• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қараша, 2017

Қазан төңкерісі

33407 рет
көрсетілді

Осыдан 100 жыл бұрын, Ресей империясының сол кездегі астанасы Санкт-Петербургте, дәлірек айтқанда, 1917 жылдың 25 қазанында (7 қараша) адамзат тарихының сүрлеуін өзгерткен «Қазан төңкерісі» атты тарихи оқиға болды.

Ол Уақытша өкіметті тақтан тайдырып, 13 миллиондай адамның өмірін қиған бес жылдық Азамат соғысына ұласты. Қазан төңкерісі­нің алғышарттарын, оның болмауы мүмкін еместігін ұзақ жылдар бойы идеология Кеңес Одағы халқының басына сіңіріп бақты. Алайда, соншама адамның қанын төкпей-ақ, большевиктер өкімет басына демократиялық жолмен, сайлауда жеңу арқылы да келуіне болатын еді...

Қоғамды басқарудың адамзат өзінің ғасырлар бойғы дамуында қалып­тастырған табиғи жүйесін емес, боль­шевиктердің көсемдері қолма-қол өзгеріс жасайтын қанды жолды дұрыс деп санап, «пролетарлық диктатура» деген өздерінің жасанды жүйесін орнатты. Қоғам дамуымен үйлеспейтін жүйені ұстап тұру үшін өзі өмір сүрген 74 жыл бойы тек ұранды насихаттар мен террорлық әдістерді мейлінше көп қол­дануға мәжбүр болды. Төменде боль­шевиктердің өкімет басына қанды жолымен келуінің алғышарттарына өз тарапымыздан сарап жасап көрдік.

Шығасыға иесі басшы...

Қазақтың осы бір жалпақ сөзі саясат­қа келіңкіремесе де патшаны тақтан тайдырған кездегі қоғамдық ахуалдың ауырлығы, өкімет басына келгендердің сылбырлығы оны еріксіз еске салып отыр. Больше­вик­­тер де соны шебер пайдаланып ке­тіп еді.

Қай күнде өзгеріс, қайта құру, өмірлік тәртіптер мен қағидаларды басқа бағытқа бұру жеке адамға да аса қиындықпен келеді. Ал мемлекеттің тәртібі мен мизамын басқа бағытқа өзгерту, бәрін жаңаша құру – бұл енді аса күрделі, қайшылықты процесс. Мұндайда тек елге танымал, беделі зор, биліктегі тәжірибесі мол, басқару дарыны орасан тұлғалар ғана ішкі-сыртқы күштердің кесірлі әсерін еңсере отырып, жаңа тәртіптер мен мизамдарды қиюын келтіріп енгізіп, таласқандар мен дауласқандарды келістіре отырып, қантөгіссіз жүргізіп кете алады.

Оның мысалын кеше ғана басымыздан өткіздік. Тәуелсіздік туын көтерген кешегі бағынышты республикаларда көшбасшылары мықты болғандарының түтіні түзу ұшып, жаңа тұрпаттағы дамудың жолына қантөгіссіз түсіп кетті. Ал ли­дерлері нақты билікте болмаған, тек демократиялық пиғыл, өткір ұран­дармен жүріп, билікке келгендері тақ­тың талабын еңсере алмай, ел­дерінде қантөгіске орын беріп алды. Ке­й­бі­реулері, тіпті өзі де шағын жер кө­ле­мінің біразынан айырылып қалды...

1917 жылы ақпанда патша тақтан бас тартқаннан кейін Ресейде мемлекет билігі қолына тиген Уақытша өкімет те елді меңгеріп, өзінің алдына қойған мақсатын іс жүзіне толық асырып кете алмады. Оның бас­ты себебі – экономикалық дағдарыс­тың, ішкі-сыртқы күштердің кері әсерімен қатар бірінші басшылық­қа елге танылған дарынды тұлға табылмағаны еді. ІІ Николай тақтан бас тартқанда Уақытша өкіметтің басына князь Георгий Львовты отырғызып кеткен. Коалициялық жолмен құрылған Уақытша өкімет те оның өкілеттігін қолдап, өздерінің төрағалығына сайлады. Бірақ ол шыққан тегі ежелгі орыс дворян­дығы, көп оқыған, қоғам қайрат­кері, белсенді депутат болғанымен нақты билікте отырмаған, оның қитұрқы тәсілдерімен танысып көрмеген, демократиялық пиғылдағы ақсүйек адам болатын. Сондықтан да ол басқарған коалициялық өкімет билікті қолына алғанымен елді баурай алмады.

