Алматыда оқитын шығысқазақстандық тәлімгерлер мен Алтайдан ұшқан ақиықтар алғаш рет басын қосып, жерлестерімен қауышып, туған жердің ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді. Оңтүстік астанадағы шығыс зиялылары мен жастардың кездесуін өткізу туралы бастаманы көтерген Шығыс өңірдің әкімі Бердібек Сапарбаев.
Көк түркінің тал бесігі Өр Алтай мен Алаштың астанасы болған Семей жері ұлтымыздың мақтан тұтар талай ұлы ойшылдары мен ақындарын дүниеге әкелген. Елбасы Шығыс Қазақстанды «еліміздің – інжу-маржаны, рухани астанасы» – деп бекер айтпаса керек. Өлкенің тамылжыған табиғатының көрінісінде шұғылалы шығыстың шайырлары шабыттанып жыр жазған, елдің кемел келешегін ойлаған ғалымдар еңбектенген. Бүгінгі күні де қаламы қарымды жазушы-журналистер, от ауызды, орақ тілді ақындар, күміс көмей әншілер туған өлкесіне деген құрметін төл туындыларына қосып, елінің мерейін үстем етіп жүр. Бұл өскелең ұрпаққа терең мағыналы тәрбие береді. Осы тәмсілді темірқазық еткен аймақ басшысы елге сыйлы қаламгерлер мен сахна саңлақтарын, Отанына риясыз қызмет етуге әзір жастардың басын қосып тұруды дәстүрге айналдырды.
Былтырдан бері облыс орталығында «Шығыс шынары» атты халықаралық мүшәйра өтетін болған. Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ақындар ерке Ертістің жағасына жыр маржандарын шашып, бақ сынасады. Сайыстың нәтижесі бойынша «Шығыс шынары» өлеңдер жинағы жарыққа шығуда. Көктемде «Шығыс жұлдыздары» энциклопедиясының тұсуы кесілді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Алтай-Ертіс» кітапханасының 20 томы жарыққа шыққалы отыр.
Тамыз айында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген айдармен алғаш рет халықаралық форум және «Алтай – алтын бесігім» атты түркі әндерінің фестивалі өтті. Алқалы жиынға Қазақстан, Түркия, Жапония, Ресей, Корея сияқты 12 мемлекеттен танымал түркітанушылар, фотосуретшілер, әншілер, дипломаттар мен ғалымдар қатысты.
Астана қаласымен әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Шығыс Қазақстан елордада алғашқы болып, облыстың күндерін өткізген. Астаналықтар да алдымен Алтайға құрмет көрсетіп, мәдени күндерін шығыстан бастады.
Осыдан екі апта бұрын Түрік елінің Бурса аймағымен бауырластық қарым-қатынас орнатылып, Осман империясының алғашқы астанасы – Бурса шаһарында да Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтті. Екі өңірдің кәсіпкерлері алыс-беріс жайын талқылап, бизнес-форум өткізгеннен соң, қазақ өнерінің майталмандары талғампаз түрік халқын тәнті етті.
Композиторлардың арасында «Әнім саған туған ел» атты конкурс жүріп жатыр. Шараның мақсаты Шығыс өңірге арналған жаңа патриоттық әндер жазғызып, топтастыру. Абай ауданында Ақылбай мен Көкбайдың 150, ал Шәкір Әбеновтің 110 жылдығы қатар тойланып, республикалық деңгейде ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қараша айында «Өз елім» деген атпен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліндегі ән байқауы өтпек.
Жастармен жүздесу де дәстүрге айналған. Мәселен, «Дарын» жастар байқауының жүлдегерлері, «Болашақ» стипендиясының иегерлерімен кездесулер өтіп тұрады.
Ал, мамыр айында облыс әкімі бастаған делегация еліміздің жүрегі, ерен еңсесі – елордада болып, Астанада білім алып жатқан студент жастармен және қаламгерлермен кездескен. Ұлттық академиялық кітапханада өткен шығармашылық кешке ақын-жазушылар, журналистер мен астаналық жас ақындар қатысты. Бас қалада білім алып жүрген мыңға жуық студенттің ішіндегі ең үздік 220-сы әкіммен Назарбаев Университетінде кездесті. Болашақ жас мамандардың алдында қоғам қайраткерлері, өңірдің ірі кәсіпорын басшылары сөз сөйлеп, Шығыстағы соны серпілістер туралы баян қылды. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым, кәсіпкерлік саласында жас мамандар қажет екенін жеткізді.
