Бүгінгі таңда Ақмола өңірінде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан Шучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңіне арналған жоспар қабылдануы мәселенің алға жылжуына ерекше екпін береді. Бұл жөнінде арнайы брифинг өткізген Ақмола облысы әкімінің туризм мәселелері жөніндегі кеңесшісі Марат Иғалиев және облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов мәлім етті.
Жалпы, осы кезге дейін жан жақты зерделеніп қабылданған «Four Seasons» жобасы өңірге туристерді тартуда өзінің нәтижесін бере бастаған. Жоба аясында жазғы мезгілде дәстүрлі халықаралық «Бурабай-2017» желкенді регаты да өткізілді. Оған Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Екатеринбург, Омбы қалалары мен өзге де өңірлерінің спортшылары қатысты. Тамыз айында облыс әкімдігі қолдауымен Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз А.Винокуровтың қатысуымен өткен қайырымдылық веложарысы да Бурабай курортты аймағына ерекше назар аударатыны белгілі.
Шараны өткізу нәтижесінде 150 миллион теңге жиналса, бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету орталығына медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталды. Сондай-ақ соңғы жылдары Бурабай курортты аймағы шетелдік меймандарды да қызықтыра бастапты. Әсіресе, атқа мініп, серуендеуді ұнататындар қатары көбейіп келеді екен. Олардың арасында Ресей, Түркия, Бразилия және өзге де елдердің азаматтары көптеп кездеседі.
Таза ауа аясында серуен құрушылар мотоциклдермен де саяхаттап жүретіндігін брифинг өткізушілер ерекше атады. Тарқатып айтқанда, «Elikti Park» тау шаңғысы базасында байкерлердің слеті өтіп, оған Қазақстаннан өзге Ресей, Украина, Беларусь және Балтық жағалауы елдерінен де келіп қатысыпты. Маңызды оқиғалардың бірі ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған голф-клубының жұмыс істей бастауы да қалталы туристердің келуіне өзіндік үлесін қосатын болады. Осындай оңды іс-шаралар арқылы туризм саласындағы бизнесті қолдауға жағдай жасалуда.
Қысқы туризмге дайындық қазірден қолға алынып, іс-шаралар жоспары түзілді. Әсіресе «Қысқы ертегі» жобасын іске асыру арқылы демалушылардың көңіл көтеруіне ерекше маңыз беріліп отыр. Халықаралық конкурс арқылы қысқы қалашықтың салынуына үздік суретшілер, дизайнерлер, мүсіншілер мен өзге де шығармашылық өкілдері тартылады деп күтілуде. Ертегі қалашығы 3 ай қатарынан меймандарды қабылдамақ. Сонымен қатар «Әкем, анам, мен – спорттық отбасымыз» атты фестиваль ұйымдастырылып, «Санта Клауста қонақта болғанда» атты балалар бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылады.
Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Ш.Батырхановтың айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыру арқылы қазақстандық және шетелдік туристерге Бурабай курортты аймағы тартымды бола түседі. Нәтижесінде қызмет көрсету көлемі өсіп, салық түсімі ұлғайып, туристік саланың дамуына өзіндік үлес қосады. Тағы бір белгілі болғаны, қазіргі кезде Көкшетау қаласының әуежайы мен ресейлік Омбы, Түмен, Екатеринбург, Челябі және Сургут қалаларымен тікелей әуе қатынасын орнату туралы келіссөздер жалғасуда. Ақмола облысы әкімінің туризм мәселелері бойынша кеңесшісі М.Иғалиев қосымша рейстердің ашылуымен ресейлік туристердің Ақмола облысына көптеп келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы