Неше мәрте сөз болса, адамзат ғұмырының ең мәнді бөлшегіне айналған кітап туралы әңгіме ескірер емес.
Ең ұлы өсиеттердің барлығы көктен кітап болып түскеніне қарағанда қасиетті қағазда бір хикмет бар. Қазақ баласы білімге ден қойып, ыждаһат жолына түскелі бері ең асыл дүниесін кітапқа басып қалдырыпты. Хәкім аузынан «артық білім – кітапта» деген сөз айтылғалы адамзат ғұмырымен өлшегенде соншалықты көп уақыт өтпесе де Сүлейменнің қазынасынан кем көрінбейтін аяулы дүниеміздің бағасын бүгінгі қазақ толық біліп жүр ме? Аталарымыздың заманында әрбір ауыл кісісінің үйінде газет-журнал, кітап қатталып тұратынын ойлаған сайын өз күйің, ауылыңдағы замандастарыңның хәлі, айналаңдағы достарыңның бейғамдығы көңіліңді біршама түсіреді. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ардақтыларымыз ақындық, жазушылық жолынан өзге қазақ педагогикасын, психологиясын, тарихын, әдебиетін, ғылымын кітап етіп жазуға жанталасқаны бекер болғаны ма?! Тіпті қазір екінің бірі кітап басумен айналысып, мәнсіз, мазмұнсыз қағаздардың біршама молайып кеткені кітап құнын өз қолымызбен құлдыратып жатқан жоқпыз ба деген ойға жетелейді. Кітап оқымай, интернет аңдып, телесериал бағып кеткендігімізден біздің ойлау жүйеміз өзгеріп кеткендей. Енді біз кітаптағы біліммен емес, сериалдардағы оқиғалармен сарап жасап, интернеттік оңай «олжаға» сүйенетін болдық. Кітап культке айналған уақытты күту, аңсау қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Бірақ біздің халықтың санасы жаңғырып, талғамы өсіп, байыпты бола түсуі үшін кітап оқу, әдебиетті іздеу – ең маңызды тетіктердің бірі. Петрарка: «Кітаптарды дәл бір түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге сөзсіз көшіп отыруға тиіс», депті. Ал қазақ зердесі қаншалықты бай, қаншалықты білімге қанып жүр? Жауап табу өте қиын. Бәлкім, бар мәселе соның жауабын табуға тырыспағандықтан шығар.
Мәскеудің бір букинисінен В.Розановтың Пушкин туралы кітабын тауып алдым. Оның алдында ғана Лотманның ертерек шыққан кітабын жаңа кітаптарға қарағанда қымбаттау бағаға сатып алып едім. Енді Розановтың кітабын алайын деп едім, букинист иесі: «бұл кітап қайта басылып шықпаған, бұның бағасын анықтауым керек», деп сатпай қойды. Байқасам, кітапты бағалаулары басқаша екен. Мазмұнына қарап, сапасына қарап өлшейтіндей. Ал бізде ескі кітап болса – арзан, жаңа болса – қымбат.
Алматыда Райымбек-Қонаев көшелерінің қиылысындағы бір ғимараттың жертөлесінен букинист ашылып, көп ұзамай жабылған. Себебі – кітап алушылар жоқтың қасы. Ал Абылайхан-Гоголь көшелерінің тұсындағы жер асты жолындағы ұзақ жылдар бойы жас ақын-жазушылардың азығы болған букинист бір күні кітаптарын жиып-түйіп, көшкелі жатыр екен. «Қайда көшетін болдыңыздар?» десем: «Білмеймін, мына жерді босатыңдар деп жатыр», деген еді иесі көңілсіз жауап беріп.
Маркетингтік зерттеулердің халықаралық институтының биылғы мәліметі бойынша Қытай ең көп оқитын мемлекет екен. Аптасына бір кітап болса да оқитындарды есепке алғанда Қытайдың – 70 пайызы, Ресейдің – 59 пайызы, Испанияның 57 пайызы оқырман екен. Ал күнделікті кітап оқитын оқырмандарды есептегенде де Қытай алғашқы орында (36 пайыз), Ресей мен Испанияға Британия қосылады (32 пайыздан). Ал біздің халықтың қанша пайызы оқырман? Әлеуметтанушылардың былтырғы есебі бойынша ең көп дегенде бір адам жылына бес кітап қана оқиды екен. Ал кітапханашылар бұнымен келіспеген. Әрине кітапханада оқырман көп. Олардың көбі ұстаз тапсырмасын орындап жүрген студенттер екенін де ескеру керек шығар. Шынайы көркем әдебиетті іздеп барып оқитындардың нақты санын да айту қиын. Сауалнамаға жауап бергендердің көбі уақыт тапшылығынан кітап оқымайтындарын айтыпты.
...Оқуда зорлық жоқ. Бірақ парасатты ұлт болудың бір жолы – оқу... Әдебиетті оқу.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»