Енді осы үрдіс жалғасып, әсем қала, гүл қала – Алматыда көптен күткен кездесу өтіп отыр. Бұл жиынның түпкі мақсаты ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғастырып, жас мамандарды туған өңірге қызмет етуге шақыру.
Кездесуге Алматыда білім алып жүрген 400 тәлімгер қатысты. Бұл үлгерімі жақсы, белсенді жастар һәм халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары. Жалпы, оңтүстік астанада 4 жарым мың шығысқазақстандық өрен оқу оқиды. Олардың басым көпшілігі педагогикалық, медициналық, техникалық, аграрлық оқу орындары мен Ұлттық консерваторияда шоғырланған. Тек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мыңға жуық студент білім нәрімен сусындауда.
Жиында облыс әкімі өңірде жүзеге асып жатқан ілкімді істер туралы кеңінен әңгімеледі. Бердібек Сапарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның аяқ алысы, аймақтың өндірісі, ауыл шаруашылығы, ғылым, өнер саласындағы жетістіктері жайлы айтып берді. Облыс экономикасын жақсартудағы мақсат-мүддемізді, стратегиялық жоспарларымызды жүзеге асыру үшін өңірге жас мамандар қажет екенін де тілге тиек етті.
Әсіресе, өндіріс, медицина, ауыл шаруашылығы саласы мен көлік құрастыратын зауыттар білімді де білікті мамандықтарға мұқтаж. Осы ретте сөз сөйлеген облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Рая Рақымова, «Азия авто» АҚ президенті Ержан Мәндиев, шаруа қожалығының төрағасы Владимир Акулов болашақ мамандарды өз саласымен таныстырып, нақты ұсыныстар жасады. Ал, «Қазақмырыш» ЖШС инженері – Дидар есімді жас маман замандастарына өзінің қызметі туралы әңгімеледі. КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова тәлімгерлерге ақ жол тілеп, өнерлі жастарға ақыл-кеңесін айтты.
Өз кезегінде тәлімгерлер көңілде жүрген, көкейге түйген сауалдарын әкімге қойып, пікір алмасты. Жастарды аймақтың экономикалық, әлеуметтік әлеуеті, денсаулық, білім беру саласындағы жаңалықтар қызықтырады.
Соңғы 2 жылда шығыс облыста әр салада, соның ішінде білім беру ісінде ілгерілеушілік байқалады. Білім беру жүйесін қаржылданыру жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр 47,3 млрд. теңге бөлінсе, биылғы бюджет 57,1 млрд. теңгені құрап отыр (9,8 млрд. теңгеге артық). Соңғы 15 жыл ішінде өңірде жалпы құны 14 996,6 млн. теңгені құрайтын 65 мектеп ашылды. Биыл тағы 15 нысанның құрылысына 5 196,831 млн. теңге бөлінді. Оның 12-сі жыл аяғына дейін тапсырылмақ.
Бүгінде облыста бала туу көрсеткіштері артып келеді. Осы ретте Президент пен Үкіметтің 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді балабақшамен 100% қамту туралы тапсырмасы өңірде қарқынды жүзеге асуда. Қазірдің өзінде балдырғандардың 80,9%-ы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Бұған «Балапан» бағдарламасымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қол жеткізіліп отыр. Кезінде жекенің қолында кеткен көптеген балабақшалар қайтарылып, ауылдарда балабақша ашу жұмыстары ширады.
Жаңа оқу орындарының ішінде «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» орны бөлек. Ерекшелігі сол – білікті, жаңа бағытта ойлайтын жастарды тәрбиелеп, Қазақ елін бәсекеге қабілетті адами капиталы бар мемлекетке айналдыруға бағытталған. Шығыс Қазақстанда 2 зияткерлік мектеп бар. Семейдегі білім ордасы физика-математиканы тереңдетіп оқытса, Өскемендегі мектеп химия-биология бағытын ұстанады.
Дарынды балаларды анықтап, қолғабыс ету үшін ашылған 13 арнайы мектеп жұмыс атқаруда. Халықаралық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. «Глюон» халықаралық зияткерлік клубымен, ФИДЖИП федерациясымен және дарынды балаларға арналған «Еуроталант» қауымдастығымен, Ломоносов атындағы ММУ және «Эврика» Еуропа даму орталығымен келісім-шарттар жасалған.
Шығысқазақстандық оқушылар қашан да олимпиада, сайыстарда толайым табыстарға жетіп, өңірдің мерейін асқақтатып жүргені белгілі. 2009 жылдан бері республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңген оқушыларға облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалғалы бұл дәстүр жаңа леп алды. Былтыр сайыстарда бақ сынаған 48 оқушының 40-ы жүлдегер атанды. Олардың дені Бразилия, Тайвань, Қытай, Корея, Шотландия, АҚШ, Ресей сияқты елдерде өткен ірі жарыстарда топ жарып шыққан.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша шығысқазақстандық оқушылардың орташа баллы 90,2 болып, облыс республика бойынша 4-ші орынға шықты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі және кәсіпорындардың ұйытқы болуымен өзара әріптестік туралы бірқатар меморандум, хаттамалар бекітілді.
Үшжақты келісімнің негізінде кәсіби мектептер мен арнайы орта оқу орындары шәкірттерінің жұмыспен қамтылу мәселесін шешті. Жас мамандарға, әсіресе, «Үлбі металлургия зауыты», «Қазақмырыш», «Титан-магний комбинаты» сияқты ірі өндіріс орындары, шаруа қожалықтары мен медициналық мекемелерден, азық-түлік өндірісі және құрылыс саласындағы компаниялардан сұраныс көп.
Шығыс Қазақстанда дарынды жастарды ынталандырудың тағы бір тиімді тәсілі бар. 4 жыл ішінде медициналық және педагогикалық мамандықтарда оқитын 864 студент өңір әкімінің грантына ие болды. Бұған 389 млн. теңге бөлінген. Былтыр грантқа тағы бірнеше мамандық қосылды. Бүгінде 200 тәлімгер әкімнің грантын алып отыр.
Аймақтың білім беру саласындағы соны серпілістер туралы әңгімелеп, жастардың сұрақтарына жауап берген соң Бердібек Сапарбаев жиынға қатысқан барлық тәлімгерлерге орташа көлемдегі шәкіртақы, ал, ең үздік 20 студентке облыс әкімінің грамотасы мен сыйақы табыс етті. Сонымен қатар, алматылық жоо ректорларына алғыс хат жолданды.
Жалынды жастармен жүздескен соң ШҚО әкімі қоғам қайраткерлерімен, қаламгерлермен және өнер адамдарымен кездесті. Олардың арасында Қабдеш Жұмаділов, Бибігүл Төлегенова, Мәрзия Тұрлыханова, Мұрат Әуезов, Сейіт Қасқабасов, Шериаздан Елеукенов, Қалихан Ысқақ, Сейітқазы Матаев, Қайнар Олжай, Серік Жанболат, Жарқын Шәкәрім, Кәдірбек Сегізбаев, Бауыржан Жақып, Майра Ілиясова, Толқын Забирова сияқты есімдері елге танымал тұлғалар бар.
Белгілі қаламгерлер мен өнер майталмандарының сыр-сұхбаты мазмұнды әрі тартымды өтті. Шығармашылық кездесуде «Шығыс жұлдыздары» энциклопедиясы таныстырылып, кездесудің мерейлі меймандарына сыйға тартылды. Ырыс аунап, нар шөккен Шығыс Қазақстан тума таланттар мен дарындарға да өте бай. Қаншама ғалымдар, қаламгерлер, күміс көмей әншілер мен сахна саңлақтары, өнер және мәдениет қайраткерлері топырағына аунап өскен. Олардың есімдері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып шыққан жаңа кітапқа еніп отыр. Бұл басылымда Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналармен қатар, қазіргі заман жазушылары мен жас ақындар да тізбектелген. Жинақты шығаруды ұсынып, жобаға жетекшілік еткен – ШҚО әкімі. Тағы бір атап өтуге тұрарлық басылым – «Күншығыс атласы» деп аталатын ғылыми еңбек. Атласта облыстың картасы, тарихы, жағрапиялық ерекшеліктері кеңінен баяндалады.
Туған жердің базарлығын ала келген Шығыс жұртына алматылық оқу орындары да алғыстарын білдірді. Кездесудің соңында жиылған жұрт естелік суретке түсіп, келешекте де бас қосып тұруға уағдаласты. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кездесуді, – «Елбасының табанды әрі жігерлі саясатын жүзеге асырып, туған өңірімізді бірге түлетейік, келешектің үмітін ақтайық!» – деп қорытындылады.
Шығыс Қазақстанда – «күн шығыстан шығады» – деген сөз бар. Яғни, Шығыс өңір елден бұрын тұрып, іске кірісетіндіктен, ырысы да артығырақ. Соңғы жылдары көптеген игі бастама дәл осы – шығыс облыстан бастау алған-ды. Шығысқазақстандықтардың бұл жолғы жарқын ісі де өзге өңірлерге үлгі болады деген сенімдеміз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.