Бүгінде бокстың басы-қасында жүрген адамдар халқымыздың оң жамбасына тиетін спорттың осы түрін дамытуда көп жұмыстар атқарылып жатқанын жақсы біледі. Әсіресе, биылғы жылды ерекше айтуға болады. Биыл елімізде боксты дамыту жолында көп жобалар іске асты. Жақында біз Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур ҚҰЛЫБАЕВПЕН кездесіп, соңғы кездері қолға алынған жұмыстар туралы айтып беруін өтінген едік.
– Тимур Асқарұлы, бокстың біздің елге Олимпия ойындарында жүлде әкелетін спорт түрлерінің бірі екені баршаға белгілі. Біздің елімізде өзіңіз білесіз, боксқа деген жанкүйерлердің көңілі алабөтен. Сондықтан әңгімені боксты дамытуда қандай жұмыстардың істелінгенінен, қандай жобалардың қолға алынатынынан бастағаныңыз дұрыс болар еді.
– Біздің елімізде бокс шынымен де ерекше орын алады. Кей кезде біз боксты ұлттық спорт түріне жатқызып қоятынымыз жасырын емес. Сондықтан болар біздің жанкүйерлер боксты өзіне жақын тартып, боксшыларға қандай жарыс болмасын жоғары талап қояды. Менің ойымша, бұл жақсылық нышаны. Талап дегенінің өзі жанашырлықтан шығады ғой. Сырт көз сыншы дейді. Қазір біздің боксты дамытуда істеп жатқан жұмыстарымыздың көбі жанкүйерлердің боксшыларға осыншама талап қоюының арқасы деп те айтуға болады. Бүгінде елімізде бокс мектептерін ашу, төрешілерді дайындау, жарыстарды халықаралық талаптарға сай өткізу, ғылыми-медициналық жетістіктерді пайдалану, боксшылар мен бапкерлердің жалақысын өсіру, оларға сыйақы беру, дәрігерлер мен төрешілердің жағдайын шешу сияқты жұмыстар атқарылуда. Осының нәтижесінде биыл біздің ел бокста бірталай жетістікке қол жеткізді. Оған жақында Әзербайжанның Баку қаласында ересектер арасында өткен әлем чемпионатына қатысқан ұлттық құрамамыздың жарысқа дайындығын, сонда көрсеткен өнерін, тұңғыш рет Бүкіләлемдік серия бойынша боксшымыз Қанат Әбутәліповтің алтын жүлдені жеңіп алып, Олимпиадаға бірінші болып жолдама алғанын, осы жазда Астанада жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінің ұйымдастырылу деңгейін, елімізде алғаш рет Бүкіләлемдік бокс академиясының салынатынын, АИБА атқарушы комитетінің мәжілісінде 2013 жылы Астанада кезекті әлем чемпионатын өткізу туралы шешімнің қабылданғанын жатқызуға болады. Айта берсек, жұмыстар өте көп. Біздің ендігі мақсатымыз – Олимпия ойындарында ұлттық құраманың лайықты өнер көрсетуі, соған жақсы дайындалуы. Қазір біздің елімізде Олимпиаданың алты жолдамасы бар. Алда тағы Астанада өтетін лицензиялық турнир болады. Осы сында Олимпиадаға төрт жолдаманы жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз.
– Өзіңіз айтып өткендей, елімізде жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті, екі жылдан кейін ересектер арасында әлем біріншілігі өтеді. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының біздің елде осындай жарыстарды өткізуге көңіл бөліп жатқанын немен байланыстырасыз?
– Мұның бәрі алдымен Қазақстан боксында жүйелі түрде жасалып жатқан өзгерістермен байланысты. Біздің елдің бокс мектебі бүкіл әлемге белгілі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – боксты дамытуға тың серпін қосу. Бүгінде бүкіл әлемде бокс жақсы дамып келеді. Бұрын terra incognita болған елдердің өзі қазір рингте жаңа қырынан көрініп жатыр. Мәселен, соңғы кездері Қытай мен Үндістан боксының жақсы дамып келе жатқанын айтуға болады. Футбол елі саналатын Бразилияда да жағдай осындай. Ол жерде де боксты дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Айтпақшы, биыл Астана мен Баку төрінде жасөспірімдер мен ересектер арасында өткен әлем чемпионаттары қатысушы елдер мен жүлдегерлер саны бойынша рекорд жасаған жарыстар болып, бокс шежіресіне тайға таңба басқандай етіп жазылды. Бұл бокстың бүкіл әлемге кеңінен таралып, бәсекелестіктің жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан бізге жолдың жиегінде тұрмай, әрі қарай адымдап жүру үшін боксты дамытуға бар күш-жігерімізді сала беруіміз керек. Тағы айтатын нәрсе, жоғары жетістіктегі спорт экономика секторы сияқты жүйелі түрде жұмыс істеп, көп еңбектенуді, инвестиция салуды талап етеді. Осының бәрі болғанда боксты да дамытуға болады. Біздің Бокс федерациясының қазіргі міндеті – жүйелі, жоспарлы түрде бүгінгі күннің мәселесін шеше отырып, болашаққа инвестиция салуға жұмыс істеу. Қазір федерацияның өзінің толық жүйесі құрылып, жұмысы реттелді.
– Бұл қандай жұмыстар?
– Біздің ұзақ мерзімді бағдарламаларымыз бар. Соның бірі – АИБА-ның Бокс академиясын салу. Оның жобасы Астанада өткен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы атқарушы комитетінің мәжілісінде қабылданды. Қыркүйек айында академияның құрылысы басталды. Бұл енді әлемде теңдесі жоқ спорт кешені болады. Онда спортшылар, бапкерлер, төрешілер мен басқа да мамандар дайындалады. Аталған жобаның маңызы зор. Осы жоба бәрімізге керек. Алдымен ол отандық боксқа ауадай қажет деп ойлаймын.
Осы күндері федерация тағы бір үлкен жұмысты қолға алып отыр. Ол – бұқаралық спортты дамыту. Бұқаралық спорттың бәрімізге керек екені бесенеден белгілі. Спорт – бұла күштерді өсірудің құралы ғана емес, ол адамның бойында жеңіске деген жігерін, алға ұмтылу, мақсат қою сияқты мінездерін де қалыптастырады. Қазір біздің жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін осындай қасиеттер керек. Сол себепті ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында дені сау ұлтты қалыптастырып, оның бәсекеге қабілетті болуы үшін елдің ішкі саясаттағы стратегиялық басым бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту, онымен айналысатын халықтың санын 30 пайызға жеткізу керек екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты біз жастардың спортпен айналысуына барлық жағдайды жасап келеміз. Елде балалар үшін тегін бокс үйірмелері жұмыс істеуде. Бокс жарыстарына кіру де тегін. Сіз өзіңіз «Қазақстан» спорт сарайында әлем чемпионаты өтіп жатқан кезде қаншама баланың жарысты тамашалауға келгенін көрдіңіз ғой. Міне, осындай жарыстарды көрген бала боксқа қызығып, ертең үйірмеге баруы әбден мүмкін. Әрине, ертең олардың бәрі үлкен спортқа барады деп айта алмаймын. Бірақ үлкен спортпен айналыспаса да баланың үйірмеге барғанының өзі спорт үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Менің ойымша, спортты дамыту – медаль жеңіп алған жағдаймен өлшенбеу керек. Ол халықтың жаппай спортпен айналысуымен құнды.
– Соңғы кезде еліміз АИБА-ның жұмысына белсене араласып келеді. Біз бұдан не ұтамыз?
– Біздің федерацияның басым бағыттарының бірі – АИБА-мен тығыз қарым-қатынасты нығайту. Біз әрдайым оқиға ортасында болып, бокстың әлемде қалай дамып, қандай жолмен келе жатқанын біліп отыруымыз керек. Қазір боксты ұлттық федерация аясында ғана дамыту мүмкін емес. Мұны біз ғана емес, АИБА жетекшілігі жақсы түсініп отыр. Олар бүгінде әр елдің федерацияларымен жұмыс істеуге мүдделі. Сондықтан АИБА жер-жүзінде өзінің беделін көтеріп, боксты дамыту үшін жақсы идеялар ұсынуда. Былтыр Бүкіләлемдік бокс сериясының алғашқы маусымы жанкүйерлер тарапынан қолдауға ие болғанын білеміз. Биыл оның екінші маусымы басталады. АИБА бұдан басқа тағы бір қызықты жоба ұсынып отыр. Ол – «АИБА-ның кәсіпқой бокс» жобасы деп аталады. Бұл жоба – «Бокс 16» деген бағдарламаның бір бөлігі. Оның ағылшынша аты – АРВ жобасы.
– Жаңа жобаның мәні мен маңызы қандай? Оған Қазақстан қатыса ала ма?
– АРВ жобасы Лондон Олимпиадасынан кейін іске асады. Мұнда әлемдік рейтингтегі ең үздік боксшылар 2016 жылғы Олимпиадаға қатысуға жолдама алады. Бұл жоба – әуесқой бокста үлкен жетістікке жеткен боксшылар кейін кәсіпқой боксқа кетпеуі үшін жасалып отырған жоба. Әйтпесе, өздеріңіз Олимпиада жүлдегері атанған спортшы көп ретте қалтасын ойлап кәсіпқой боксқа кетіп қалатынын білесіздер ғой. АРВ жобасы осы үрдісті тоқтатуға арналған. Былайша айтқанда, ұлттық федерациялардың Олимпиадаға дайындаған боксшылары үшін жұмсаған күші мен қаржысын зая кетірмеуге арналған деуге болады. Жалпы, бұл жобаның жақсы тұстары көп. Мәселен, оның ұлттық федерацияларға спортшыларды даярлауға материалдық жағынан қолдау көрсету, боксшы қолғабын шегеге ілгеннен кейін оны әлеуметтік жағынан қорғауға жағдай жасау сияқты ережелері бар.
Қазақстан Бокс федерациясы аталған жобаны іске асыруға белсене араласып жатыр. Енді біздің күнтізбелік жарыстарымызда кәсіпқой бокстан өтетін турнирлер өзінің орнын табады.
– АИБА-ның 2013 жылы Астанада әлем чемпионатын өткізу туралы қабылдаған шешімін біздің елдің әлемдік бокстағы жетістігі деп айтуға бола ма?
– Әрине. Бұл біздің көптен бергі арманымыз, мақсатымыз еді. Сол кезде біздің жанкүйерлердің арманы, тілегі жер-жүзінің ең мықты деген боксшыларының айқастарын өз елімізде тамашалау болғаны рас емес пе. Енді соған жеттік. Енді алты жастағы бала мен алпыс жастағы атасымен бірге екі жылдан кейін әлемнің небір гүрзі жұдырықты жігіттерінің жекпе-жектерін өз көздерімен көріп, тамашалай алатын болады. Осы жерде мына нәрсені айта кеткен жөн шығар. Астанада әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі бізге бірден келген жоқ. Бізге алдымен осы жылдың жазында жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын өткізіп, төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы сыншыларға емтихан тапсырып, олардың сынынан сүрінбей өту керек болды. Біз содан сүрінбей өттік те. Астанадағы бозбалалардың әлемдік бәсекесі барлық жағынан жоғары деңгейде өтті. АИБА президенті Чинг-Куо Ву мен әлем чемпионатына қатысқан елдердің бокс федерациялары басшылары Астанадағы әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейін бас бармақтарымен бағалады. Бұдан артық баға керек пе? Енді біз 2013 жылы елімізде ересектер арасында өтетін әлемдік бәсекені де лайықты деңгейде өткізуді мақсат етіп отырмыз.
– Тимур Асқарұлы, Бакуде өткен әлем чемпионатынан қандай қорытынды шығардыңыздар?
– Жалпы, біздің спортшыларға қанағаттанарлық баға беру керек деп ойлаймын. Бұл чемпионаттың бір жақсы жері, боксшылардың деңгейін, кемшіліктерін көрсетіп берді. Әрине, бес саусақ бірдей емес қой. Әр елдің өзінің жақсы жақтары мен кемшін тұстары болады. Осы чемпионат бізге ұлттық құрамамыздың жаттығу жұмысын қайта қарауды, боксшыларды дайындаудың жоспарын өзгертуді, басқа да проблемалармен жұмыс істеуді көрсетті. Қазір бапкерлер құрамын дайындау мен қосалқы құрамды жасақтау үшін шаралар қабылданды. Мен бізде талантты жастардың көп екенін талай рет айтып келемін. Бізге жастарға жағдай жасап, жеңіске жетуге үйрету керек. Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетовке құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілуге бір табан жетпей қалды. Спорт дегеніміз міне, осы. Жеңіс пен жеңіліс әрқашан бірге жүреді. Енді федерацияның, бапкерлер, кешенді ғылыми топты мүшелері мен спортшылардың міндеті – Олимпия ойындарының дайындық бағдарламасының негізіне кіретін терең талдамалар, сараптамалар жасап, өткен жарыстардан қорытынды шығару.
– Қазақстан бокс федерациясының қандай жоспары бар?
– Біріншіден, Олимпия ойындарына дайындалу. Екіншіден, қосалқы құрамды дайындау мәселесіне баса наза аударылады. Үшіншіден, бапкерлер құрамын дайындау жүйесіне реформа жасайтын боламыз.
– Әйелдер боксы туралы не айтар едіңіз?
– Әйелдер боксына да ерекше көңіл бөлетін боламыз. Өйткені, ол енді олимпиялық спорт түріне енеді ғой. Биыл Астанада әйелдер арасында өткен халықаралық турнирде біздің қыздар атақты қарсыластарымен бәсекелесе алатынын көрсетті. Енді олар келесі жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатында Олимпиадаға жолдама алады деп сенеміз.
– Қазақстан бокс федерациясының кубогы да жанкүйерлер тағатсыздана күтетін жарысқа айналып отыр. Осы жарыс туралы да айтып берсеңіз.
– Бұл турнирдің мақсаты – бокстың өңірлердегі даму деңгейін көрсету. Биыл аталған жарыстың ережесіне облыстық және қалалық федерациялар тарапынан бірнеше ұсыныстар түскеннен кейін өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістер жарыстың тазалығын көрсетеді деп ойлаймын. Былтырғы кубок туралы әртүрлі пікірлер айтылды. Енді биыл қай команданың кубоктың иегері атанатынын көреміз.
– Тимур Асқарұлы, жаңа сіз қосалқы құрамды дайындау мәселесін айтып едіңіз. Біздің ұлттық құраманың қосалқы құрамының Кореяда өткен Азия бокс конфедерациясының чемпионатындағы өнеріне қандай баға бересіз?
– Біздің жігіттердің жақсы нәтиже көрсеткені қуантады, әрине. Бірақ соған қарап қол қусырып отыра беруге болмайды. Кеңес Одағы кезінде қандай бәсекелестіктің болғанын еске түсірейікші. Біз қазір осындай деңгейге жетуіміз керек. Егер ұлттық құраманың бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмірлі боксшылары деңгейлерінің бір-біріне жақын болуға жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана біздің команда ең мықты деген қарсыластарымен тең деңгейде бәсекелесетін болады. Бокс – ел намысы мен ел мерейі. Оны біз үшін дәл қазіргі кездегі №1 спорт түрі десе де болады. Өйткені, еліміздің әнұраны алдымен нақ спорттың осы түрі арқылы Олимпия ойындары мен басқа да көптеген ірі халықаралық жарыстарда шырқалады. Сондықтан Қазақстан бокс федерациясы елімізде боксты дамыту үшін жаңа жобаларды іске қосып, қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.