Балалардың құқығы ересектермен бірдей қорғалады. Ал тағдыры толғандыратын балалардың заңды құқықтары елімізде қалай қорғалуда? Асыранды немесе патронаттық тәрбиедегі балалардың құқы туралы не білеміз? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында кәсіби заңгер Орымбек ТОЙКИНМЕН жолыққан едік.
– Балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген бала қорғаншылық немесе патронат тәрбиесіне көшкенде тұрғын үйге байланысты құқығы қалай болады? Айталық, қазір елімізде «Қолжетімді тұрғын үй-2020 бағдарламасы» жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама бойынша асыранды балалардың тұрғын үй кезегіне тұрып, пәтер иесі болу мүмкіндігі заңда қалай қарастырылған?
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген «Патронаттық тәрбие» жөніндегі ереженің 22-бөлімінде былай жазылған: Егер балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бала қорғаншылық немесе патронат тәрбиесіне өтетін болса, оның алимент, зейнетақы жинау қорына түскен салымдары және ерікті зейнетақы қоры салымдарымен, яғни мирастық құқымен бірге, басқа да әлеуметтік өтемелерімен қатар, тұрғын үй немесе тұрғын үйді пайдалану құқы бірге жалғасады. Ал баланың тұрғын үйі болмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Тұрғын үй туралы заңнамасы негізінде тұрғын үй алу құқығына ие. Қазіргі таңда еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген осы санаттағы азаматтар арнайы жеңілдіктермен баспанаға қол жеткізуде.
– Кей жағдайда баласыз отбасылар өз туыстарынан бала асырап алып жатады. Ата-анасы бар баланы туысқандар өзара келісіп асырап алудың заңға қайшылығы бар ма?
– Иә, патронаттық тәрбиеге Қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне тиісті болмаған баланы да асырап ала алады, бірақ бұл баланың қылмыстық іске байланыстылығына күдік болмаған жағдайында іске асады. Тараптар өзара келісіп жатса және азаматтардың өз ықтиярымен жүзеге асатын болса, заң оған ешқандай шектеу қоймайды.
– Патронаттық тәрбиеге берілген балалардың басқа отбасында қалай өмір сүріп жатқанын негізінен қадағалап отыруға тиісті Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі ғой. Ал осындай отбасылардан шыққан балаларды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі заңда қалай көрініс тапқан?
– Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылар) туралы кодексінің 101-бабына сәйкес асырап алған бала да жәрдемақы ата-анасының зейнетақы қорындағы салымдарымен бірге асыраушысын жоғалтқан жағдайға байланысты басқа да әлеуметтік төлемдері бар болса, оны асырап алғанда да баланың бұл құқықтары сақталады. Заңға қосымша осындай азаматтарды әлеуметтік-рухани тұрғыдан қолдау мақсатында елімізде көптеген көмектер қарастырылған. Қамқорлық көрсету, көмек қолын созу сияқты игілікке бастайтын ізгі істерге заң талаптары шектеу қоймайды. Сондықтан ондай тағдырлы азаматтарды қолдау заңға да, арға да сай келетін әрекеттер санатында.
– Бала асырап алуға кімдер құқылы және ол үшін қандай құжаттар қажет?
– Неке және отбасы туралы кодексте қорғансыз қалған балаларды асырап алу мен оның басқа да формалары анық жазылған. Мәселен, кәмелет жасқа толған, жұмысқа қабілетті, тұрақты табысы, баспанасы, азаматтығы бар, дәстүрлі жыныстық бағыттағы, сотталмаған, белгілі дерті жоқ, ата-аналық құқығынан айырылмаған, наркологиялық және неврологиялық диспансерде тіркеуде тұрмаған азаматтар бала асырап алу құқығына ие. Бір айта кетерлік жайт, әйелінің қайтыс болуына немесе ата-аналық құқығынан айырылуына байланысты үш жыл бойы баласын асырап отырған жағдайдағыдан басқа үйленбеген ер адамға асырап алуға бала берілмейді. Сонымен қатар ресми некеге отырмаған ерлі-зайыптылар бала асырап алғылары келсе, отбасыларын ресми түрде тіркетулері қажет. Бала мен асырап алушы арасындағы жас айырмашылығы 16 жас болуы керек. Алайда, баланы өгей әкесі немесе шешесі асырауға ниет білдірсе, жас айырмашылығы есепке алынбайды.
Ал қажетті құжаттар тізімі асырауға немесе қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алу және басқа жағдайлар бойынша әртүрлі. Алдымен баланы асырап алуға жазбаша өтініш (қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алу және т.б.) жазады. Асырап алушының жеке куәлігінің көшірмесі, отбасы жағдайы туралы анықтама, жақын туыстарының жазбаша келісімі, жалпы табысының көлемі, денсаулығы туралы, сонымен бірге психикалық және наркологиялық тәуелділіктің жоқтығын дәлелдейтін және сотталмағандығы туралы анықтамалар қажет болады. Сондай-ақ көршіңізден немесе үш досыңыздан ұсыныс хат пен жұмыс орныңыздан мінездеме сұралуы ықтимал.
– Асырап алғаннан кейін ол азаматтарға заң тағы да қандай міндеттерді жүктейді?
– Бұл жердегі ең негізгі талап бекітілген келісімшарттың орындалуы. Оған асырап алған баланы (балаларды) алған соң бірге тұруын қамтамасыз ету, баланы асырауға қажетті жағдай жасау, баланың денсаулығына физикалық, психикалық, рухани дамуына қолдау көрсету, баланың пікірімен санаса отырып оқу жүйесін таңдауда талдама жасау, патронаттық тәрбиені сақтау арқылы өзіне берілген баланың құжаттарымен қатар, қаражат және басқа мүліктерінің сақталуын қамтамасыз ету сияқты бірнеше міндеттемелер кіреді.
Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