Бүгінде Ауғанстандағы жағдай Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері үшін ортақ және өткір проблемаға айналып отыр. Бұл мемлекеттегі ұзақ жылдарға созылған саяси тұрақсыздық пен экономикалық қиын жағдайдың асқынғаны соншалық, қазіргі кезде Ауғанстан экстремизм мен терроризмнің, сондай-ақ есірткі саудасының ошағы ретінде атала бастады.
Жасыратыны жоқ, ондаған жылдардан бері елдің саяси-әскери саласында ауғандық исламизмнің ықпалы артып, ол көршілес мемлекеттердің ғана емес, өзге де бірқатар елдің аумақтарына «экспортталып» та жүр. Оған мысал ретінде Қытайдың Шынжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы экстремистік сипаттағы оқиғаларды, Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясы мен Үндістанның солтүстік штаттарындағы адам өліміне соқтырған террорлық әрекеттерді алуға болады. Сарапшылар осы жағдайлардың негізі Ауғанстаннан «транзиттеліп» жатқанын айтады.
Экстремизм мен терроризм бірінші кезекте Ауғанстанның өзіне қауіп төндіретінін ауған билігі мен халқы бұрыннан біледі. Кеңес әскерлері, одан кейін бірқатар мемлекеттің бітімгерлік күштері ауған жеріне тұрақтылық орната алмады. Экстремизм мен терроризм сияқты қауіп-қатердің алдын алып, онымен мықтап күресуге «шамалары» жетпеді. Өйткені Ауғанстан жеріне түсірілген мемлекеттердің әскерилері бас біріктіріп, мұздай қаруланған содырларға қарсы бірге күресудің орнына, әрқайсысы жеке-жеке операциялар жүргізуге тырысты. Одан ойдағыдай нәтиже шықпады. Осылайша Ауғанстан жері, ауған даласы жаттығулар өткізетін әскери полигонға, экстремистер мен терроршылардың ошағына айнала берді. Оның зардабы мен ауыртпалығын бүгінде ауған халқы тартып отыр.
«Талибан» қозғалысы мен өздерінің қатыгездік іс-қимылымен танылған «Ислам мемлекеті» экстремистік топтарының базасы осы Ауғанстан аумағында орналасқан. Олардың құрамындағы содырлардың көпшілігі мемлекеттік шекара дегенді қасақана мойындамайды, біртұтас ислам халифатын құруды мақсат етеді. Бұл радикалды топтарға өздерінің діни экстремистік сипаттағы іс-әрекеттерін насихаттау кеңістігін кеңейту және террорлық актілер жасауға бейім тұратын адамдарды қатарларына тарту үшін қажет.
Адам өліміне соқтыратын жарылыстар мен қарулы шабуылдар Ауғанстан аумағында екі күннің бірінде болды десек, қателесе қоймаспыз. Мысалы, осыдан оншақты күн бұрын Кабул қаласында пуштун тілінде хабар тарататын «Шамшат» телеарнасына қарулы шабуыл жасалып, соның салдарынан адамдар қаза тапты, телеарна ғимараты бүлінді. Жалпы, ел халқы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандары үшін Ауғанстан билігіне наразы. Ереуілге де шығып, өз талап-тілектерін қойып та жүр. Тіпті НАТО-ның 13 мыңдай әскері де елдегі тыныштықты қамтамасыз ете алмай отыр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Р.Тиллерсон жақында Ауғанстанға қосымша тағы үш мың әскер жіберілетінін мәлімдеді.
Ауғанстанда ғана емес, әлемде экстремизм мен терроризмнің алдын алып, оны жоюдың негізі қаржыландырудың жолын кесуде жатыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бірқатар мемлекеттерде экстремистік және террорлық топтарды қаржыландыратын, оларға материалдық қолдау көрсететін ұйымдар бар. Тіпті жекелеген тұлғалар да кездесетін көрінеді. Сонымен қатар бұл ұйымдар мен топтар қаржы көздерін арттыру мақсатында қару-жарақ, есірткі, адам саудаларымен де айналысады, тапсырыспен кісі өлтіру қылмысын жасаудан да тайынбайды. Елдердің қауіпсіздік қызметі органдары экстремистердің қаржыландыру көздерінен хабарсыз дей алмаймыз. Өйткені мұндай қылмыс түрлеріне қарсы күрес бірлесіп, ұжымдасып іс-қимыл танытқанда нәтижелі болмақ.
Ауғанстан бірнеше жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына байқаушы мемлекет мәртебесіне ие. Ұйымның отырыстары мен саммиттерінен ешқашан қалған емес. Ал енді Ауғанстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі болғысы келеді. Дәлірек айтқанда, Ұйымға мүше болу арқылы өздерінің құрылымға қатысу қызметін кеңейткісі келеді. Осылайша саясатын ШЫҰ-ға серіктес ретінде жүзеге асыруды қалайды.
Қазіргі кезде Ұйымның аумағы да, қызметі де едәуір артты. Биыл Ұйым қатарына әлемдегі ірі держава саналатын Үндістан мен Пәкістан мүшелікке қабылданды. Оның үстіне осы жылдың сәуірінде Астанада өткен ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі жетекшілерінің жиынында экстремизммен күрес жөніндегі конвенцияның жаңа мәтіні келісілді. Аталған құжат бойынша халықаралық терроризм сипатындағы кез келген қылмыс түрі қатаң жауапкершілік ретінде қарастырылады. Сондықтан Ауғанстан жұртшылығы Қазақстан мүше болып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына қызығушылық танытып отыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»