Шынын айтсақ, жергілікті басылымдардың «сүйікті» тақырыбына айналып отырған бал аралары «дауына» байланысты мақала жазу ойымызда жоқ еді. Қолымызға қалам алуға «Әби-Жер» ЖШС құрылтайшыларының тілшілер қосынына арнайы хабарласуы қозғау салды.
– Өркениетті елдерде кез келген түйткілді мәселеде сотқа жүгіну үрдісі қалыптасқан. Біз, өкінішке қарай, ондай мәдениетті дағдыға әлі үйрене қойған жоқпыз. Кей қалам иелері істің байыбына барып, ақ-қарасын ажыратып жазудың орнына алаулатып-жалаулатуға, арзан сөзге, жалған беделге әуес. Соның салдарынан қоғамдық пікірді қолдан жасап, оқырмандарын адастырып жатады. Осындай күйді басымыздан кешіп отырғаннан кейін болған оқиғаны боямасыз жеткізуді жөн санадық, – дейді бізге жолыққан серіктестік басшылары.
Аталмыш шаруашылық Қызылжар ауданы Асанов ауылдық округы аумағында егіншілікпен айналысады. Соңғы жылдары майлы дақылдар өсіруге ден қойған. Биыл 2400 гектар жерге рапс егіп, өнім бітік шыққан. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қызылкеңірдек кикілжіңнің тұтануына бал араларының қырылып қалуы себеп болған. 7 тамыз күні рапс алқаптарынан 145 омартаға ұя салған бал араларының өлі денелері табылған. Егістік «Аби Жер» ЖШС-не тиесілі екенін білісімен омарташылар іске бірден журналистерді араластырып, ұлардай шулатып қоя берген. Олар болған жайттың себеп-салдарына терең үңілудің орнына жерден жеті қоян тапқандай ұшқары мақалалар жариялаған, сұхбаттар ұйымдастырған.
– Жапа шегушілер заңға жүгініп, тиісті органдар арқылы қудаланса, ренішіміз болмас еді. «Тентек шоқпарын бұрын жұмсайдының» әрекетімен бізді ә дегеннен жерден алып, жерге салған қылықтары ашындырады. Бұл не сонда: ең күшті қорғаныс – шабуыл дегенді аңғарта ма әлде «ұра берсе, сайтан да өледінің» кері ме? Тіпті кей газет беттерінде қасақана жасалған арандатушылыққа балайтын пікірлер де кездеседі. Сот төрелігіне дейінгі «кінәсіздік презумпциясы» қайда сонда? Біржақты қаралау серіктестіктің де, біздің де абыройымызға нұқсан келтіріп, беделімізді түсіріп отыр, – деді күйіне сөйлеген фирма құрылтайшыларының бірі Игорь Грищанов.
– «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. 22 миллионға жуық бал араларының қырылып қалуы нәпақасын айырып отырған омарташыларға оңай тимегені анық. Бәлкім, егістік зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу кезінде серіктестік тарапынан кемшіліктер орын алған болар?
– Ара өсірушілердің серіктестік химиялық өңдеу жұмыстарын өз беттерінше жүргізді деген айыптаулары ешқандай шындықпен үйлеспейді. Алдымен олар мына қарапайым жайтты түсініп алғандары жөн. Атап айтқанда, арамшөптерге және түрлі зиянкестерге қарсы атқарылатын шараларды облыстық аумақтық басқармасының аудандық филиалындағы өсімдік қорғау инспекциясы белгілеп, қадағалауымен жүргізіледі. Оны орындау – біз үшін міндет.
Шағым иесі зәбір көрушілердің химиялық өңдеу алдын-ала ескертілмеген деген сөздерін де бекерге шығарды. Олар «Ара шаруашылығы туралы» Заңды көлденең тартып, күнібұрын құлақтандырылмады дегенді желеу етеді. Біздің тарапымыздан бұл талаптардың толығымен сақталғанын дәйектейтін айғақтар жеткілікті. Мәселен, А.Шинкаренко, Ю.Пиликушко, Е.Рожко, С.Васитов, Г.Гавриков, А.Зинько, С.Попов, Р.Розанов, тағы басқа омарташылардың бал аралары дін-аман. Өйткені, бұл азаматтар жыл сайын шаруашылықпен келісім-шарт жасасып, омарталарын рапс танаптарына орналастырып жүр. Химиялық өңдеудің алдын-ала ескертілгенін растап отыр.
Жер иесінің айтуына қарағанда, бір топ омарташы шаруашылықтың келісімін алмастан омарталарын рапс танаптарына өз беттерінше қойған. Ол жөнінде хабардар етпеген. Тиісті ауылдық округте тіркелуді де, серіктестікпен келісім-шартқа отыруды да қажет санамаған. БИ-58 препаратымен рапсты өңдеуге мүлдем болмайды деген адвокаттың ойлары қисынсыз. Сертификатталған өнімді әлемнің көптеген елдері қолданып жатса, біз неге бас тартуға тиіспіз? – деген оның сөзі иланымды көрінді. Орасан шығын шеккен омарташылар бал араларының неден өлгенін анықтайтын сараптама қорытындысын күтпестен келтірілген шығынды өндіріп алғанша әлек. Шығын мөлшерін кім анықтады – тағы белгісіз.
– Қазір іс қалай өрбіп отыр? – деп сұрадық одан.
– Қарсы тараптың шағымдарына байланысты тергеу алды жұмыстарымен Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімі айналысып, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде қаулы шығарған болатын. Одан арғысынан хабарым жоқ. Журналистердің құқық қорғау орындарының ішкі жұмысына да негізсіз араласып отырғаны таңырқатпай қоймайды.
Ширек ғасырға жуық бал арасын өсірумен шұғылданып келе жатқан Геннадий Гончар жоғарыдай жағдайдың өріс алуына омарташылардың өздері кінәлі екенін кесіп айтты. Тиісті салық-төлемдерден жалтарудың ақыры осындай орны толмас шығынға ұшыратуы басқаларға сабақ болуы тиіс. Мен жетекшілік ететін бригадада 80-ге жуық омарта бар. Химиялық өңдеу жайлы күнібұрын құлақтандырылғандықтан сақтық шараларын қамтамасыз еттік. Қазір бал өндіру ісін жалғастырудамыз, деді ол.
Қызылжар ауданының прокуроры Уәлихан Кәрімов кей жайттарды нақтылау мақсатымен іс материалдары қайта тергеуге жіберілгенін, жуырда аудандық ішкі істер бөлімінен серіктестіктің әрекетінде қылмыстық сипат жоқ деген жауап келгенін, соған орай ұйғарым әзірленіп жатқанын жеткізді.
Өңір жұртшылығын елең еткізген бал аралары дауы қай тараптың пайдасына шешілетінін тиісті органдар анықтай жатар деген үміттеміз. Ал, арзан сөз, жалған бедел қуған басылымдардың әрекеті абырой әкелмесі анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы.