Ағайынды Бектұрғановтар тарту еткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов пен оның жары Бәдрисафаның портреті Әулиекөл аудандық музейіндегі келушілердің назарын ерекше аударатын жәдігер боларына күмән жоқ. Портретті олардың сұранысы бойынша қостанайлық белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Юрий Новоселов салып шықты.
Әулиекөл аудандық музейінде шығарманың тұсаукесері өтті. Оған қостанайлық белгілі қылқалам шеберлері Николай Гончаров, Олег Кусков, «Нұр Отан» партиясы және Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалдарының мүшелері, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен Бектұрғановтар туралы. Серік Шыңғысұлы – сенатор, Римма Шыңғысқызы – педагогика ғылымдарының докторы, көп жылдар Қостанай педагогикалық колледжін басқарды, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Қазір де білім саласында қызмет етеді.
– Бұл шығарманы біз інім Серік Шыңғысұлы екеуміз Алаш қозғалысының 100 жылдығына арнадық, сонымен қатар Әулиекөл ауданының 90 жылдығы қарсаңында да осындай шараның өткені дұрыс деп білеміз. Ахаңның халқымызға жасаған рухани еңбегінің, мемлекетке жасаған қайраткерлігінің алдында біз мәңгілік қарыздармыз. Ал Бәдрисафа шешеміздің тағдыры махаббатқа адалдықтың, қайсарлықтың символы тәрізді. Бірақ кемеңгер адам тағдырының бізге беймәлім жұмбағы да жетерлік.
Ахаңның Бәдрисафасы біз үшін осындай шешілмеген жұмбақ десек те болады. «Бәдрисафа» тарихи-танымдық экспедициясы біраз жұмыс бітірді. Юрий Дмитриевичтің қылқаламынан шыққан суретті музейге сыйлауға шешім жасадық, ол келушілерге Ахаң мен Бәдрисафа махаббаты туралы айтып тұрғандай болады, – деді Римма Шыңғысқызы.
Кімнің басынан жастық шақ өтпеді дейсіз? Өмірі күреспен өткен Ахаң да Қостанайдың жазындай жастықтың қысқа ғана самалын сезінсе керек. Дерегі қағазға түспесе де, Әулиекөл мектебіне келген жас мұғалімнің Бәдрисафамен осында кездескені туралы ауызша жеткен әңгіме бар. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов аудандық музейге тапсырған портрет үшін ағайынды Бектұрғановтарға алғыс айтты.
– Бәдрисафа шешеміздің тағдыры декабристер әйелдерінен асып түспесе, кем болған жоқ. Ол Ахаңа аяғына дейін адал болды, «төресі» үшін отқа да түсті, шоққа да күйді. Тағдырдың салғанына қасқиып қарсы тұрды, бәріне де көнді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларымен, қайраткерлігімен қатар, оның тағдырын да жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Ахаң мен Бәдрисафаның махаббаты, олар бастан кешкен бейнетті білудің өзі жас буынға рухани азық береді, – деді Жансұлтан Қоңыртайұлы.
Тұсаукесерден кейін облыстық орыс драма театрының ұжымы Ахаң мен Бәдрисафа тағдырынан сыр шертетін «Ақ келін» спектаклін қойды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы