Әдебиет әлемінде ең әуелі көркем әңгіме, хикаят, роман жанры пайда болды ма, әлде сол көргенді көргендей ғып айнытпай баяндап беретін журналистика пайда болды ма дегенге келсек, есте жоқ ескі заманда-ақ осы екі жанр бір-бірімен біте қайнасып, будандасып өсіп жетілген сыңайлы. Бұлай дейтініміз, бергі замандағы әйгілі қаламгерлер Николай Лесков, Стефан Цвейг, Эмиль Золя, Томас Вульфтің ескен желдей, төкпе жырдай, аурасы магнит өрісіне пара-пар мөлдіреген шығармалары көбіне очерк сипатында жазылған. Орыстың он тоғызыншы ғасырдағы біраз жазушыларының хикаяты очерк айдарымен басылғаны мәлім. Өзіміздің Шоқан Уәлихановтың «Жеті шаһар жазбасы» да осынау очерк пен хикаяттың ара жігінен жол тауып шыққан жылы ағыс секілді. Кісінің мінез құбылысын, сезім, ой шырғалаңын сөйлеткен кезде – оның өскен ортасын, қоғамдық, әлеуметтік көзқарасын, азаматтық пайымын түгел қамту – сол баяғы очерк, көсемсөз сипатынан ауысқан құбылыс.
Жанр жанрды туғызып, өз-өзінен балалап байып отырған. Бәзбірде бір-бірінің орнын басқан, аз десеңіз жетілдіріп, кемелдендіре түскен.
Енді мұны неге тілге тиек етіп отырмыз дегенге келетін болсақ, Мереке Құлкенов ең әуелі қазақ әдебиетіне өзінің мөлдіреген әуезді, мәйін тілді очерктерімен келді. Жазушылардың қолынан түспейтін «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүргенде, кейіннен «Жалын» журналын басқарған кезінде оттай ыстық лебі бет шарпыған «Қарапайым халық», «Әкім және оның командасы», «Шындық және өтірік», «Министр және басқа атқамінерлер», «Тым орыстанып кеткен халықпыз» атты күйіп тұрған тақырыптарды тереңнен қозғаған шұрайлы көсемсөзін оқып тамсандық, танымымыз кеңейді. Тынысымыз ашыла түсті.
Өз сөзі, өз ойы бар, қаламы қуатты автордың әдебиет әлеміне ентелей енгенін «әу» дегеннен құп ала қуандық.
Қаламы төселген жазушы қай тақырыпты алса-дағы кейіпкер жан сарайын еркінше аралап, оқиға-ситуация үстіндегі кісінің психологиялық сілкінісін ұрымтал тұстан ұстайды. Мұндайда ұбақ-шұбақ баяндаудың қажеті жоқ. Кейіпкердің жан құбылысы, мінез иірімі айнадағыдай анық шалынса жетеді. Мерекенің әңгімелерін оқыған кезде әдемі көркем фильм көріп отырғандай боласыз. Көз алдыңызға тірі сурет келеді көлденеңдеп.
Жалғыз мысал. «Жүрек» әңгімесі. Птоломей данышпандарының жазбасына жүгінсек: жер әлемді ғажайып тартылыста ұстап тұрған жүрек лүпілі дейді. Галактика тынысына, ұлы ырғақтың сыры мен сипатына адам ағзасындағы жүрек бүлкілі мен лүпілі тарта туған деседі. Әлемнің құдіретін келтірер ұлы ырғақтың көшірмесі жүрек көрінеді. Ана жатырында ең әуелі нәрестенің жүрек соғысы пайда болады екен. Мұны бүгінгі ғылым дәлелдеп берді.
«Жүрек» әңгімесінде Сәрсен есімді кейіпкеріміз жер ортаға жеткенше бала тәрбиесіне, жеткіншекті адамгершілікті, ибалы етіп өсіру туралы сұқ саусағын сүйел етіп көлдей-көлдей мақала жазған көсем кісі. Қызметінде үстел мен қағазға шарт жүгініп жазу жазып отырған Дүйсенге зайыбы үйінен телефон шалады. «Тез жетпесең, мынау мені шаршатты!» – деген әйелінің дауысы тым шарасыз естіледі. Әлгі сөзден Сәрсеннің көңілі құлазып сала береді. Әсіресе, жалғыз ұлын ойлағанда жанын қоярға жер таппайды. Тағы ішіп келіпті. Тағы отбасында шу шығарып жатыр. Жұмысқа қолы бармай, қағаз-қаламын жинап, есеңгіреген кісідей сүйретіліп сыртқа шығады. Не істейтінін өзі де білмейді. Автобусқа отырып, біраз жер жүріп, үйіне тақағанда көліктен түсіп қалады. Ойы он тарау.
«Көңіл түкпіріндегі бір түйткілі жиі-жиі мазалай береді... Сәби психологиясы, бала қабілеті, болашағы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы деген толып жатқан мәселеден бірнеше сағатқа мүдірмей соғатын пәлсапасының бір басына жетпей жүргеніне іштей күйзеледі. Бәлкім, бойындағысының бәрін жұртқа сыйлаймын деп, жалғыз ұлы үлгі аларлық ештеңе қалдырмаған шығар. Бәлкім, мұның күн сайын жағы сембей басқаларға үйретіп жүрген ақылы түкке тұрмайтын, алдамшы, далбаса шығар. Қалай дегенмен де, мына өмір жалғыз ұлдың алдында рухани да, тікелей де дәрменсіз екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған».
Білікті педагог, қаламы қуатты журналист Сәрсеннің жерге қарап осынша торығуында не гәп бар? Қай жерден қателік жіберді? Құдыққа құлағандай құлдырап бара жатқан жерінен жалғыз ұлды құтқаруға болады ма?.. Осы ойдан шаршап, шалдығып келе жатып Сәрсеннің жүрек талмасы ұстап құлайды. Ендігі кезекте әңгіме желісі күрт өзгеріп, шиыршық атқан фабулаға дес береді. Тартыс – кейіпкердің жан арпалысына ауысады.
Көше бұрышында тірі өлік болып, аяғы аспаннан келіп құлаған кісі. Жұрт жанынан сабылып өтіп жатады. Ымырт үйіріліп қалған. Көшеге кешкі самалмен тыныстауға шыққан екі кейуана әңгіме қызығына түсіп, кенет арық жиегінде, ағаш түбінде жайрап жатқан кісіні көріп: «Тапқанын араққа жұмсап, басының қайда қалғанын білмей жатқан бейбақ қой», – деп беттерін шымшып өте шығады.
Енді көшенің басынан ерлі-зайыпты жас жұбайлардың қарасы көрінеді. Олар-дағы серейіп жатқан кісінің тұсынан жылжып өте береді. Жігіт сөйлейді: «Өзіне де сол керек, өле ішкені несі», – деп. Келіншек сөйлейді: «Байғұстың басын сүйеп жіберейік, халін білейік», – деп. «Аяғышсың, жүрегің жұмсақ», – деп жігіт кеийді. «Қатал болып барасың!» – деп қалыңдығы өкпелейді. Дау ушығып, жас жұбайлар бір-бірімен өкпелесіп тынады. Ақырында ерлі-зайыпты тірі өлік кісінің тұсынан сырғып өте шығады.
Біраздасын көше бойынан ойқастап, жіті басқан жас жігіт көрінеді. Жатқан кісіні ол да көреді. Жол жиегіндегі орындыққа апарып отырғызуға уақыт тығыз, әрі көрінген біреуге көмектесемін деп үсті-басын бүлдіріп жүре ме. Кім біледі. Көп ойланып тұрмайды, сұлап жатқан адамның үстінен қарғып өтіп, сүрініп кеткеніне де қарамай, такси ұстауға ұмтылады.
Кездейсоқ доп қуалап ойнап жүрген балаң қыз ғана жалт бұрылып, тіксіне кідіріп, шошына шыңғырып, шешесіне айтып, жедел жәрдем шақыртады. Осымен оқиға тәмәм.
Осы көрініске, адамдардың көрер көзге бір-біріне қатал, қатыгез, мейірімсіз болып бара жатқанына куә болған оқырман күнделікті бала тәрбиесіне, келешегімізге оң көзбен, адамгершілік биіктен қарасақ қайтеді деген сауалға маңдай тірейді. Кінәлі адам ба, әлде заман ба дейді! Кінәлі заман болса – тау толқыны ығысқан дария мінез уақыт ағысына қақпақыл болмайтын нендей амал жасаймыз? Кінәлі адам болса, күнделікті күйбең тіршілікте суішкілік қиқым қаракетке мәз болып осылай жүре бермей, өз ішімізге, өз жүрегімізге неге үңілмейміз деген зілдей ауыр сауалдан қай-қайсымыз болса да аттап өте алмай, кідіріп қаларымыз кәміл.
Әңгіме осылайша күйкі тіршілікті қаузай отырып биік философиялық толғанысқа жүгіндіреді.
Мереке Құлкеновтің моншақ тізгендей жауһар әңгімелерін оқыған кісі әлдебір айтуы жоқ аураға арбалып, тірі сөздің магнит өрісіне тап болған кісідей – шым-шытырық кейіпкер шырғалаңына, сезімнің, қиялдың кестесіне шырмалады. Жалықпайсыз. Шаршамайсыз. Жеңіл әзіл, астарлы пәлсапа, кейіпкердің бірде шоқ, бірде мұз болып құбылған метамарфозасы үйіре тартып, шеңберінен шығармайды. Жазушының қаламына іліккен жай ғана жербауырлаған тіршілік, күнделікті көріп-біліп жүрген қарапайым пенде – әрі сұлу, әрі нұрлы, бет ажары бөлекше болып шыға келетіні – әлгі айтқан кәсіби шеберліктің арқасы. Прозашының көзіне көрінетін я жаман, я жақсы адам жоқ, көп болғанда – өмірде жолы болмай жүрген кісілер, ең құрығанда – енді бір ышқынса биік белеске ырғып шыға келетін бейнетіне сенген төзімділер көрініс табады.
Құлкенов – кейіпкер сомдаудың хас шебері!
Сөзіміз дәлелді шығуы үшін «Ғашық», «Үрей», «Қылкөпір», «Мазасыз түн» әңгімелерінің астарына үңіліп, осы қалай деген күнделікті көп түйткілді, қиындықты жүрек жылуымен, көңіл шуағымен жадыратып жүрген кейіпкер жан сарайына именбей енсеңіз болғаны.
Құлкенов көсемсөзі – бүгінгі қаны жерге тамбай күйіп тұрған мәселелерді қозғауымен қымбат. Оқырманды күтпеген оқыс ойға жетелейді, көптен көкейде қыжыл болып жүрген жәйтті түп тамырынан қозғайды. Осы қалай деген көлденең сауалға жүгіндіреді. Мысалға, автордың «Пара» атты көсемсөзін алайық.
Бұрындары көпшілік пара бергенше бара бер деуші еді, келе-келе бұл сөз мағынасын мүлде өзгертіп, бара бергенше пара бер болып қолданысқа түсті дейді.
Пара дегеніңіздің «құдіретін» айтайын. Баласы немесе күйеуі кісі қолынан мерт болып, қылмыс жасағандар кім екені тайға таңба басқандай анықталып тұрса-дағы – қылмысы дәлелденбегендіктен деген сылтаумен жабылып қалған істерді өмірде жиі естиміз. Бәрі анық-қанық істің өзін параның арқасында қылмыскерді – сүттен ақ, судан таза деп; кінәсізді – бар пәленің ұйытқысы осы деп қараңғы үйге қамағанша асығамыз.
Жазушы елімізге дендей еніп, қиын кеселге айналған, жуық арада жойыла қоймайтын қатерлі дерттің астарын ашып, әдібін сөгіп, көрегендік пайыммен көз алдыңыздан жіпке тізгендей өткеріп шығады. Көсемсөзшілік шеберлігіне риза боласыз, көңіліңіз толады.
Мереке Құлкенов қаламдасымыздың біз оқыған әңгімелерінің астарын ашып қарасақ – ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттердің жоқшысы, іздеушісі болып шығады. Келешекте бар боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба деген сауалды әлсін-әлсін алдымызға тартады... Қазақы таным-түсінікті, қазақы мінезді алтын сандықтай асылдап ұсталық, әптиектей сақтап келер ұрпаққа жеткізелік! Олай етпеген жағдайда – ішкі рух серіппемізден айырылып қаламыз деген ойды әлсін-әлі есімізге салушы дегім келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Мәскеудегі орыстың үлкен жазушысы Алексей Бакланов: «Дүниедегі адамдарды «Ағайынды Карамазовтарды оқығандар» немесе «Ағайынды Карамазовтарды» оқымағандар деп екіге бөлуге болады» деп мақала жазғаны есімде қалыпты. Сол жазушыға ұқсап уәж айтайын. Мен де бүгінгі жас ұрпақты екі топқа бөліп сөйлейін. Бірі: ұлы мәртебелі әдебиеттен нәр алып, көркем, тірі сөздің қасиетін жүрегіне сіңіріп өскен ұрпақ; екіншісі: әлгіге қарама-қайшы – әдебиеттің иісі мұрнына бармайтын, тек қана күнделікті күнкөріс, суішкілік нәпақасын ойлап өскен ұрпақ дер едім. Күнделікті тіршілікте көріп-біліп жүрміз: ұлы мәртебелі әдебиеттің уызына жарып өскен жасөспірім келе-келе қай мамандықтың тізгінін ұстаса-дағы – сол мамандықтың білгірі, сол кәсіптің бәйгеден озып келер жүйрігі болып шығады. Өйткені, әдебиет жүректің нәрі, жүректің ұяты, пайым-парасаттың сатысы, ар-ождан таразысы, төзім шеңберінің бұзылмас қамалы.
Осыдан шығатын ой – тірі сөзден шер төгіп, сыр айтудың ұстасы, үлкен қаламгер Мереке Құлкеновтің қаламынан туған жан шуағы мол, уыз тілді, кемпірқосақ бояулы көркем әңгімесі мен көрікті көсемсөзі бүгінгі жас ұрпақтың тәлімгер тәрбиешісі, ұстазы. Қиялына қанат жалғап биікке жетелейтін, аяғына басқыш қоятын, жігеріне жігер қосатын қолдаушысы. Жарылқаушысы. Жан азығы.
Баяғыдан бір терінің пұшпағын қосыла илесіп, қазақ қара сөзінің ыстық-суығын бастан бірге өткерісіп келе жатқан замандас, сырлас, мұңдас Мереке Құлкеновке айтар үлкен тілек – шеберлік мектебіңнің шәкірттері көбейе берсін! Жазарың мол болсын, тірі сөзің таусылмасын, замандасым!
Дүкенбай ДОСЖАН.
Өзіңе қашанда тәнтімін
Қашан көрсем де
Сымға тартқандай
Тік жүріп,
Тік тұрасың.
Соныңмен-ақ
кім-кімге де
Өзіңнің кім екеніңді
Ұқтырасың.
Қайсар мінезің-ай:
Айтпайсың,
Ал айтсаң -
Қайтпайсың.
Өзім дегенге
Кеудеңді жыртып,
Жүрегіңді жұлып
Беруге барсың.
Ал бірақ
көкірек керіп,
Намысқа тигеннің -
Қолында! -
Өлуге барсың.
Ондайда
Қып-қызыл өрт болып
Жанып тұрасың...
Жабыққан жандарға
қол ұшын беріп,
Жолына сәуле түсіріп,
Шам болып
Жанып тұрасың.
Кескекті ой,
Ескекті сөзіңді -
Қашан да! -
Жақтап өтемін.
Мереке, біліп қой,
Мына өмірде
Сендей досымның
Бар екенін
Мақтан етемін!
Мереке, білемін,
Тірлік пен үміттен
Тұрады әр күнің...
Ешкімнен қаймықпай
Кім-кімнің де
Көзіне қадалып
Тік қарайтын,
Өзіңе қашан да тәнтімін.
Темірхан МЕДЕТБЕК.