Оның үстіне өкімет құрамына неше түрлі жеңіл ойлы, демократиялық ұрандар мен ұш­қары талаптардың ағымын­дағы партиялардың өкілдері де ен­ген болатын. Ең бастысы, халық­қа жақын ұрандарды көтерумен өзеуреп көзге түскен «Петроград қала­лық жұмысшы және солдат депутат­тарының кеңесі» деген большевиктер, меньшевиктер мен солшыл эсерлердің ұйымы Уақыт­ша өкіметтің адымын аштырмады. Олар соғысты тоқтату, билікті халық­тың қолына беру деген сияқты ұрандарымен қалың көпшіліктен қолдау алуын жалғастыра берді. Іс жүзінде елде қос өкімет болды. Оның үстіне одақтастардың қысымымен І Дүниежүзілік соғыстан шығу да мүмкін болмады. Маусым айында шабуылға шыққан орыс әскерлері де тас-талқан болып жеңіліп, кейін шегінді.

Осындай жағдайда Г.Львов би­лік­ті ұстап тұра алмай, оның орнына Александр Керенский отырды. Бір қызығы, осы Керенский В.Ульяновқа (Ленинге) Симбирскіде сабақ беріп, оның аттестатындағы жалғыз төртті (логика пәні) қойған ұстазы... Біздің Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай ағаларымыз да оны жақсы білген. Мұстафа кейін Парижде шығып тұрған оның эмиграциялық «Дни» газетіне де араласып тұрған. Мамандығы заңгер болған Керенский адвокат, мұғалім, публицист секілді қызметтер атқарып, Мемдумаға депутат болып та сайланған. 1916 жыл­ғы Қазақстандағы «Июнь жар­лы­ғына» орай болған көтеріліс­тің себептерін анықтауға Мемле­кет­тік думада құрылған комис­сия­ның басшылығына осы Керен­ский тағайындалып, ол патша ше­неу­нік­терінің жергілікті жерлердегі жү­ген­сіздіктерін жариялаумен қатар, көтері­лістің кінәлісі – ішкі істер ми­нистрі деген әділ қорытынды шығарғаны да бар.

А.Керенский қолына билік тиген соң бірқатар жағымды рефор­малардың да бастамашысы болды. Соның ішінде барлық саяси тұтқын­дарды қамаудан босатқан, Польша мен Финляндияның тәуелсіз­дігін таныған. Бірақ саяси ахуал­дардың, жаппай еркіндік­тің ықпалымен орын алған жүгенсіздіктер, больше­виктердің ұйымдастыруымен көшеге шыққан шерушілер, оларға солдаттар мен матростардың қосылуы, кәсіпорындар мен мекемелердегі саботаждар және соның салдарынан күннен-күнге артып бара жатқан экономикалық дағдарысты еңсеру үшін елде қатаң әскери тәртіп орнатуды талап еткен өзі тағайындаған бас қолбасшы Л.Корниловпен келіс­пей, ақыры соңғысы әскери бүлік шығарды.

