• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2011

«Мойнақтың» шуақ шашар сәті жақын

353 рет
көрсетілді

Кеше республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Елбасының тапсырмасымен құрылысы аяқталуға жақындаған Райымбек ауданы аумағындағы «Мойнақ» гидро-электр стансасына келді. Бұл сапар жайдан-жай емес. Бүгінде ел назары Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында іске қосылатын «Мойнақ» ГЭС-іне ауған. Бұл Қазақстандағы өндіріс саласының өрге басуы мен еліміз ұстанған индустриялық-инновациялық саясат жүргізудің дүниежүзілік бай тәжірибесін меңгерудің жемісі деуге болады. Оның түп-тамыры – адам мен қоғам, жалпы, ел қамы үшін екенін қасиетті мекенге табан тіреген әрбір жанның тау-тасты қашап, таспадай жол, көрікті қалашық, алып турбиналар мен стансаның бас ғимаратын, су қоймасын салып, үлкен істің тиянағын келтірген мамандар мен жұмысшылардың қажырлы еңбегіне сүйсініс білдіргенінен анық аңғарылады. Тәуелсіздік мерейі Жетісу жеріне жеткізген жақсылықтар қа­та­рында құрылысы аяқталуға аз қалған «Мойнақ» ГЭС-і бар. Ол үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамудың мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында өңірде қолға алынған ірі жобалардың қата­рын­дағы бірегейі екені анық. Кезінде қолға алынып, құрылысы тоқтаған алып нысанға расында да тәуелсіздіктің шапағаты тиді. Нәтижесінде соңғы бес жыл кө­ле­мінде іргелі істер өркен жайды. Мемлекеттік маңызы зор жоба құрылысын іске асыруға қазақ­стан­дықтармен қатар тәжірибелі қытай мамандары мен құры­лыс­шылары да үлкен еңбек сіңірді деу­ге болады. Биылғы жылғы қыр­күйек айының 27-сі күні «Мойнақ» ГЭС-індегі «Бестөбе» су қоймасын құрайтын бөгетте Ша­рын өзенінің арнасы тоқтатылған еді. Бөгетте содан бергі мерзімде жасанды көл құралып келеді. Оның тереңдігі 90 метр, ұзын­ды­ғы 16 шақырымды құрайды. Ол ауданның Талды елді мекенінің ете­гіне дейін жетеді. «Мойнаққа» келген Үкімет бас­шысы ғасыр құрылысы санал­ған су электр стансасындағы 9 шақырым жер асты су жолының құбырындағы соңғы жұмыс­тар­дың жалғасуын және бас ғима­рат­пен танысты. Инженер-энер­ге­тиктер мен жұмысшылардың кәсіби тұрғыда атқарған жұмыс­та­рын көргендер өз бағаларын беріп те жатты. Сондай-ақ, «Мой­нақ» ГЭС-і ғимаратының ма­ңын­дағы «КЕGОС» акционерлік қо­ғамының құрылысы толығымен аяқталған жарық қуатын ашық тарату құрылғысына да меймандар назар аударды. «Мойнақтан» Шелек ауылындағы стансаға дейінгі 220 квт. электр торабының жоғары кернеулі желісінің ұзын­дығы 97 шақырым. «КЕGОС» акционерлік қо­ға­мы­­ның «Мойнақ» ГЭС-нің қуа­тын беру» туралы жобасында о­тан­дық өндірушілердің құры­лыс материалдары мен жаб­дық­тары кеңінен пайдаланылған. Электр энергетикасы саласы үшін шығарылатын барлық өнім шоғыры қолданылады. Бұл жо­ба­ны жүзеге асыру еліміздің энер­ге­тикалық тәуелсіздігі мен энер­ге­тикалық қауіпсіздігін арт­ты­руға қолдау болады деп күтілуде. Жобаны іске асыру басталған уақыттан бері жүздеген жаңа жұмыс орны ашылғанын да атап айтқан жөн. Амандық болса, Жетісу шұғы­ласына айналатын «Мойнақ» ГЭС-інің алғашқы кезеңі жел­тоқ­сан айында іске қосылады. Осы бір қуанышты күнге де көп қалған жоқ. Бұдан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарын «Жетіген-Қорғас» темір жол желісінде орналасқан Панфилов ауданы аумағындағы Алтынкөл стансасында салынып жатқан ны­сандарды аралаумен жалғас­тыр­ды. Шекара маңындағы стансада сапаржайдың заманауи ғи­мараты, әкімшілік ғимарат са­лын­ған. Сондай-ақ, инженерлік же­лілердің және кедендік, шека­ра­лық инфрақұрылым нысан­дары­ның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жолдар төселуде. Осы­лайша құрылыс жұмыстары сапалы жалғасқанын байқау қиын емес. Қазіргі уақытта 60 ны­сан­ның құрылысы аяқталуға жа­қын. Қа­рашаның соңында олар­ды мемлекеттік комиссияға тап­сыру жоспарланса, қазақстан­дық қамту 80 пайызды құрап отыр. Мұнда мың­ға жуық адам жұмыспен қам­тылыпты. Демек, тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға да негіз бол­ғанын көреміз. Ұзындығы 293,2 шақырым болатын «Жетіген-Қорғас» жаңа темір жолының еліміз үшін стра­тегиялық маңызы зор. Өйткені, ол Қазақстаннан Қытайға екінші темір жол тармағын ашады. Қы­тай өз аумағында Цзинхэ-Қорғас қарама-қарсы темір жол учаскесін салу үстінде. Екі жақтағы жаңа темір жол желілерінің түйісуі 2011 жылғы желтоқсанға белгіленген. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мовтің «Мойнақ» ГЭС-і мен «Же­тіген-Қорғас» темір жол желісіндегі Алтынкөл стансасына сапа­ры кезінде облыс әкімі Аңсар Мұсаханов бірге болды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.