Жанкелдин аудандық соты Қостанай ауданының 31 жасар тұрғыны К. деген азаматтың қылмыстық ісін қарады. Ол Торғай даласынан республиканың Қызыл кітабына енген, құрып кетудің алдында тұрған екі безгелдекті атқаны үшін ҚР ҚК 339-бабы бойынша айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қылмыстық іс келісу рәсіміндегі сотта қаралып, браконьерге 2 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Ол сот мерзімін аяқтағанша пробациялық бақылаудан өтіп тұрады. Оның сыртында кінәлі республика заңын бұзғаны және материалдық шығын әкелгені үшін 453 800 теңге айыппұл төлейді.
Безгелдек 2006 жылы 31 қазанда ҚР Үкіметінің қаулысымен құрып кетудің алдында тұрған жануарлардың тізіміне енгізілген болатын.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай