• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қараша, 2017

Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты іс-шара өтті

545 рет
көрсетілді

Ненің болсын тамыры болады. Та­мыр­сыз нәрсе­нің құны жоқ. Тамырлы нәрсе – мәңгілік. Алаштың тамыры – Алтайда. Оны Мағжан Жұмабаев айтқан:

Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен, Алтайға бетегедей алтын біткен. Бейіштей алтын Алтай етегінде,

Ертеде алаш елі мекен еткен, және де ақын Алашқа де­ген ыстық ниетін мынадай жыр жолдарымен бейнелеген.

Алаш деген елім бар, Неге екенін білмеймін – Сол елімді сүйемін!

Өскемен қаласында осыдан біраз бұрын облыс әкімі Даниал Ахметовтің тіке­лей басшылық жасауымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты тамаша іс-шара өтті.

Іс-шараға Қазақстандағы Ұлыбри­та­ния елшісі – Кэро­лин Браун және Моң­ғолияның Қазақстандағы елшісі Лувсан Баттулга қатысты. Өзге де ша­қы­рылған Түркі әлемі ғалымдары өз ойларын ортаға салды. Архео­логтар: Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев біздің эрамызға дейінгі VІІ ғасырларда өмір сүрген сақ­ хан­задалары жерленген қорғандардағы зерттеу жұ­мыс­тары­ның нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды.

Баяндамашылар Алаш жұрты еш­қай­дан көшіп кел­ген жоқ, ол өз атаме­кенінде, жарасымды ғұмыр кешіп отыр­ғандарын айтты. Алтайдан өсіп-өніп алыс­қа жорықтарға шыққандар бар, олар Дунай бойындағы мадиярлар, олар Дешті-Қыпшақтар, олар Османлы түр­­кі­лері және Қара қазанға ие болып қалған – қазақ жұрты. Алты Алаштың мұрагері – Қазақ елі.

Алаш идеясы – Атамекен идеясы. Төл сана. Тарихи сана.

Алаш тарихы әріде, беріде Алаш идеясы – Абай әлемінің жаңғырығы – Ру­хани жаңғыру идеясы туралы Абай айтады:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Шоқан Уәлиханов кезінде жазған бо­латын. Патшалы Ресей қазақ хал­қы­ның тұтастығынан қауіп­теніп, оны губернияларға бөлшектеген. Орын­бор губерниясы әкімшілік аймақ болып 1744 жылы құрылған. 1868 жылы Ресей императоры Алек­сандр ІІ Батыс-Сібір әкімшілік губерниясын құрды. Оған Ақмола, Семей облыстары кірді. Осы пат­ша жарлығымен облыстар уездерге, уездер болыстықтарға, болыстықтар ауылдарға бөлінді. Сөйтіп қазақ даласында ресейлік басқару жүйесі орнықты.

Мақсат халық бірлігін іріту. Бөл­шек­теп басқару. Атамекен деген ұғымды жою.

Жаңа халық жасау. Дінді өзгерту. Тілді өзгерту.

Бөгде сананы сіңдіру.

Қазақтың өзімен-өзі болу санасын жою. Міндет – халықты адастыру. Адас­тырды.

* * *

Отаршылық мақсат орындалып, ол бірте-бірте іске аса бастады. Алдымен қазақ жерін – Ресей патшалығы меншігі деп жариялады. Қазақ атамекенінде отырып жерсіз қалды. Осы жағдайлар Алаш қозғалысына қозғау салған саяси, әлеу­меттік, қоғамдық, ұлттық факторлар. Алаш платформасы қазақ халқының мұ­ңы және үміті еді.

Теріс оқуды енгізді. Теріс оқу, теріс ойлау орныға бастады. Солдан оңға жазу – көлеңкелі жазу. Күн оң жақтан түседі. Оң жазу – ашық көлеңкесіз жазу. Сол жа­зу – санаға көлеңке түсіру. Бәрі, бәрі іске асты. Үйімізге оң аяқтан енуден қалдық. Қыз баланың орны оң жақта, дүниеден өткен жан да оң жақтан аттанады, Ата-баба сөзі оң болушы еді. Енді солақай пікір үстемдік алды.

Жалпы, әлемде жазудың үш түрі бар. Солдан оңға – бұл христиандық дүниетанымға негізделген жазу, оңнан солға – мұсылмандық дүниетанымға негізделген жазу, тік жазу – Жапония, Корея, т.б. халықтарының жазуы. Осы үш дүниетаным бір қазанда қаншама қайнаса да бірікпейді. Алаш арыстары осы жағдайды білді. Халықты жөнге салу қамына кірісті. Зиялылардың бәрі алашшылар болды.

Ахмет Байтұрсынов өркениеттік үрдіс үшін латын әліпбиі жазу үлгісін ұсынды. Бұл солдан оңға қарай жазу. Со­ны­мен қатар Ахмет Байтұрсынов оңнан солға жазу, яғни араб әліпбилік жазу­ды ұсынды. Оны қазақта «төте» жазу деп атады.

Кемеңгер Ахмет Байтұрсынов Ис­лам­нан, Құраннан ешқашан ажырамайтын қазақ халқы үшін араб әліпбиі қажет екенін түсінген.

* * *

Алаш – Абай әлемінің жаңғырығы туралы қазақ елі Әнұраны авторының бірі, тамаша ақын Жұмекен Нәжімеденов былай деп еді.

Абай деп аталыпты әлгі мықтың Көп уақыт сырын іздеп жаңғырықтың. Дән теріп даласынан дана ақылдың Қабына салып кетті мәңгіліктің.

Керемет айтылған! Абай мықты, неге мықты, ол көп уақыт Жаңғырықтың сырын іздеген. Жаңғырық әлемнің әсем, үйлесімді рефлексиясы. Әлем өзінің барлығын жаңғырық арқылы білдірген. Жаңғырық, бәлкім Жаратушының құдіреті, үні. Не жаңғырады? Жақсылық, ізгілік, игілік жаңғырады.

Қазақ әлемін жаңғыртушылар – Абай мұрасын негізге алған Алаш арыстары. Алашшылар – қазақ елін мәңгілік ел қатарына қосу ниетінде болған тұлғалар. Ақын Жұмекен айтқан: «Дән теріп даласынан дана ақылдың, қабына салып кетті мәңгіліктің», деп. Ақын Жұмекен тағы бірде айтқандай, «Қазақ халқы жер бетінде болса, Абайдың да болғаны». Мәңгілік деген осы емес пе? «Қазақ елі – мәңгілік», деп жүрген ойымыздың бір түйірін Жұмекеңнің осы өлең шумағынан тауып отырмыз. Қадірлі қауым! Ол бұл өлеңді ХХ ғасырдың 70-ші жылдары жазған.

* * *

Абайды таныған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1909 жылы Санкт-Петербургте ақынның өлеңдер жинағын шығарушының бірі.

Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп мақала жазған Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов. Абайға «Алтын хакім» деп өлең жазған Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев. «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деп баға берген Алаш азаматы Құдайберген Жұбанов. Абайды хакім, ұстаз тұтқан Алаш ақыны Шәкәрім.

Еттен сүйекті айыруға болмайды. Алаш – Абай әлемінің жаңғырығы. Алаш идеясының ұрығы Абай әлемінде өсіп-жетілген.

Алаштың тарихи тамырына келсек, ол Алтайдан туған ел болу идеясы. Осы идеяны ХХ ғ. басында қазақ зиялылары бір кісідей көтерді.

Әттең, Абай ғұмыры қысқа болды. Ол ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына жеткенде, Алаш идеясы одан әрі құнарлы болар еді деймін.

* * *

Алаш идеясы – жаңғыру идеясы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жетекші ой – жаңғыру идеясы. Жаңғыру түрлері көп. Өзге тілдер, мәдениеттер негізінде жаңғыру бар. Ол адасу. Адаспау үшін тамырдан жаңғыру керек. Мақалада осылай айтылған.

Тамырымыз Алтай, ол – Атамекен. Алаш елі Алтайда өсіп-өнген. Алаш дегеніміз – қазақ елі, Қазақстан Республикасы, тілі – қазақ, діні – ислам, тегі – түрік. Міне, жаңғырудың негізгі мәдени-тарихи өрістері.

Алаш идеясы Абай әлемінің жаңғыруы. Бұл біртұтас мәдени-тарихи кеңістік. Ол кеңістік Сақ ханзадасы Анахарсистен, түрік ғұламалары дана Қорқыттан, философ әл-Фарабиден, Жүсіп Баласағұннан, Қожа Ахмет Ясауидан, нәр алып, хакім Абайға жеткен. Ол рухани жаңғырудың мәдени-тарихи кеңістігі.

* * *

Сөздің соңында айтарым, Алаш идеясының мың жылдық тарихы бар. Ол қазақ елінің, Ұлы Даланың рухани өлшемі, дүниетанымы, философиясы және асыл мұрасы. Ол келер ұрпаққа жеткізетін баға жетпес қазынамыз, біздің уақыт алдындағы парызымыз!

Ғарифолла ЕСІМ, академик, жазушы, қоғам қайраткері