• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қараша, 2017

Елбасы: Алаш зиялылары армандаған тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ қол жеткізді

5827 рет
көрсетілді

Бүгін Астанадағы ЭКСПО Конгресс орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 Халықаралық жиынға еліміздегі танымал алаштанушылармен қатар Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар қатысты. 

Елбасы: Алаш идеясы ата-бабаларымыздың сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр

Жиын барысында Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. «Баршаңызды конферениця жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының 20 ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біз қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек. Бүгінгі келелі жиында тарихымыздың тәуелсіз ел өмірімен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін», - делінген Елбасының хатында.

Гүлшара Әбдіқалықова: Алаш идеясы азат Қазақстанның мақсат-мүдделерімен жалғасып жатыр 

Конференция барысында сөз алған Мемлекеттік хатшы: «Алашорда қайраткерлерінің идеясы азат Қазақстанның мақсат-мүдделерімен жалғасып жатыр. Мысалы, Әлихан Бөкейхан «Дүние дене болса да біртіндеп жүзеге асады» деген болатын. Яғни, бұл біздің Елбасының қазіргі дәйекті саясатына қарап айтылғандай. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде қазақ әліпбиін ең бірінші болып қолға алған болатын. Енді бүгін Қазақстандағы жақында ғана қолға алынған латын әліпбиін жүзеге асыру мәселелері қаралып жатыр. Латын әліпбиіне көшу еліміздегі басым бағыттардың бірі», - деді. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ұлт зиялыларының бірі Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз ұлттың тәуелсіздігін елестету мүмкін емес» деген сөзін келтірді. «Бүгінгі таңда іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстар осы мақсаттарға сай деген ойдамын. Жер жерде ауқымды жиындар, конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Әрбір оқу орындарында, ғылыми институттарда Алаш қайраткерлерін жұмыстарын жалғастыру жолындағы ұсыныстар келді. Бүгінгі конференция жасалған іс-шаралардың қорытындысы деп білеміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Нұрлан Оразалин: Алаштану - ғасыртану, ұлттану секілді кеңістікке айналды

Конференция барысында Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Алаш қозғалысының дәуіріне ерекше баға беріп, «Ұлт зияларының игілікті істері» атты баяндама оқыды. «Осы күнді сағына күткен қазақ жұртының атынан ұлы мерекемен барлықтарыңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер. ХХ ғасыр - өрті мен дерті, өксігі мен серті қатар өрбіген ғасыр. Бұл ғасырдың екі түрлі өркениет пен мәдениеттің өліара тұсында Ұлы Дала жұртын қандай қиындықтарға ұрындырғаны белгілі. Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы деген айрықша атпен енген осы бір киелі де қасиетті ұғымдар төңірегінде халыққа есепсіз қызмет етуді үлгіледі. Алаштану дейтін тарих ғылымының пәні ретінде тарих аясынан шығып кетіп, дәуіртану, ғасыртану, ұлттану, ұрпақтану секілді кеңістіке айналды. Бұл ұлттың өзін-өзі тануға бет бұрғанының нысаны», - деді қоғам қайраткері.

Нұрлан Оразалин өз сөзінде Президенттің «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, онда халық руханиятынан бастауымыз керек» деген сөзін келтіріп, «Рас, 1917-1920 жылға дейінгі аралықта қазақтың ұлттық рухы ауыр кезеңде болды. Қазақтарға өз мемлекетін құру үміті ояна бастаған кезде көш басына Алаш серкелері - Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы басқа қайраткерлер шықты», -деді. 

Баяндама барысында Нұрлан Оразалин Алаш қайраткерлерінің әрқайсысының еңбегіне ерекше тоқталды. «Ащы да болса, шындықты айту - парыз. Түрмеде жатып, Орталық комитетке ашық хат жазбағанда отызға жаңа толған жас жазушы, қазақ атын әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің де сүйегі қай жерде, қай сайда қалары белгісіз еді. Атақты «Абай жолы» жазылмас еді. Президентіміз ұсынған Ұлттық мемлекет сөзінің баламасына айналған Ұлы Дала елі атты ондаған ғасырларды бауырына басқан қанатты ұғым бүгінгі таңда айналымға еркін еніп кетті. Ұлттық кодыңды сақтай біл деген сөзге баса назар аудару керек», - деді ол.

Әбдіуақап Қара: Алаш арыстарына қатысты «ананың қызметі зор, мынанікі аз» деп бөлшектемеуіміз керек

Алаш партиясының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда Түркия Республикасы Мимар Синан университетінің профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіуақап Қара Мұстафа Шоқайдың Алаш тарихындағы орны туралы баяндама жасады. Профессор Шоқайдың еңбегі туралы «Еуропа елдеріндегі Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік үшін күресі және оның құралдары» атты баяндамасында айтып өтті. «Мұстафа Шоқай - 1917 жылдың қазан айында іргетасы қаланған Кеңес одағына қарсы Қазақ елі мен Орталық Азия халықтарының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен тұлға. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Мұстафаны фашистермен ауыз жаласқан опасыз құбыжық ретінде көрсетуге тырысты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай пікірден арылып келеміз. Десе де, бұл пікірдің әлі де әсері мен ықпалы жоқ емес. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауым мен халықты дүр сілкіндірді. Тарихты қайда жаңғыртуға тиіспіз», - деді профессор.

Әбдіуақап Қара қазақ халқының және Орталық Азия елдерінің күрестері бойынша Шоқайдың еңбегіне тоқталды. «Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз, ағылшын тілдерінде жарияланды. Француз тіліндегі мақалалардың басым көпшілігі Прометей журналына шықты. Шоқайдың орыс тіліндегі мақалалары сол кездің өзінде Кеңес одағының құрамындағы халықтарға әсер еткенін көреміз. Сондықтан, Сталин мұны байқап, 1925 жылы 29 мамыр күні ескерту жасайды. Сталиннің хатында Шоқайдың идеяларына шек қою тапсырмасы бар еді. Міне, осыдан кейін Шоқайға шабуыл басталды. Оған ергендерге «шоқайшыл» деген айдар тағылды», - деді ол. Профессордың айтуынша, кеңестік билік пен идеологияға қарсы Шоқаймен бірге өзге Алаш арыстары да тынымсыз күрес жүргізген.

«Алаш арыстарына қатысты «ананың қызметі зор, мынанікі аз» деп бөлшектемеуіміз керек. Отанға еңбек аз болсын, көп болсын - оның бәрі бізге қымбат болуы керек. Оларды (Алаш арыстары -авт) идеологиялық тұрғыда жіктемеуіміз керек. Анау оңшыл, мынау солшыл, анау ұлтшыл демеу керек. Басты өлшем - отанға адалдық, халыққа деген сүйіспеншілік. 1920-1941 жылдар аралығында 21 жылға жалғасқан Мұстафа Шоқайдың күресін зерттей келе, оның баспасөзге ерекше мән бергенін ерекше көреміз. Еуропалық көптеген басылымдарда көптеген мақалалары жарияланды. Шоқай осы және басқа да саяси жұмыстарында екі ұйымға сүйенді. Оның бірі - Түркістан ұлттық одағы, екіншісі - Прометей одағы. Мені көргендер «Мұстафа Шоқайды неге көп айтасыз? Туыссыз ба?» деп сұрайды. Бірақ, мен халыққа қызмет етсе, соның барлығы біздің туысымыз деп жауап беремін», -деді профессор.

Мәмбет Қойгелді: Алашорда үкіметі Кеңестік биліктің альтернативасы еді

Жиында тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Алаш қоғалысы: 100 жылдан соң» атты баяндама жасады. Профессор сөзін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатымен бастады. «Шырағым Ахмет! Шырағым Міржақып! Сендер қайта-қайта абақтыға түсе бересіңдер. Оған налымаңдар. Атам заманнан, Прометейден бергі уақытта ел үшін күрескен азаматтардың көргені - абақтының есігі. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Доңыз сонда аққуға: «Ей аққу, сен айтшы, күн бар дейсің, сол күнді мен неге көрмеймін» депті. Сонда аққу: «Әй доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан, сен күнді көре алмайсың» депті. Шырағым Ахмет! Міржақып! Болашаққа күнді көре алатын ұрпақ керек. Сол ұрпақ сендердің аттарыңды атап, құрмет көрсетіп жатса, бақытты емессіздер ме!?» дейді. Мына бүгінгі керемет залда Алаштың мерейтойына жиналып жатқанымыз, сол ұрпақтың өмірге келгенінің, сол ұрпақтың «қазақпын» деп алшаң басып жүргенінің көрінісі деп ойлаймын», - дейді академик.

Мәмбет Қойгелді тарихшылар қауымдастығы атынан Алаштың 100 жылдығына арнап, Алаш туралы ақиқатты айтсын деп конференция ұйымдастырып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс айтты. «Мен 30 жылға жуық уақыт Алаш арыстарын зерттеп келемін. 20 жылға жуық уақытта архивтерді ақтардым. Сондағы түсінгенім, Елбасы дұрыс айтады: «Біз сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп кеткен таптаурын қағидалардан арылуымыз керек». Осы уақытқа дейін өкінішке қарай біздің санамызда баяғы кеңестік заманда қалыптасқан қағидалар өріп жүр. Мысал келтірейін: Жақында ғана Алматыда «Большевики в Казахстане: Зло или благо» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонда кейбір тарихшылар: «Егер Қазан төңкерісі болмаса, Кеңес билігі болмаса, Қазақстан Ауғанстан деңгейінде қалар еді» деген пікір айтты. Бұл не деген сөз? Бұл қандай сөз? Біз осыған ойлануымыз керек. Бұның ар жағында «Кеңестік билікке альтернатива жоқ» деген ой жатыр. Біз осыған сенеміз бе ? Осы негізді ме? Ол - өтірік тұжырым. Біздің ол тұжырымнан бас тартатын уақытымыз келді. Еркін ойлау деген бар. Азаттықтың бізге берген ең үлкен сыйы - еркін ойлау. Олай болса жаңағыдай тұжырымға жауап беруіміз керек. Кеңестік билікке альтернатива бар еді. Ол Алашорда үкіметі болатын», - деді академик.

Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысы неден басталды деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғады. «Алаш қозғалысы ағартушылықтан басталды. Барлық Еуропа елдерінде, өркениетті елдерде, бәрі де сондай. Мен Сіздерге бір нәрсені айтқым келеді. Ағартушылар Шоқан, Ыбырай, Абай деп айтып келеміз. Ол рас. Бірақ, олар ағартушылықты үлкен ауқымда жасай алмады. Жасай алмайтын да еді. Ол жағдайды жасаған - Алаш зиялылары. «Айқап», «Қазақ» басылымдары, елдің санасын өзгерту, жаңа руханият жасау - бұл нағыз ағартушылық. Еуропада ағартушыларды алақанында ұстады. Басына көтерді, ескерткіш қойды. Ағартушылық өз жолымен, сатысымен жүрді. Қазақ қоғамында не болды? Қазақ қоғамында ағартушылық 20 жылға созылды. 20 жылға жетпей жатып ағартушылардың өздері де ағартушылық пен азаттық идеясын біріктірді», - деді Мәмбет Қойгелді.

Зиябек Қабылдинов: Алаш идеясын бірлігімізді бекемдей түсетін ұлы жол деп білуіміз керек

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов  конференция барысында «Алаш қозғалысы және тарихи сана» баяндамасында «Рухани жаңғырудың» басты мақсаты мен мәні ұлттық кодты қайтарып, салт-дәстүрімізді гүлдендіріп, тарихымызды зерделеп, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу екенін атап өтті. «Бұл мерейтойды атап өту Алаш зиялыларының еңбегіне құрмет-қошемет көрсету ғана емес, олардың айтып кеткен тың ойлары мен өміршең идеяларын тиімді пайдалану, кәде қылып жарату. Алаш идеясы Қазақстан азаматтарының бірігу идеясы, болашаққа жылжудың айқын бағыты, бірлігімізді бекемдей түсетін ұлы жол деп білуіміз керек. Алаш идеясы бекерден-бекер пайда болған жоқ. Біріншіден, бұл қазақ даласына Ресей патшалығы әбден орнығып, патша үкіметі Қазақстан жерін мемлекеттік деп жариялап, ең шұрайлы жерлерін тартып ала бастады. Шоқындыру саясатын күшейтті. Үшіншіден, қазақтар мемлекеттік думада сайлау құқығынан айырылды. Қазақтар ең төмен сатыда тұрды. Бесіншіден, қазақ ежелгі дәстүрінен айырыла бастады. Осының барлығы қазақ зиялыларының намысына тимей қоймады. Осы себепті Орта Азия елдерінде ең мықты Алаш қозғалысы дүниеге келді», - дейді Зиябек Қабылдинов. Профессордың айтуынша, сонау қиын кезеңде ұлт мүддесі жолында қазақтың оқыған, ұлтшыл, патриоттары алға шыққан. ХХ ғасырда ұлы реформаторлар Әлихан, Ахмет, Міржақып ұлтты азаттыққа бастаған.

«Алаш зиялыларында бөліну деген болмаған. Бәрі де ұлт жанашырлары еді. «Тәуелсіздік - еліміздің ең басты байлығы бен құндылығы. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай әрі күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болуы үшін кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек» деген. Осы ұлағатты сөздер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Елбасы бұл туралы «Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе - соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның тәуелсіздігін аманаттау, тәуелсіздігіміздің одан ары нығайту үшін бәріміз де атсалысуымыз керек» деген болатын. Шекарамыз берік болсын. Бірлігіміз мықты болсын», - деп түйді профессор.

Конференция аясында «Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер және Алашорда», «Алашорданың саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты секция отырыстары өтті. Іс-шараға қатысушылар тәуелсіздік алу жолындағы «Алаш» қозғалысының тарихи рөлі, төл тарихымызға деген құрмет сезімін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының биік те ізгі мұраттарын қастерлеп сақтау мәселелерін талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімін ұлықтау, олардың мұрасына қатысты зерттеулерді жүйелеу, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қажеттігі туралы мәселелер көрініс тапқан қарар қабылданды.