• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2011

Беріктік бастауы

623 рет
көрсетілді

Жамбыл цемент зауыты осы саладағы ең үлкен кәсіпорын

  Экологиялық  зиянсыз өндіріс – табыс көзі «Jambyl Cement» зауы­ты 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индус­триялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдар­ламасы шең­беріндегі ел­і­міз­дің жиынтық индус­триал­ды картасының ба­сым бағыттағы жобалары­ның бірі болып табылады. Экономикалық тұрғыда ма­ңызды нысандардың қа­тары­на кіретін бұл алып зауыт­тың құрылысы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың, сондай-ақ,  ел үкі­метінің бақы­лауын­да. Зауыт қазіргі заманға сай, арнайы жасалған жаб­дық­тар­мен жарақтанған.  Сон­дық­тан «Jambyl Ce­ment» зауы­тын – Қазақ­стан­ның бүкіл цемент өнер­кәсібі үшін алға қарай басқан үл­кен қадам деп есептеуге болады. Егер бүгінгі қазақ елін үлкен құрылыс алаңына теңесек, онда сол құ­ры­лыс алаңындағы мамандар үшін ең керекті заттың бірі – сапалы цемент екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Мо­йын­құм ауданынан еңсе көтер­ген алып зауыт өз өнімдерін Астана, Алма­ты, Балқаш ТЭЦ-і, «Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай» ав­то­жолы сияқты еліміздегі жә­не шетелдердегі тағы бас­қа да көптеген құры­лыс ны­сандарына жө­нел­ту­де. Цементке тапсырыс берушілердің талап-ті­лектерін қа­на­ғат­­­тан­дыру үшін өнім түр­лерін көбейту бары­сын­да көп­теген жұмыстар ат­қарылып отыр. Өйткені «Жам­был цемент өндіру компа­ния­сы» мен «Мыңарал Тас Ком­па­ниясы» ЖШС-лары іске қосқан бұл өндіріс ошағында шикі­затты өндіруден бастап, экологиялық әсері жағынан зиянсыз жоғары сапалы құр­ғақ цемент шығару және оны тұтыну­шыларға жөнел­туге дейінгі барлық жұмыстар қам­тылған. Еліміздегі бұл үлкен жо­ба­­ның жалпы құны 40 миллиард теңге, ал өнер­кәсіп­тің қуатты­лығы жылына 1200 тонна жо­ғары сапалы цемент өнді­руге жетеді. Зауыт өткен жылы, яғни тәуелсіздік күні қар­саңын­да толық қуатында іске қосыл­ды. Содан бергі уақыт­тың ішінде мыңдаған тоннадан астам  цемент шы­ғарыл­ды. Маман­дардың есебінше, зауыт­тың бір жылдық өні­мі­­нің құны 10 миллиард теңгені құрайды. Ал бұл то­лағай та­быс еліміздің және облыс эко­номикасын көтеру үшін қо­сылған үлкен үлес болып та­бы­лады. Осы күні әр өңір­ден телефон шалып, зауыт өнім­дерінің сапасын мақтап, тап­сырыс беру үшін қайда хабарласу керек екенін сұраған адам­дардың жылы лебізіне кәдімгідей қуанып қаламыз. Әрине, Мойынқұм ауда­ны тұрғындарының, оның ішінде мыңаралдықтардың да қу­а­ныш­тарында шек жоқ. Неге десеңіз, ин­дустриялық-инно­ва­циялық жобалармен бірге, алыс­тағы  ауылға мә­де­­ниет­тің жемісі де бірге келді. Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі.   Дерек пен дәйек «Jambyl Cement» әктас және сазды тақтатас ірі кен орындары секілді күшті шикізат базасына ие. Зауыттың карьерлері оған өте жақын ор­наласқан. Осының арқасында шикі­зат­тың үздіксіз жеткізілімі қамтамасыз етіледі. Кен орын­дары жыныстың жоғары сапасы­мен ерекшеленеді, бұл, әсіресе, жоғары сапалы цементтің өндірісі үшін аса маңызды. *** Өндірістің жоғары өнімділігі мен технологиясы орасан маңызға ие. Шикі­затты өндіру бұрғылау мен жару жұ­мыс­тарын қолдану арқылы, ең жаңа және арнайы техниканың көмегімен жүргізіледі.  *** Ұсақталғаннан кейін шикізат карьерден ұзындығы 3 км. ленталық конвейер арқылы жеткізіледі. Зауытқа күнделік­ті клинкер мен цемент өндірісі үшін қа­жет­ті 7000 тоннаға дейінгі сапалы шикізат жеткізіледі. ***   «Jambyl Cement» шикізат өндіруді шек қоюсыз ұзарту құқығы бар 25 жыл бойы жер қойнауын пайдалану туралы бекітілген келісім-шарттың негізінде жү­зеге асырады. Мамандардың баға­лауы бойынша шикізат қорлары 100 жыл­дан астам уақытқа жетуі тиіс.   *** Өндірісте қоршаған ортаны қорғау бойынша алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілген және ол белсенді түрде қолданылады. Бұл ең жоғары стан­дарттарға сай болуға мүмкіндік береді. *** Зауыт өнімдері міндетті мемлекеттік сертификаттаудан өткен. Оның өнім­дері­нің сипаттамалары ел норма­ларына толық сәйкестігі расталған. *** Цемент секілді маңызды құрылыс материалы аса қажетті болып табы­ла­тын қалаларда өкілдіктер ашылған. Олар цементті тікелей өз терминал­дарынан тиейді.    Серіктестер  сенімді  ақтады “Jambyl Cement” – елімізде ең бірінші болып құрылған біріккен Қазақстан-Фран­цуз цемент зауыты. Бұл құрғақ тәсілмен өндіру технологиясы бойынша жұмыс істейтін еліміздегі алып зауыт. Өндірістік қуаты жылына 1,2 миллион тонна цементті құрайды, бұл қазақстандық нарықтың жыл сайын өсіп келе жатқан мұқтажын толық өтеуге мүмкіндік береді. Серіктестеріміз де осалдардан емес. Мысалы, Vicat тобы Францияның цемент, бетон және қиыршық тас өндіру бойынша жетекші компаниясы болып табылады. Ком­паниялар тобының 11 елде 15 цемент зауы­ты, 241 бетон зауыты және 75 карьері бар. 2010 жылғы деректердің өзі цемент зауыт­тарының жалпы өндірістік қуаты жылына 27 млн. тоннаны құрағанын көрсетеді. Әдетте, адамдар цемент туралы жиі естігенімен және оны күнделікті құрылыс жұ­мы­сына пайдаланғанымен, осы бір берік ма­териалды ойлап тапқан адам жайлы біле бермейді. Сонау 1817 жылы жас инженер Луи Вика цемент қоспасын алу үшін бас­қаруға және ұдайы өндіруге болатын дәл техниканы қолдана отырып, әктас пен  кремнеземнің қажетті пропор­циясын тапты. Бірақ, ол өз өнертабысын патенттемеген және оның құрамы мен өндіру тәсілін көпшіліктен жасырмаған. Сөйтіп, цемент деп аталатын құрылыс материалы алғаш рет бүкіл адамзат игілігіне ұсынылды. Кейін келе өнертапқыш әкенің ісін ұлы Жозеф жалғастырып, 1853 жылы Vicat компа­ния­сын құрды. Қуанышқа орай, содан бері 150 жылдан астам уақыт өтсе де бұл компания рыноктағы жетекші орнын жоғалтқан емес. Ал «Home Broker» АҚ – тікелей инвестициялар рыногында 2003 жылдың тамызы­нан бері жұмыс істейтін елдегі ірі инвести­циялық компаниялардың бірі. Сон­дай-ақ, халықаралық қаржы корпора­циясы жеке меншік сектордағы страте­гия­лық жобалар­ды инвестиция­лайтын Бүкіл­әлемдік банк тобы ұйымдарының бірі болып табылады. “Jambyl Cement” зауытының артықшы­лығы неде? Біріншіден, біз цементті өн­діруші ретінде тікелей тасымалдардың қо­мақты көлемін делдалдарсыз және аралық үстеме бағасыз қамтамасыз ете аламыз. Екіншіден, жоғары сапа. Яғни, өндірілетін цементтің сапасы Қазақстан және Еуропа стандарттарына толық жауап береді. Цемент сапасының қатаң сақталуы ең жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханада тексеріліп отырады. Үшіншіден, логистика. Мысалы, меншікті темір жол паркі цементті Қазақстанның кез келген жеріне жеткізу мәселесін жедел әрі ешқандай кедергісіз шешуге мүмкіндік береді. Тапсы­рыс берушілер қажетті цемент түрлерін қалаған көлемінде сатып ала алады. Біздің қызметкерлеріміз бен жұмыс­шыларымыз білімі мен біліктіліктерін де үнемі жетілдіріп отырады. Сондай-ақ, компаниялар тобына кіретін кәсіпорындардың кеңесшілері тәжірибе алмасу үшін жиі келіп тұрады. Өйткені, қызметкерлерге қамқор­лық жасау – тұрақты және жоғары деңгей­дегі жұмыс кепілі. Айбар САРҒАСҚАЕВ, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС бас директоры.   