Өскемен өңірінде туған, біреу­лер шешесі қазақ, біреулер қазаққа сіңіп кеткен қалмақ дейтін оның суре­тіндегі түр-түсіне қарасаң әйтеуір қазақтан аумайды. Инфан­терия­ның генералына дейін өскен осы Лавр Корнилов елде тәртіп орнатып, Ресейді большевиктердің билік басына келуінен құтқару керек, ол үшін Құрылтай жиналысы болғанша орталық билік әскерилерге беріліп, соғыс режімі орнатылсын деген талап қойған. Бірақ Керенский оның талабын орындаудан бас тар­тып, Петроградқа бағытталған әскерін қала гарнизонының күшімен және сол уақытта большевиктермен ауыз жаласып, олардың ырқын­дағы жұ­мыс­шыларға қару бергізіп, со­лар­­­д­ың қолдауымен «Кор­нилов бүлі­гін» жеңді. Алайда Л.Кор­нилов­тың есімін бүгінгі Ресей больше­виктердің өкімет басына келуін тежемек болған соңғы саяси тұлға еді деп құрметпен еске алатын болды.

Тарихта кейбір маңызды оқиға­лар қайталана береді ғой. КСРО тарайын деп, демократиялық күштер бел алып бара жатқанда да өкімет басындағы оңшылдар 1991 жылдың тамыз айында Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, империяны сақтап қалуға жанталасқан еді ғой. Бірақ осы комитеттің жеңілісінің өзі – КСРО-ның тарауын, тіпті тездетіп, өкіметтің құлауына соқтырды. Сол сияқты империяны сақтауға ұмтыл­ған «Корнилов бүлігінің» жеңілуі большевиктердің күш алып кетуіне жол ашты. Соның арқасында большевиктер қарулы төңкеріс жасап, Уақытша өкіметті құлатты. Керен­скийдің берген қаруымен большевиктер жұмысшылар арасында құрған өздерінің «Қызыл гвардиясын» күшейтіп алды. Кейбір большевиктердің (Урицкий) айтуына қарағанда, сол жолы өкі­мет олардың қолына 40 мың данадан астам винтовка берген. Сөйтіп қайтып қару­ланамыз, қайтсек қарулы жасаққа қол жеткіземіз деп алақандарына түкіріп жүр­ген большевиктер өз жақтастарын заңды жолмен қаруландырған. Өзі берген винтовканы большевиктер кейін, Қазан төңкерісін жасағанда өкіметтің өзіне қарсы атты.

Ал төңкеріске дейін олар Керенс­кий­дің Уақытша өкіметімен санасуды азайтып, өздерінің «соғыс тоқтатыл­сын, жер шаруаларға, фабрик-зауыттар жұмысшыларға берілсін» деген попу­листік ұрандарымен қалың көпшілікті қоздырып, өздеріне тарта берді. Осындай қысымдармен Керенскийдің билігі күше­йе алмады, керісінше, Корниловтың лаңы­мен біршама уақытқа ығыстырылған «қос өкіметтік» қайтадан жанданды.

1917 жылдың шілде айынан бас­тап қолдағы биліктен қайтсе де айрылмауды, кеңестерді жаппай билеп алған большевиктерді өкімет басына келтірмеуді көздеген Керенский қоғамдық құрылысты демокра­тияландыру дегенді ысырып қо­йып, дара билікті күшейтуге тырысты. Мұндайда жағдай жедел өзгеріп, оқиғалар тізбегі де қаптап кетеді ғой. Мәскеуде өткізілген мемлекет­тік кеңестің шешімімен Керен­ский тамыз айында кеңестердің ісін заңсыз деп тануға қол жеткізді. Ал елдің басқару жүйесін анықтайтын Құрылтай жиналысы қараша айында өткізіледі деп белгіленді. Осы уақытқа дейін кеңестермен санасып келген өкімет енді олардың көшбасшыларын тұтқындау туралы шешім қабылдады. Троцкийдің қамалып, Лениннің Разливке жасы­рынуына мәжбүр болғаны осы кез. Міне, осы оқиға онсыз да сыныққа сылтау іздеп жүрген боль­шев­иктер­дің қанды төңкеріске шұғыл дайындалуына жол ашты.

