Ел тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай өткізіліп жатқан шаралар тізбегі тағы бір азаматтың көрмесімен толықты. Президенттік мәдениет орталығының «Қасиет» залында суретші, режиссер, тележурналист Жанұзақ Мүсәпірдің жеке көрмесі ашылды.
Ол еліміздегі бірнеше телеарналарда сүбелі хабарлар жасап, қазақ теледидарының өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген азамат. Атап айтсақ, «Рахат» телеарнасында «Ойтолқын», «Ел мүддесі» және «Інжу-маржан», ал «Хабар» арнасында тікелей эфирден берілетін «Көзқарас» бағдарламалары арқылы қазақ халқының зиялы қауымы, ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы мен ғұмырнамасы туралы тереңнен тартқан хабарлар жасап, ел руханиятына үлкен үлес қосса, режиссер ретінде арғы тарихтағы Құрманғазы, Дина, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл туралы түсірген шоқтығы биік дүниелері өз көрерменін таба білді.
Сондай-ақ, Жанұзақ Керімбекұлының Махамбеттің туылғанына 200 жыл толу құрметіне арнайы түсірілген 8 деректі фильмінен өз ісінің кәнігі шеберінің қолтаңбасын көруге болады. Қазақтың белгілі күйшісі Қаршыға Ахмедияровпен бірге шығармашылық ізденістен туған осы фильмдер «Махамбет» атындағы сыйлықпен марапатталды.
Бүгінде Жанұзақ Мүсәпір «Қазақстан» РТРК» АҚ ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры ретінде тәуелсіз Қазақстанымыздың саяси-экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өмірінде болып жатқан оқиғаларды көпшілікке жеткізу жолында абыроймен еңбек етуде. Оның суретшілік қыры да ұзақ жылдар бойы өнерсүйер қауым мен кәсіби ортада жоғарғы бағаға ие болып келеді. Жанұзақ Керімбекұлының бейнелеу өнеріндегі туындылары 100-ден асады десек, көрмеге «Әкем», «Дастархан натюрморты», «Хан Тәңірі», «Балықшы», «Көкпар», «Қобыз сарыны» т.б. жұмыстары қойылған. «Хабар», «Рахат» телеарналарында қызмет еткен ол көпке журналист ретінде танымал болса да, көрмеде суретшілігі бір төбе екендігі байқалды. Осылайша көпшілік көрме арқылы журналисті жаңа қырынан таныды.
– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланайын деп жатқан кезде әрбір қазақ, қазақстандық қарап қалмау керек. Бұл суреттерім соңғы жылдарда жазылған жұмыстар. Бұрын жазылған жұмыстар өте аз, 1-2 картина ғана бар. Сондықтан да бәрі бүгінгі күннің көрінісі деп айтуға болады, дейді ол өз көрмесі хақында.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.