• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2011

Шиелінің шырқаған шағы

918 рет
көрсетілді

Шиелі шығысында алты Алашқа әй­гілі астанамыз Сығанақ, белгілі Бестам қаласы орын тепкен, оңтүстігінде – Қы­зылқұм, ортасында – Сырдың суы мен нуы, теріскейінде қарт Қаратау, әрі қарай Жезқаз­ған­ға, Арқаға жол тартатын Бет­пақ­даламен шектесетін қазыналы өлке. Сұлу Сырдың сулы да нулы аймағы – Шиелі. Күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд жасалған жер. Жаздың қызуы мол күнінен нәр ала­тын алтын аймақ, қой­науы құтты мекен. Күріштің күміс дәнін ардақтап, салмақтап қана қоймайды, мың­ғыртып мал да өсі­реді, бау-бақша, жеміс-жидек егеді. Биыл да барлығы 23 967 гектар алқапқа түрлі ауылша­руа­шы­лық дақылдары орналасты­рылып, егінді шашпай-төкпей жинап алу науқаны та­бысты аяқталды, күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім алынды. Шиелі жерінен жиналған күріш, қауын-қарбыз, жеміс-жидектер Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Байқоңыр өңірлеріне жеткізіліп, ел ырысына айналған. Бүгінгі Шиелі – төскейде төрт түлігі, алқапта ақ маржаны өскен өңір ғана емес, өндірісі дамып, өнеркәсібі де өркендеген өлке. Өнеркәсіп өндірісі бүгінгі күнге 15 миллиард 776 миллион теңгенің өнімін өндірді. Осыдан бірер жыл бұрын аудан бюджеті 3 млрд. теңге болса, биыл ол бюд­жеті 7 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында соңғы 3 жылда аудан­ға бюджеттен тыс көздерден 2,5 миллиард теңге қаржы тартылып, жаңадан мектеп, балабақша, стадион, спорт алаңдары, мүм­кіндігі шектеулі балаларға арналған интернат салынды, көше жолдары күр­­делі жөндеуден өткізіліп, жарықтан­ды­рылды. Елімізде жүзеге асырылып жатқан ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­­дар­­ла­масына өңірімізден енгізілген өндіріс­тер бар. «Алтын бала-08» ЖШС құрақ қамыс жаңқасынан тақтай құрылыс мате­риалдарын шығарады, «MKS Company» ЖШС химиялық заттарды сақтау және жөнелту орталығы, «Шиелі тас-Оңтүс­тік» ЖШС және қиыршық тас шығаратын «Казвернал» ЖШС зауыттары іске қо­сыл­­ды. Уран, алтын, ваннадий, әк, тұз, қиыр­шық тас осы өңірдің табиғи қазба бай­лықтары. Биылғы жылдың тоғыз ай­ын­да шағын кәсіпкерліктің 2 702 субъек­тісі тіркеліп, 5 320 адам жұмыспен қамтылды. Осы жылы Шиелі кентінде 1 200 ор­ын­ды және 600 орынды екі мектеп, Би­дайкөл және Нартай ауылдарында 600 орынды мектеп, Ботабай ауылында 200 орынды мектеп, жалпы алғанда құрылыс құны 5,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Былтыр­ғы жылы 8 ауылда жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын ауыз су жүйелерінің құрылысы басталды, келесі жылы іске қосылады. Биыл Шиелі кентінің ғана шы­райы кірген жоқ, ауданның барлық ауылы абаттандырылып, жолдары жөнделді, жа­рықтандырылды, түгелдей телефон бай­ла­нысы орнатылды, аяқ су, ауыз сулары жүргізіліп, балабақша, медицина бөлім­шелері, спорт алаңдары ашылды. Шиелі 41 Алтын Жұлдызды Еңбек Ері, жүзден астам ғалым, елуге тарта қа­ламгер ақын-жазушы, ондаған қоғам қайраткері шыққан киелі мекен. Осы ретте азаматын ардақтаған ел азбайды дейді халық дана­лығы. Осы елде туып, ұлтты ұлы істерге бастаған, қазақтың сөзін ұс­таған тұғырлы тұлғалар үнемі халық жа­дында. Тау тұлғалы азаматтардың мерей­тойын атап өту құрмет болумен қатар, жастарды отан­сүйгіштікке тәрбиелеудің өнегелі жолы да. Биылғы ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы аясында «Алтын күз-2011» мерекесі 4-5 қараша күндері Шиеліде кең түрде тойланбақ. Ақ күріштің атасы атанған даңқты диқан, «Дала академигі», Мемлекеттік сыйлықтың иегері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жылдық мерейтойы рес­публикалық дең­гей­де атап өтілетін бол­а­ды. Ауданымызда тойға тарту ретінде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Атап айт­қанда, аудандық бюджеттен бөлінген 49 млн. теңгеге салын­ған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атын­дағы көше, 10 млн. тең­геге жасалған «Құрметті азаматтар» аллея­сы, 93 млн. теңге қаржыға жасанды­рыл­ған «Салтанат сарайы» ашылады. Мерейтой күні Ыбырай атамыздың атындағы күріш өсіру тарихы мұражайы­ның жаңа ғимаратының іргетасы қалан­а­ды, аудандық бюджеттен бөлінген 100 млн. теңгеге жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын Ы. Жақаев атындағы саябақ пайдалануға беріледі. Саябаққа биіктігі 5 метрлік Ыбырай атамыздың қоладан құй­ылған ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ, қазіргі кездегі күріш өсірудің жаңа тех­нологиясын өндіріске енгізуді ғылыми негіздеу мақсатында «Дала академигі Ыбырай Жақаев» атты ғылыми-таным­дық конференция өткізіледі. Мұнан өзге, соңғы жылдары дәстүрге айналып үлгерген «Ән мен жырдың дүл­дүлі ақын Нартай» атты республикалық ән фестивалі өтеді, оған Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстан танымал жыршы, термешілер қатысады. «Алтын күз-2011» мерекелік шарасының соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының үлкен концертіне ұласады. Мереке аясында үз­дік ұжымдар марапатталып, бағалары базардан төмен ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесі өткізілетін болады. Халқымызда «Екі тойың қабат бол­сын, екі дүниең абат болсын» деген қа­натты сөз бар. Ауданымыз Тәуелсізді­гі­міз­дің 20 жылдығы мен Ы. Жақаевтың 120 жылдық мерейтойы тойланар биылғы жылды табысты аяқтағалы отыр. Облыс­тар мен аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің осы жылдың 6 айының қорытындысы бойын­ша ауданымыз алғашқы орынды иеленді. Ал, облыста ауыл шаруашылығы саласы­ның қорытындысы бойынша біз­дің ауда­нымыз сонау тәуелсіздігімізді ал­ған ал­ғашқы жылдары, атап айтқанда 1992 жы­лы 1-орынға шықса, соңғы жылдары 2 – 3-орындардан көрініп жүрген еді. Ауда­нымыз ауыл шаруашылығының қорытын­ды­сымен биылғы жылы 1-орынды иеленіп отыр. Бұл қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз аудан халқының ын­ты­мағы мен бірлігінің арқасында және еселі еңбегі мен қажырлы қызметінің жемісі. Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Шиелі ауданының әкімі.