Маң даланың мақтанышы Кереметтің бәрі, әрине, тәуелсіздіктің ар­қа­сы. Мәселен, индустрия игілігі қазір алыстағы ауылдарға да жеткен. Мойынқұм ауданындағы біздің Мыңарал ауылын алайық. Бұрын ол Балқаш көлі мен темір жол бекетінен басқа «алданышы» жоқ алақандай ғана ауыл еді. Енді, міне, осы маңнан үлкен өндіріс орнының жұмыс бастал­ғалы бері ауыл адамдарының бойынан жаңа тыныс-тіршілікке деген құлшыныс байқала бастады. Ауылдағы жұмыссыз жүрген жастар мен жасамыстар еуропалық технологиямен жаб­дық­талған алып зауытқа барып, жұмысқа орналасып жатыр. Зауыт басшыларының айтуынша, болашақта мұнда тек қана ауыл тұрғындары арасынан шыққан білікті мамандар шоғырланбақ. Ал оларды оқыту, біліктілік тәжірибесінен өткізу өнеркәсіп қо­жайын­дарының мойнындағы шаруа.  Өйт­кені, компания өз қызметкерлерінің еңбегі мен өмірі үшін барынша жағдай жасауға мүдделі. Сондықтан Мыңарал ауылындағы мектеп қайта жөнделді. Зауытқа жақын жерден, яғни Балқаш көлінің жағалауынан қала­шық салынды. Ол инфра­құрылым­дармен жабдықталған. Талғат ҚАШҚЫНБЕКОВ, Мыңарал ауылдық округінің әкімі.   «Jambyl cement» туралы не білеміз? 1. Портландцемент (ПЦ400 Д20) деген не? Ол - беріктігімен және икемділігімен ерекшеленетін, сондай-ақ аязға және ылғалға төзімді қасиеттерге ие әмбебап цемент маркасы. 2. «ПЦ500 Д0» ше? Мұндай цементтен жасалған өнімдер аса берік болады. Температура ауыт­қуларына, су мен коррозияның әсеріне төзімді, ұзақ қызмет етеді. Бұл құрылыс­тағы ең танымал цемент маркасы.   Қызмет көрсетуге өте қолайлы «Jambyl Cement» зауыты Мойынқұм ауданының Мыңарал кентінде орналас­қан.  Оған Алматы – Астана автожолы жақын қашық­тық­та жатыр. Ал бірнеше километрде Мыңарал темір жол стансасы орналасқан. Сондықтан өндірілген өнімдерді еліміздің кез келген өңіріне жеткізу еш қиын­дық туғызбайды.  Өйт­кені, зауыт ҚТЖ желісіне қосыл­ған меншікті темір жол тер­миналымен жабдықтал­ған. Меншікті темір жол паркі цементті зауыт қақ­па­сынан бастап, Қазақстанның кез келген өңіріне дейін тура жеткізуге мүмкіндік береді. Зауытта цементті сатып алу­шының көлігіне тиеу жұ­мысы да жүзеге асыры­лады. Тиеу тәсілдері тап­сырыс беру­шінің қалауы бо­йын­ша орындалады. Мы­салы, вагондарға, жа­бық жүк көліктері мен цемент та­сы­ғыш көліктерге, сон­дай-ақ  қаптармен және биг бэгтермен тиеледі. Жолдас БҰҚАРБАЕВ, менеджер.   Тиімді тәсіл Зауыт цементті құрғақ тәсілмен өндіру технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл дымқыл тәсілмен салыс­тыр­ғанда, технологиялық желі­лер­дің өнімділігін арттыруға және зиянды қалдықтардың мөл­шерін бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл осы уақытқа дейін дымқыл тәсіл басым болып келген Қазақстан үшін шынында да жаңа ин­новациялық қадам. «Jambyl Cement» зауыты экологиялық қауіпсіздік жө­нін­дегі мемлекеттік нормалар мен талаптарға да толықтай жауап береді. Өндіріс кез келген зиянды қалдықтарды азай­туға арналған 4 сатылы ин­теграцияланған басқаруы бар күшті электростатикалық шаң ұстағыштармен жабдық­талған. Зауытта қолданылатын өн­діру­дің құрғақ тәсілі, сондай-ақ, қосымша тазарту жаб­дықтары зиянды қалдықтар­дың мөлшерін барынша азай­туға мүмкіндік береді. Нұрбол МҰСАТАЕВ, бригадир. Беттердегі материалдарды дайындаған Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.