Төмпештеген төңкеріс

Елдегі бей-берекетсіздік, стачкалар, өнеркәсіптің құлдырауы, азық-түлік жетімсіздігі, соғыстан қашқан солдат­тардың тәртіпсіздіктері, боль­ше­виктердің көтеріліске үндейтін үгіт-насихаты – бәрі империяның астана­сын ғана емес ірі қалаларының бәрінде анархия тудырды. 25 қыр­күйекте жаңа коалициялық өкімет құрылды. Ал 29 қыркүйекте неміс­тердің флоты Моонзунд операция­сын бастап, архипелагты басып алды. Бұл Балтық теңізіндегі Санкт-Петер­бургке жақын жатқан аралдар легі еді. Немістер осы аралдарды тартып алғанда тек 381 адамын жоғалт­қан, ал орыс флоты өлгені мен тұт­қынға түскенін қоса есептегенде 20130 адамынан айрылып, тас-талқан болып жеңілді. Осы шай­қас орыс әскерлерінің І Дүние­жүзі­лік соғыстағы соңғы тұяқ серпуі болды. Большевиктер үшін бұл жеңі­ліс іздегенге сұраған болып, олар өкі­мет­ке қарсы үндеулерді қарша боратты. Оның үстіне өкімет астананы неміс­терге беріп, өздері Мәскеуге қаш­қалы жатыр деген дақпырт таратты.

Ресей империясының І Дүние­жүзілік соғыстан тезірек шығып, немістермен келіссөз жасауына большевиктер неге сонша­лықты мүдделі болды деген сұрақтардың жауабы кейін ашылды. Большевиктердің көсемдері Ленин мен Троцкийге Германия өкіметі Ресейдегі ішкі жағ­дайды барынша толқытып, соғыстан бас тартқызуға үндеу үшін А.Парвус деген алаяқ арқылы үлкен көлемде қаражат бергендігі кейін ашылды. Нақтырақ айтқанда, ол ІІ Дүниежүзі­лік соғыста амери­калықтардың қолы­на Германия СІМ архиві түскенде белгілі болды. Ал А.Керенскийдің өзі кейін, эмиграцияда жүргенде 1917 жылдың сәуірінде Франция министрі А.Том Уақытша өкіметке немістердің большевиктерді қаржыландырып жатқаны туралы ақпарат бергенін жазады. Бірақ ол қолында билік болса да сол уақытта бұған қарсы ешқандай әрекет жасамаған.

Тоғызыншы қазанда оңшыл социалистер Петроград кеңесіне астананы қорғау үшін Төңкерістің қорғаныс комитетін құру керек деген ұсыныс жасайды. Бұл қорғанысқа жұмысшылардың «Қызыл гвардия­сын» тарту керек деген сөз еді. Сондықтан, негізінен большевиктерден тұратын Петроград кеңесі бұл ұсынысты қуана қабылдап, Қор­ғаныс комитеті емес, Әскери-төңкеріс комитеті дегенді құрады. Уақыт­ша өкіметтің (ол уақытта Ди­рек­­тория деп аталған) тамыз­дағы шеші­мімен қуғындалып, көптеген жұмыс­шылар қарусыздандырылған­нан соң Ленин қайтадан өзінің жақ­тас­­тарын қаруландырып үлгереді және большевиктер партиясының 16 қазандағы кеңейтілген жиынында 25 қазанда қарулы төңкеріс жасау туралы ұсынысты бекіттіріп алады.

Большевиктердің қарауындағы Әскери-төңкеріс комитеті осы кезде барлық маңызды мекемелерге өздерінің комиссарларын таға­йын­дап, билікті біртіндеп қолға ала береді, «Правда» газеті билік боль­ше­виктердің қолында екенін ашық жаза бастайды. Шыдамы шегіне жеткен Керенский 24 қазанда «Правданы» да, Комитетті де тұтқындауға бұйрық береді.

