Абай атамыз мына бір фотосуретке 1903 жылы өмірден өтерінен бір жыл бұрын 58 жасында Жидебай ауылында, үй-іші, отбасымен бірге көктем уақыты, мамыр айының бас кезінде, киіз үйдің ішінде түскен екен.
Солдан оңға қарай: бірінші қатарда бөрік киіп отырған қыз бала – Пәкизат. Пәкизаттың басына киіп отырған бөркі бұл күнде Жидебайдағы Абай музей-үйінде экспозицияда тұр. Одан кейінгі отырғандар – Тұрағұл мен Әубәкір. Пәкизат пен Әубәкір екеуі де Ақылбайдың балалары. Абайдың кенже інісі Оспан өзінде бала болмағандықтан бұл екеуін де бауырына салып алған.
Екінші қатардағылар – Абай, Еркежан және Қамалия. Қамалия – Әубәкірдің әйелі. Бұл кісінің Абай туралы айтқан естеліктері мұражай қорында сақтаулы тұр. Ал Еркежан – Оспанның бәйбішесі. Оны Оспан қайтыс болғаннан кейін, әмеңгерлік жолмен 1894 жылы Абай өзі алып, өмірінің соңғы он жылын Жидебайда осы Еркежанмен бірге өткізген. Үшінші қатарда тұрған – Мағауия.
Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта көшіріп, Абай музейіне өткізген – жазушы Мұхтар Әуезов. Ал түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов музейінде сақталған. Суреттің көлемі – 13 х 23 см, қор кітабында 461\542 инвентарға тіркеулі тұр.
Бұл фотосурет көптеген басылымдарға шығып, танымал болды. Қазірдің өзінде суреттің көшірмесі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Қазақстан тарихы» залының «ХІХ ғасырдағы ұлылар» экспозициясында көрмеде тұр.
Қайыржан КҮЗЕМБАЕВ, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері