Түрік Республикасында Ауғанстан мәселесіне арналған халықаралық Ыстамбұл конференциясы өтті. Бұл жиынға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов қатысып қайтты.
Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын туғызып отырған күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын қарастыруы мезгіл өткен сайын соны сипат ала түсуде. Ал әлемді алаңдатқан проблемалардың бірі Ауғанстан проблемасы екені белгілі. Бұл ретте, Ыстамбұл төрінде ұйымдастырылған халықаралық конференция Қазақстанның ғана емес, осы мәселеге тікелей мүдделілік танытып отырған елдердің басын қосып, көптің көкейінде жүрген түйткілдерді тарқатуға бағытталды. Осылайша, келелі жиынға жиналған халықаралық қауіпсіздікке ықпалдас және донор мемлекеттер делегациялары, аймақтық елдер өкілдері Ауғанстанда тұрақтылық орнату және орнықтыру мақсатын көздеген бірлескен іс-әрекеттерді және осы елдің аймақтық-экономикалық және саяси ынтымақтастыққа қатысу жолдарын талқылады.
30-ға жуық елдің өкілдері қатысқан конференция басталмас бұрын делегаттар Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлымен және Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен кездесті. Бұдан кейін Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің өзі ашқан Ыстамбұл конференциясы жұмысын бастап, онда Сыртқы істер министрлері, жиынға қатысушылар баяндама жасады.
Конференция аясында сөз алған Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов алапат табиғат апаты салдарынан орын алған қайғылы жағдайға байланысты Түркия тарапына көңіл айтты. Бұдан кейін Сыртқы істер министрі қонақжайлығы мен конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастыра білгені үшін Түркия үкіметіне ризашылығын жеткізді. Осы орайда ол Түркия үкіметінің Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіру бағытындағы бастамалары жоғары бағалауды қажет етеді, бұл өз кезегінде бауырлас елдің ауған жұртшылығының бақуатты өміріне, мемлекеттің болашақтағы дамуы мен гүлденуіне септігін тигізеді деген ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Ауғанстан мәселесі бойынша қалыс қалып отырмағанын, керісінше, шиеленіскен түйткілдерді тарқатуға, бұл мақсаттағы іс-шараларды оңтайландыруға өзі тарапынан күш-жігер танытып, айтарлықтай үлес қосқанын, мұның, әсіресе, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде айқын көрінгенін атап өтті.
Біз – жетекші ұйымның ауған мәселесін шешудегі рөлінің жоғарылауына мүдделі елміз. Астана өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ауған мәселесіне айрықша мойын бұрғаны белгілі. Біз Ауғанстан проблемасын шешудегі Ұйымның рөлін арттыруға қазір де мүдделілік танытып отырмыз. Осы орайда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Азиядағы әріптестерімен ынтымақтастық орнату бағытындағы Өзара байланыс тобының төрағасы ретіндегі атқарып отырған жұмыстарын бөле айтуға болады. Ауғанстан мәселесі сондай-ақ, биылғы жылдың маусым айынан бастап Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық тізгінін ұстаған біздің еліміз үшін айрықша маңызға ие, деді Е.Қазыханов. Ұйымға мүше 57 елді болашақта да осы елге көмек қолын созуға шақыратын арнайы қарарға қосымша ұсыныстар енгізілген болатын. Бұл ұсыныстар Астанада 30 маусым күні өткен министрлер отырысында қабылданды. Ал бұл өз кезегінде Кабулда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Тұрақты миссиясы тетігінің іске қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Біз бүгін ауған халқы мен оның үкіметіне олардың «қауіпсіз болашақтың тетігін қалау» жолындағы шынайы күш-жігері мен ниетіне қолдау көрсетуді жалғастыра беруіміз керек. Сондықтан, 10 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың алғашқы қорытындысын шығаратын кез келді.
Осы орайда, «Ауғанстан Ислам Республикасының бұдан кейінгі тұрақты мемлекеттік және қоғамдық дамуына жағдай жасайтын бірлескен іс шаралар шоғырын анықтап алуымыз керек», деді Сыртқы істер министрі. Халықаралық жиын аясында Қазақстанның Ауғанстан мәселелерін бір жүйеге келтіру бағытындағы басты ұстанымдары да алға тартылды. Мәселен, еліміздің осы ел бойынша ұстанып отырған басты және міндетті деп санайтын ұстанымдары мынаған саяды: біріншіден, Ауғанстанның өз ішіндегі бітімгершілік турасындағы кеңейтілген үнқатысуды жалғастыру, екіншіден, елдің қалыпты ішкі саяси өмірін қалыптастыруға жағдай жасау, халықаралық қоғамдастыққа мүше елдердің Ауғанстанның экономикасын қайта қалпына келтіру бағытында өзара келісілген ынтымақтастығы мен іс-қимылын жандандыру және төртіншіден, Ауғанстанды аймақтық дамуға қатыстыру.
Қазіргі таңда Қазақстан – Ауғанстанның мемлекет ретінде қайта дамуы мәселелеріне ерекше көңiл бөліп, оң ниеттестік танытып келе жатқан бірден бір ел. Осыған байланысты Елбасының бастамасымен ауғандық 1 мың студенттің еліміздің оқу орындарында білім алу бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бұл бағдарлама 2010-2018 жылдар аралығын көздейді. Аталған шараға Қазақстан Үкіметі мемлекеттік бюджеттен 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлген. Ауғандық студенттердің 153 адамнан тұратын алғашқы тобы Қазақстанның білім беру орталықтарында оқуларын өткен жылдың қыркүйек айында бастады.
Қазақстан-Ауғанстан арасындағы екіжақты үкіметаралық комиссиясының сауда-экономикалық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстары да жүйелі жолға қойылып келеді. Бірнеше жыл бойына Қазақстан Ауғанстанға тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетіп отыр. Болашақта да бұл үдеріс өз жалғасын табатын болады.
Ауғанстан мәселесіне арналған Ыстамбұл конференциясы барысында осындай ойлар айтылды. Бұған қоса, Қазақстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мүмкіндіктерін белсендірек пайдалану қажет деген ұстанымын да қолдайды. Бұл Ауғанстанды күнделікті пайдаланатын тауарлармен жүйелі қамтамасыз етуге жол ашатыны анық. «Осы орайда, біз Қазақстанның бидайын, ұнын және азық-түлік өнімдерін сатып алуды ұсынамыз. Биылғы жылы қазақстандық фермерлердің бидайдан 25 миллион тоннаны құрайтын рекордтық өнім алғаны белгілі болар», деді Е.Қазыханов өз сөзінде.
2007 жылы Қазақстан Ұлттық жәрмеңкесі мен іскерлік топтардың кездесулері ұйымдастырылып, нәтижесінде бизнес құрылымдардың өкілдері 85 млн. АҚШ долларын құрайтын келісім-шарттарға қол қойды. Сонымен қатар, Самаган ауданында мектеп (160 мың долл.), Бамиан ауданында емхана салу (570 мың долл.) және Құндыз-Талукан жолын жөндеу (1,65 мың долл.) мақсатында АИР Қаржы министрлігінің шотына 2008 жылы шілде айында 2,38 млн. долл. аударылды. Сондай-ақ, 2008 жылы еліміз Ауғанстанға гуманитарлық жәрдем ретінде 2 мың тонна азықтық бидай, 2009 жылы 1,3 мың тонна құрғақ сүт, 2010 жылы 6 мың тонна күріш, ал 2011 жылы 5 мың тонна күріш жармасын жіберген еді. Қазақстан экономикалық ынтымақтастық бағыты аясында энергетика саласындағы өңірлік халықаралық жобаларды да қолдайды.
Біз халықаралық қоғамдастыққа мүше елдер және Ауғанстанның өзі БҰҰ-ның шекаралық біртұтастықты құрметтеу және елдің ішкі өміріне араласпау жөніндегі қағидаларын қуаттайды деген ойдамыз, деді Ержан Қазыханов жиын кезінде.
Халықаралық конференция шеңберінде Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары У.Бернспен, ГФР Сыртқы істер министрі Г.Вестервеллемен, Ауғанстан Сыртқы істер министрі З.Расулмен, Түркіменстан Сыртқы істер министрі Р.Мередовпен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Л.Заньермен, сондай-ақ, ИЫҰ Бас хатшысы Э.Ихсаноғлымен екіжақты кездесулер өткізді. Бұл кездесулер аясында аталған елдермен жақын болашақтағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері әңгіме өзегіне айналды.
Халықаралық Ыстамбұл конференциясы барысында Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлы кездескен қиындықты бір мемлекеттің еңсеруі мүмкін еместігін, осы орайда, «Ауған үдерісіндегі» қым-қиғаш мәселелерді оңтайландыру және елді «қауіпсіз аймаққа» айналдыру үшін шекаралас және Батыс елдерінің өзара жұмылуына мән берілу қажеттігіне айрықша тоқталған еді. Демек, Қазақстан да мұндай маңызды миссиядан шет қала алмайды. Оған биылғы жылдың 15 қарашасы күні Астанада өтетін Ауғанстан бойынша халықаралық Өзара байланыс тобының кезекті отырысын айтсақ та жеткілікті болар.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Астана – Ыстамбұл – Астана.