Төңкеріске көптен дайындалған большевиктер 24 қазанның түнінде «Қызыл гвардия» мен Балтық флоты матростарының күшімен өкі­мет­тің барлық күзетшілерін қарусыз­дан­дырып, вокзалдарды, электр мен теле­граф стансаларын, поштаны және т.б. басып алады. Түн ортасы ауа Ке­рен­скийдің өкіметі орналасқан Қыс­­­­қы сарайдың жарығын өшіргенде ғана Уақытша өкімет өздерінің соңғы са­ғат­­тары жеткенін біледі. 25 қазан күні таңертең Керенский өкіметінің қарауында әйелдерден құралған 200 адам­дық батальон мен юнкерлердің 2-3 ротасы және Георгий орденінің 40 кавалерінен тұратын шағын отряд қорғаған Қысқы сарай ғана қалады.

26 қазан күні «Аврора» крейсері­нен құр дәрімен гүрс етіп атыл­ған оқ Қысқы сарайға шабуылдың басталғанын жария етеді. Кеңестердің қарауына өткен Петроград гарни­зоны­ның солдаттары мен Балтық теңізі флотының матростары және қарулы жұмысшылар отряды Антонов-Овсеенконың бастауымен Қыс­қы сарайға лап қояды. Бір сағатқа созыл­ған алғашқы шабуыл сәтсіз аяқ­­талады. Сарайды қорғаушылар өздерін оңай берілмейтіндіктерін көр­се­теді. Екінші шабуылда большевик­тер Петропавл қорғанында тұрған зеңбіректерді қолданып, олардан 35 рет снарядтар атылады. Алайда бұл жолғы шабуыл да тойтарылады.

Ал енді осы Қысқы сарайдың алынуы­ның қызық тарихы бар. Түн ортасы ауа Чудновский бастаған ақ ту көтерген парламентарийлер қор­ға­ныстағыларға қарсы жүреді. Бұлар­ды Думаның депутациясы деп қабылдаған қорғанушылар ішке кіргізгенде олармен бірге 200-дей адам кіріп кетеді. Олардың соңын ала жабылмаған қақпадан андыз­даған топ басып кіреді. Сөйтіп пар­ла­ментарийлерді атпаймыз деп ойла­ған қорғанушылар оқ шығара алмай, қапылыста қалады. Түнгі сағат 2-де Қысқы сарай тізе бүгіп, өкімет мүшелері тұтқынға алынады.

Ұзақ жылдар бойы кеңестік насихат Қысқы сарайды алудың бары­сындағы қызылдардың «ерлігін» насихаттаумен болды. Бірнеше фильмдерде, деректі жарияланымдарда бұл туралы майын тамызып жазды. Оларда большевиктердің ерлігімен қатар өрлігі, адамгершілік қырлары да мадақталды. Қаншама мың адам жараланып немесе жан бергені де айтылды. Іс жүзінде Қысқы сарайды алу барысында алты солдат пен қорғанушылар қатарынан бір әйелдің өлгені ғана белгілі. Есесіне большевиктердің тобыры патшаның сарайын аямай тонаған, үстелге қоятын алтын, күміс сервиздер, фарфор вазалар, айналар, тіпті төсек жапқыш­тарға дейін солдаттар мен матростардың қойын-қоныш­тарына тығылған. Ал әкете алмаған үлкен картиналарды, орын­тақтарды, қымбат фарфорлармен әрленген емен жәшіктерді, кітаптар мен икондарды штыктарымен тесіп, шамасы жеткенше бүлдірген.

Қысқы сарайды қорғаушылар да аз жапа шекпеген, әсіресе, әйелдер батальонының жауынгерлерін зорлау мен өлтірулерге алғашқы кезеңде ешкім қарсы тұрмаған. Қолға түскен юнкерлер мен офицерлер де түрлі мазаққа ұшырап, әбден зардап шеккен.

Міне, большевиктер өкімет басына осылай қанды жолмен келген еді. Қантөгісті болдырмай, қараша айына белгіленген Құрылтай жиналысына қатысып, онда өкіметті басқарудың демократиялық жүйесі белгіленсе, большевиктер бәлки билікке бейбіт жолмен жетер еді. Бірақ большевиктердің көсемі Ленин өз партиясының бейбіт жолмен абсолютті билікке қол жеткізе алмасын бірден болжап, осылай қанды жолмен төңкеріс жасауды дұрыс деп санаған.