Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім жүйесін ақпараттандыру туралы жыл сайынғы Жолдауында, одан кейінгі сөйлеген сөздерінде нақты тапсырмалар беріп келе жатқаны белгілі. Мысалы, 2007 жылғы Жолдауда «Компьютерлік сауатсыздықты жоюдың және халықтың интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етудің көлемді бағдарламасы қажет» десе, 2009 жылғы Жолдауында «Біздің халқымызға білім алу керек, әлемдегі адамдар ғұмыр бойы білім алады» деген болатын.
Қазір Елбасы алға қойған осындай міндеттер заман талабына сай жұмыс істей бастағанын күнделікті тірліктен айқын аңғаруға болады. Соның бір дәлеліндей, Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Білім жүйесін ақпараттандыру» 5-ші халықаралық форумы кеше елордада, Тәуелсіздік сарайында өз жұмысын бастады. Оған Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев бастаған алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, педагогтар, ірі ІТ-компаниялардың және АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Түркия, Румыния, Польша, Ресей, Беларусь, барлығы 14 мемлекеттің өкілдері, сол секілді «Майкрософт-Қазақстан», «Intel», «Доктор Веб», «Katev», отандық «Қазтелеком», «Логиком», тағы басқа компания мамандары қатысты. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында электронды оқыту жүйесін енгізудің стратегиясы айқындалғаны белгілі. Форумға қатысушылар осы жұмысты атқару барысы туралы ой бөлісті.
Алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов алып, еліміздегі білім жүйесін ақпараттандыру жайына жан-жақты тоқталды. Мемлекетіміздің соңғы 10 жыл ішіндегі дамуы Катар мен Қытайдан кейінгі үштікке еніп отырғанын, бұл Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі екеніне тоқталған ол бұдан әрі негізгі екі мәселеге ерекше көңіл аударды. Оның біріншісі инструменталды-технологиялық бағыт десек, соның нәтижесінде 5 жылда еліміздегі барлық мектептер компьютерлендірілгенін, 2001 жылы бір компьютерді 62 оқушы пайдаланатын болса, бүгінде 16 оқушыға бір компьютерден келіп отырғанын жеткізді.
Ақпараттандырудың екінші бағыты бұл оның мазмұндық сипатында жатыр екен. Оның бастауында ақпараттық технологиялар саласына қажет мамандар дайындау тұр десек, мұны қазір еліміз бойынша 91 жоғары оқу орындары іске асырып жатқан көрінеді. Ондай болашақ кадрлардың ұзын саны 40 мың адамнан астам екен. Ал Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің 17 елінде 520 стипендиат ақпараттық технологиядан білім жетілдіру үстінде деген министр, мұнымен қоса, электронды оқу құралдарын әзірлеу жайын айта келіп, пәндердің 95 пайызы цифрлы форматқа келтірілгенін, жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық электронды оқулықтар, 690 электронды тренажер мен есептер жинағын әзірлегенін, 900-дей мультимедиялық оқыту бағдарламалары, 13 виртуалды лабораториялар және 648 тестілеу бағдарламалары жасалғанынан нақты мысалдар келтірді.
Министр алда тұрған міндеттерге де жете көңіл аударды. Оның ең бастысы, цифрлы контенттің сапасы көңіл көншітпей отырғанын, электронды оқулықтар мектепте оқытылатын пәндер мазмұнының жартысын ғана қамтитынын айтып, алда әлі талай жұмыстардың бар екенін жеткізді. Қазіргі уақытта білім беруді ақпараттандыру процесі дамудың жаңа кезеңінде тұр. Осындай істі алға апару барысында мазмұндық міндеттерге басымдық беру керек. Себебі, АҚШ пен Еуроодақ елдерінің сарапшылары алдағы уақытта ақпараттық технологиялар стандарттары жылдам жетіледі деген болжамдар айтуда. Елде индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыруда ақпараттық технологиялар ерекше маңызға ие, дей келіп, ол білім беруді ақпараттандырудың жаңа кезеңі e-learning – электронды оқытуды енгізуге байланысты екенін атап өтті. E-learning – білімді дамытудың және көптеген өркендеген елдерде экономиканы көтерудің негізгі құралы болып отыр. Жалпы, электронды оқыту білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақты дәйектелген. Біз мұны оқу процесін инновациялық жаңарту механизмі ретінде енгіземіз. Қолданыстағы жүйе мен мұғалімнің рөлін сақтай отырып, дәстүрлі және электронды оқытуды байланыстырамыз. Бұл ұмтылыс, ең бастысы, білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. 2015 жылға қарай электронды оқыту жүйесін пайдаланушылардың саны 50 пайызды құраса, 2020 жылы 90 пайыздан асатын болады, деді ол.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Интернеттің, электронды поштаның, өзіндік құны төмен халықаралық телефондық қызметтің, ұшқыр телефонның және электронды конференцияның таралуымен әлемде айтарлықтай өзара байланыс орнады» деген сөзінің дәйегіне нақты мысалдар келтіре сөйлеген Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев білім саласын ақпараттандыру жөніндегі халықаралық форумның жұмысына жоғары баға беріп, бұл іс елдік жұмыс екенін баса айтты. Ол бұған қоса мемлекетімізде соңғы кездері интернет жүйесінің жақсы жолға қойылғанына нақты мысалдар келтіріп, бұл алдағы уақытта жалғаса беретінін, бүкіл Отанымыздың барлық аймағын ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету ісіндегі қол жеткен жетістіктерді де талдап, білім сапасын арттыру ісінде оқу теледидарының ерекше орын алатынын, ол да алдағы уақытта өз шешімін табатынын айтып, білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға ақпараттық техника мен технология бойынша жасалатын қамқорлықтарды сала-салаға бөліп жеткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Ферхо, Ақпараттық технологиялар жөніндегі ЮНЕСКО институты директорының орынбасары А.Хорошилов, «Майкрософт-Қазақстан» компаниясының өкілі А.Андреев, өзге де азаматтар Қазақ елінің білім саласындағы оң өзгерістерге өздерінің көңілі толатынын, ақпараттандыруға осылайша ерекше көңіл бөлу келер күнге ұмтылудың озық үлгісі екенін айтты.
Форум соңында Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов баспасөз конференциясын өткізіп, білімді ақпараттандырудың бүгіні мен болашағы туралы сұрақтарға нақты жауаптар берді.
Сүлеймен МӘМЕТ.