Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында табиғи сүттен сапасы жоғары өнімдер шығаруға маманданған «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды, деп хабарлайды Ақорда.
Онда Қазақстан Президенті балмұздақ пен ашытылған сүттен жасалған өнімдерді көріп, оларды өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жетекшілерімен әңгімелесті.
Елбасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының өсіп келе жатқанын атап өтті.
– Соңғы уақытта облыста, әсіресе әлеуметтік салада көп жұмыс атқарылуда. Спорт кешендері, ойын-сауық және сауда орталықтары салынып жатыр. Өнеркәсіп көлемі артуда, облыс аграрлық-өнеркәсіптік өңірге айналып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру аясында облыс экономикасы үшін жолдар желісін дамытудың маңызды екенін айтты.
– Жол дегеніміз – өмір. Заманауи жолдардың салынуы экономиканы дамытып, өніміміздің бағасын арзандатуға және оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға септігін тигізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ғылымды, ғылыми жетістіктерді пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Ғылым ауыл шаруашылығында көп мәселені шешеді. Қазақстанда үш аграрлық университет бар, олардың әрқайсының өз бағыты бар. Сіздер ғылымнан ауыл шаруашылығы үшін қажеттіні талап етуге тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында облыс еңбеккерлері Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдірді.