Қырғызстанның жаңа сайланған президенті Алмазбек Атамбаев 2014 жылы Манастағы америкалық авиабазаның жабылатынын, келісім-шарттың ұзартылмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Әскери базаның терроршылар үшін нысанаға айналуы мүмкін деп түсіндірген ол өз ойын. Ал АҚШ болса, мұндай шешімге дайын болатын – ол көптен бері Орталық Азияда қосалқы әуежай іздестіруде. Жексенбі күні сайланған Қырғызстан президенті Манас әуежайындағы америкалық транзиттік тасымалдар орталығының таяуда жабылатынын хабарлады. Біздің әуежай азаматтық, сондықтан ол азаматтық істермен айналысуға тиіс, деп атап көрсеткен ол.
Топан су тудырған қарбалас
Тайланд астанасы Бангкогтің орталық кварталдары Чаопрая өзеніндегі судың көтерілуіне байланысты су астында қалды.
Елде соңғы 50 жылда орын алған өте күшті топан су зардаптарымен күрес жалғасуда. Қаланың су басқан аудандарынан халықтың жаппай қашуы орасан кептелістер мен қарбаластар туындатты. Қаладағы маңызы жағынан екінші саналатын Дон Муэанг әуежайын су басып кетті. Әзірге Бангкогтың халықаралық әуежайы жұмыс істеп тұр, бірақ ол да Тайланд астанасынан кетуге асыққан халыққа сықасып тұр.
Каддафи қару-жарақтары жойылуға тиіс
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ливияны Муаммар Каддафи режімінің қару-жарақ мұрасын тез арада жоюға шақыруда.
Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің пікірінше, бірінші кезекте көшпелі зенитті зымыран кешендері мен химиялық қарулар қорын залалсыздандыру қажет. Өйткені, қарудың мұндай түрлері өте үлкен қатер тудырады. Террорлық ұйымдардың қолына түскен жағдайда олардың кең ауқымды террорлық актілер жасау үшін пайдаланылуы әбден мүмкін.
Орыс тілінің мәртебесі анықталуда
1 қарашадан бастап Латвия аумағында 612, одан тысқары жерлерде 39 сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастады.
Олар арқылы ел конституцияның 5-бабына өзгерістер енгізуді және оған орыс тілі екінші мемлекеттік тіл ретіндегі ережені қосуды қарастыратын «Латвия Республикасы конституциясына түзетулер» жөніндегі заң жобасына қолдау білдіруге болады. Сайлау учаскелері күніне 4 сағаттан 30 күн бойы жұмыс істемекші. Осы шараға 435 мың лат (613 мың еуродай) қажет көрінеді.
Қарым-қатынасты жақсартуға шақырды
АҚШ Түркияны өзінің көршілерімен, оның ішінде Израильмен жақсы қарым-қатынастарда болуға шақырды.
Бұл туралы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон 2 қараша күні болатын Анкараға сапары алдында мәлімдеме жасаған. Бізді Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынастардың нашарлауы алаңдатып отыр. Вашингтон екі тараптың маңызды қарым-қатынастарды бұрынғы деңгейге қайтаруға шақыруын одан әрі жалғастыруда, деп атап көрсеткен Клинтон өз мәлімдемесінде.
Полиция бастығы отставкаға кетті
Армения полициясының бастығы Алик Саргсян отставкаға жіберілді.
Осыған дейін де Саргсянның отставкаға кеткені туралы қауесеттер таратылған болатын, енді оны ол өзі растап отыр. Өзінің отставкаға кететіндігін салқынқандылықпен қабылдаған Саргсян мұның қалыпты жағдай екенін, өзінің алда да еліне қызмет ете беретінін жеткізген. Сонымен бірге, ол өзінің қызметтен кетуіне қанағаттанғысыз жұмыс себеп болды деп есептемейді.
Референдумнан қауіп үлкен
Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреудің елге көмек бағдарламасы туралы мәселені жалпыхалықтық референдумға шығару туралы мәлімдемесінен кейін еуроаймақтың кезекті дағдарысқа ұшырауы мүмкін.
Папандреу өз шешімін халықаралық кредиторлар талап етіп отырған бюджет шығындарын қысқарту және құрылымдық реформалар жүргізу үшін жұртшылықтың неғұрлым кеңірек қолдауына ие болу тілегімен байланыстырып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, халықтың құтқару бағдарламасына қарсы болуына байланысты референдумның көптеген проблемалар туындатуы мүмкін.
Каддафиді жақтаймын деп жақпады
Немістің «Telefonika» телекоммуникациялық концерні белгілі актриса Ванесса Хесслермен арадағы келісім-шартты бұзды.
Оған Ванессаның Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің қаза тапқан ұлы Муттасим Каддафимен жақын қарым-қатынаста болуы себепкер болып отыр. 23 жасар актриса «Diva e Donna» журналына берген сұхбатында Муттасим Каддафимен 4 жыл бойы кездесіп келгенін айтып, Муттасим мен оның отбасы туралы өте жылы лебіздер білдірген. Ол Каддафилер отбасының олар туралы айтып, жазып жатқандарға мүлде ұқсамайтынын атап көрсеткен.
Зардап шегушілер көбейе түсуде
2011 жылдың наурызынан бері Сириядағы үкіметке қарсы ереуілдер салдарынан 4 135 адам зардап шеккен.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, тек соңғы екі айда ғана елдің қауіпсіздік күштерімен арадағы қақтығыстан 1 мыңнан астам адам қаза тапқан. Олар келтірген мәліметке қарағанда, қаза тапқандар арасында 265 бала мен 400-ден астам әскери қызметшілер бар көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.