс және қала әкімдігі.
Нұрлан Алдабергенов осы текетірестің түйінін тарқату үшін “3-Энергоорталықтың” жұмысымен толық танысқаннан кейін, облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өткізді.
Оған әкімдік өкілдері, қоғамдық ұйымдардың, үй иелері кооперативтерінің, табиғи монополия субъектілерінің, ардагерлердің және тұрғындардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергеновтің іссапарының бір бөлігі «3- Энергоорталық» АҚ-ға тоқталуы болды. «З-Энергоорталық» АҚ бас директоры Р. Турдахунов кәсіпорынның инвестициялық міндеттемелерді орындауы туралы баяндады.
«3-Энергоорталық» АҚ 1998 жылдан бері қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп келеді. Акционерлік қоғам 2007 жылы – 4094 млн. теңгеге, 2008 жылы – 150,2 млн. теңгеге, 2009 жылы – 206,2 млн. теңгеге, 2010 жылы – 338 млн. теңгеге, 2011 жылы – 535,6 млн.теңгеге инвестициялық сипаттағы жұмыстарды атқарды.
Жабдықтарды модернизациялау және қайта жабдықтау – станция жұмысының сенімділігін және тиімділігін арттыруға, техникалық-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына алып келеді.
Атап айтқанда, электр қуатын өндіруді 2011 жылы 2007 жылдың деңгейімен салыстырғанда 62%: 536,4 млн. квтс 870 млн.квт өсірді.
Электр қуатын сатуды 2011 жылы 2007 жылдың деңгейімен салыстырғанда 72% және 429,8 млн. квтс қарағанда 739,3 млн. квтс көбейді.
Жылуқуатын сату 2007 жылдың деңгейімен салыстырғанда 37 пайызға өсті және 2011 жылы 550,4 мың Гкал болды.
Электр қуаты бойынша отын шығынының үлесі 2007 жылмен салыстырғанда 17 пайыз, жылу қуаты бойынша 8 пайыз төмендеді.
«3-Энергоорталық» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы 2012 жылы, станцияның қуатын 210 мвт-ға дейін көтеріп, аймақтағы электр қуаты тапшылығы бойынша мәселені жартылай шешетін қосымша қуат көзін іске қосуды немесе қуаттылығы 50 мвт ТФП 6Э-2УЗ генераторымен Т-40/50-1,5 турбинасын іске қосуды көздейді. Турбинаны іске асыруға барлығы 4,5 млрд. теңге кетеді. Бағдарламаны қаржыландыру көздері ретінде өз қаржылары мен шеттен тартылатын қаржылар алынған. Оларды игеру мерзімі 3 жыл.
Энергияны үнемдеу шеңберінде тарифтік саясаттың бір аспекті нормативтік ысыраптарды төмендету және нормативтен тыс ысыраптарды жою болып табылады.
Республика бойынша 2010 жылы нормативтік ысыраптарды төмендетуден алынған үнем 3,2 млрд. теңгені құрады. Ал, нормативтен тыс ысыраптарды жоюдан алынған үнем 1,5 млрд. теңгені құрады.
Н.Алдабергенов өз сөзінде: «Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша нормативтік ысыраптарды төмендетуден алынған үнем 102,3 млн. теңгені құрады. Оның ішінде: электр энергиясы бойынша 50,4 млн. теңге, су шаруашылығы бойынша 1,9 млн.теңге, жылу жүйелері бойынша 50,0 млн.теңгені құрады. Агенттік тарапынан жаңа Заң нормаларын орындау арқылы тұтынушылардың ақшалары үнемделді», – деп атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша есептеу құралдарымен қамтылуы: ыстық сумен – 36,3%, суық сумен – 84,2%, жылу энергиясымен – 24,3% болды.
Мысалы, Шымкент қаласында 3 адамнан тұратын отбасында 3 бөлмелі пәтерде, суық суға және ыстық суға есептегіш құралдары бар болса тиісінше 106,5 және 470,4 теңге үнемделеді. Жылу энергиясы бойынша көпшілік тұрғын үйге қойылған есептегіш құралдарымен 1972,3 теңге үнемделеді. Электр энергиясына тұтыну көлемдеріне қарай қолданылатын тарифтерді қолданудан үнемдеу 34 теңгені құрады. Осы 3 адамнан тұратын отбасының бір айлық коммуналдық шығындары, электр энергиясына, су және жылуға жұмсалған жалпы шығындарды қосқанда 2583,2 теңгеге арзан түседі.
Ағымдағы жылдан бастап, суды үнемдеу мақсатында тұрғындар үшін сарапталған тарифтер қолданылады. Бүгінгі күні мұндай тарифтер Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Манғыстау облыстарында қолданылуда. Жиында осындай жәйттер сөз болды. Алайда, біраз мәселелердің басы ашық қалды.
2010 жылы 338 млн. теңгеге инвестициялық бағдарлама жасаған орталық өз қаржылары есебінен көптеген ақаулардың алдын алды. Бірақ, бүгінгі белгіленген тарифтік баға электр энергиясы мен жылу энергиясына кеткен шығынды жаба алмайды дейді “3-Энергоорталық” басшылығы. Өткен жылы электр энергиясынан 290 млн. теңге зиян шеккен. Алған жылуы үшін тұрғындардың төлемей отырған қарызы 900 миллионнан асады.
Ал, 2011 жылы 2309,4 млн. теңгеге жасалуға тиісті жұмыстардың анық орындалғаны 535,6 млн. теңге ғана. Турбинаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жылу жүйелеріне жаңғырту жасалған. 4,4 шақырым жылу жүйесіндегі зақымдалған құбырлар ауыстырылған. Биылғы қыс үшін қала тұрғындарының алаңдамауына болады деген орталық басшыларының уәжіне жиналыс барысында күмәнмен қарағандар болмай қалған жоқ.
Шымкенттей алып қалаға жылу беріп отырған Орталықтың бас инженері Қыдырәлі Нәсібов кәсіпорын жаз айларында 80 мегаватт, ал қыс айларында 130-140 мегаватқа дейін электр энергиясын өндіре алатындығын айтады. Ал, қала қалыпты өмір сүру үшін 350 мегаватт керек. Бас инженер жаңа турбина қойған жағдайда электр қуатын кәсіпорын сағатына 200 мегаватқа көтере алатындығын айтады.
Ал, бұл жұмысқа онсыз да шығынмен жұмыс жасап отырған кәсіпорынның қаржы шығаратындай мүмкіндігі жоқ. Тарифті көтеру жағдайында ғана тығырықтан шығаруға болады.
- Бұл мүмкін емес,-дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Салқан Полатов. Өйткені, орталық бір шаршы метрді 84 теңгеге жылытып отыр. Оны 112 теңгеге көтерсек, халық төлей алмайды.
Агенттік төрағасы электр, су және жылу жүйесі бойынша әлемдегі мемлекеттердің тарифтік бағамдарына талдау жасап, Қазақстанның бүгінгі тұтынып отырған тарифтерінің төмен екендігіне тоқталды.
Бір Германияның өзінде бір күнде 13 түрлі тариф болатындығын мысалға келтірді. Мәселен, сам жамыраған, адамдар жұмыстан үйіне қайтқанда бір бөлек баға, түн ортасынан таң атқанға дейін бір баға белгіленеді. Бірі қымбат, бірі арзан. Ысырапты жек көретін, өмірінің өзін есепке айналдырған неміс ағайындар осының өзінен қаржысын жақсы үнемдейді екен.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.