Адамзат қоғамында ішіндегі мұңын, сырын, шынын жұртқа жеткізе алмай, не қажетті екенін, неге мұқтаж екенін айта алмай, қолдарымен сөйлеп, онысын біреу ұқса, біреу ұқпай құса болатын, соның кесірінен жүйкесі әбден жұқарып, тез ашуланғыш болатын жандар тобы да арамызда жүр. Мұндай адамдардың көбісі – туабітті саңыраулар. Мұндай кәріптерді толық емдеп шығуға қазіргі медицина әлі күнге қауқарсыз. Сондықтан олар ешқандай үмітсіз, өмір-бақи мүгедек болып өтуге мәжбүр жандар. Бірақ олар да өмір үшін күресіп, өмірден өзіне тиесілі үлесін алуға тырысады, өйткені, олардың тілі болмағанымен, басқа дүниесі сау болып келеді және басқа адамға қажетті дүниелерге олар да мұқтаж.
Қазақстандағы Саңыраулар қоғамы 1937 жылы құрылды. Алдымыздағы жылы оның құрылғанына 75 жыл толғалы отыр. Қазір қоғам мемлекеттен ешқандай қаражаттық көмек алмай, өзін-өзі қаржыландырып келеді. Ол мүгедек жандардың басын біріктіріп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, сонымен қатар, оларды пайдалы еңбекке тартып, өмірге қызу араластырумен айналысуда.
Алғашында қоғамда өндірістік база болмағандықтан, оларды фотографтық, шаштараздық, сондай-ақ аяқ киім тігушілік сияқты кәсіпкерлік артельдеріне ұйымдастырып, еңбекке баулыды. Артынан артельдер түрлі өнімдер шығарумен айналысатын оқу-өндірістік кәсіпорындарына айналды. Бүгінгі күні Қазақстан Саңыраулар қоғамының осындай 18 оқу-өндірістік кәсіпорны Астана мен Алматы қалаларында, еліміздің барлық облыс орталықтарында бар.
Енді қоғамның бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтейін. Қазақстан Саңыраулар қоғамының әрекеттері республика аумағымен ғана шектелмей, шетелдік әріптестерімен де тығыз байланыста болып отыр. 1997 жылдан бері біздің қоғамымыз Дүниежүзілік саңыраулар федерациясына толық мүше болып енді. Сонымен бірге, осы ұйымның Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтық хатшылығына мүше болып сайландық.
Бүгінгі күні біздің қоғамымызда 15 мыңнан артық мүше бар. Еңбекке ұйымдастырып, жұмыспен қамтумен қатар, біз олардың арасында өнер сайыстарын да ұйымдастыруды қолға алып келеміз. Соның ішінде өнердің би, клоунада және ыммен өлең айту түрлерінен республикалық байқаулар өткізіледі. А.Никулин, Н.Қаратаева, Ә.Меңдібаев деген өнерпаздарымыз халықаралық байқауларға да қатысып, жүлделі орындар алып келді. Өз арамызда оларды ынталандыру мақсатымен құрметті атақ та тағайындағанбыз. Бүгінге дейін 40-тан астам өнерпазымыз «Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі» деген сол атаққа ие болды. Рухани өмір мен денсаулық сақтаудың бір парасы спорт болса, саңыраулар қоғамы бұл істен де шет қалмай келеді. Бүгінге дейін біздің арамыздан 3 еңбек сіңірген спорт шебері, 30 спорт шебері, 16 спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған азаматтар шықты. Олар негізінен үстел теннисі, шахмат, жеңіл атлетика түрлері бойынша осы атақтарға қол жеткізді.
Қоғам Т.Төлеуішов, А.Уткина, В.Верещагин, ағайынды Құсайыновтар секілді суретшілерімен де мақтана алады. Олардың қылқалам туындылары еліміздегі ғана емес, халықаралық көрмелерге де қатысып, байқауларда жүлделі орындар алды. Осы аталған суретшілердің бәрі де Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Қоғамның көптеген мүшелері талмай талаптануының арқасында экономист, заңгер мамандықтарын да алған, сондай-ақ қызмет көрсету саласында технолог, шаштараз сияқты кәсіптерді меңгерген. Бүгінгі таңда қоғам мүшесі болып табылатын 355 мүгедек жоо және орта арнаулы оқу орындарында мамандық алу үшін оқып жүр. Әрине, сау адамдардың өзі мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жатқанда, мүгедек жандардың жұмысқа орналасуы оңай емес, бүгінгі таңда 500-дей адам өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұра алмай жүр.
Осы жерде проблемаларымызды да айта кетудің реті келіп тұр. Бізде құрылыс жұмыстарымен айналысатын да жандар болған еді. Бірақ өкіметтің ондай жандарды құрылыс жұмыстарынан шеттету туралы қаулысы шығып, сылақшы, бояушы сияқты жұмыстар атқарып жүрген 200-ден артық адамдарымыз қазір жұмыссыз қалды. Бұрын кәсіподақ ұйымының шешімімен рұқсат етіліп, жылдар бойы осындай жұмыстарға жарап келген саңырау жандар енді неге аяқ астынан «жарамсыз» болып қалғанына қоғам мүшелері қатты налулы. Бұл мүгедек жандардың құқықтарын шектеу болып табылатынын ешкімге түсіндіре алмай-ақ қойдық. Бәрінің айтатыны – мүгедектігі жөнінде әлеуметтік жәрдемақы алады ғой, ал қиын жұмысқа ондай адамдарды алуға болмайды деседі. Рас, саңырау жандардың бәрі ІІІ топтағы мүгедек ретінде жәрдемақы алады, бірақ ол мүлде аз болғандықтан, тамағын асырауға да толық жетпейді. Ал тұрғын үй алуына еш мүмкіншілік бермейді. Саңыраулар – тұрғын үймен қамтамасыз етілуге тиісті әлеуметтік қорғалуға жатпайтын топ. Көптеген дамыған елдерде бұл мәселе толық шешілген. Көршіміз Ресей Федерациясы да осы мәселені шешу үстінде. Бізде де осыны қолға алатын мезгіл жетті.
Бұрын біздің қоғам мемлекеттік тапсырыстың тендерлеріне жеңілдетілген талаппен қатысып, көптеген өнімдерді шығаруға мүмкіндік алатын еді. Соның арқасында, әсіресе, «Қазақстан темір жолы» компаниясына қажетті ақ жамылғылар, қызметтік киімдер, т.б. шығаруға еркін қол жеткізіп, адамдарымызды жұмыспен қамтитынбыз. Қазір, ұлттық компаниялардың бәрі «Самұрық-Қазына» ҰӘК-ке біріктірілгеннен бері біз үшін берілетін ондай жеңілдік алынып тасталды. Соның кесірінен тапсырыс лоттарын ұтудан қалдық.
Соның өзінде біздің кәсіпорындарымыз нарықтың қыспақтарына төтеп беріп, өздігінше күн кешіп жатыр. Қаланың ішін әрлеу, көгалдандыру жұмыстарына да қатысып қояды. Сұранысқа ие болып тұрған өнімдер шығаруға да талпынудамыз. Мәселен, Астанадағы бір кәсіпорнымыз Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақтың киіз үйлерін жасауды қолға алып жатыр. Үй жиһаздарын шығаруды бастаған кәсіпорындарымыз да бар.
Осы күні шығаратын өнімдеріміздің қаржылай көлемі 1,5 млрд. теңгеге жетіп отыр. Егер Үкімет тарапынан қолдау болса, біздің мүмкіншіліктеріміз бұдан әлдеқайда зор болар еді. Өкінішке қарай, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша басқа мамандық алуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік қарастырылмаған. Біз өзіміздің оқу-өндірістік базаларымызда мамандық береміз, бірақ соларды жұмысқа орналастыру қиынға соғады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға берілетін жеңілдетілген несиелер де біз үшін жоқ.
Әрине, біздің елімізде мемлекеттік бюджет есебінен есту аппараттары, компьютерлер мен факстар секілді дүниелер тегін беріліп тұрады. Өндірістерімізге салықтан жеңілдік қарастырылған. Бірақ бұл көмектер жетімсіздеу екенін айта кетуге тиіспіз. Бізді әлеуметтік жағынан қолдау міндеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген. Бірақ, өкініштісі сол, оларда біздің ішкі жағдайымызды білетін және қорғайтын бірде-бір маман жоқ. Сондықтан да біздің қоғамның мұңы Үкіметке жете бермейді.
25 қыркүйекте халықаралық саңыраулар күні атап өтілді. Өзіміздің тікелей мерекемізге біз де өздігімізше дайындық жүргіздік. 18 – 22 қыркүйек аралығында Өскеменде шағын футболдан республикалық жарыс өтті. Ал 27 қыркүйекте Астанада ыммен сөйлеуші аудармашылар арасында байқау ұйымдастырылды. Біз алдағы уақытта ыммен аудару жұмыстарын бір тәртіпке келтіруді қолға аламыз. Оған біздің салалық министрліктер тарапынан тиісті көмектер жасалатын болды. Міне, біздің қоғамның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі осындай.
Тезекбай ИСАЙ, Қазақ саңыраулар қоғамының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.