Басқасын былай қойғанда, «Шындық» атты толғауымен ғана аты Алтай мен Атырау арасын аралап кеткен, шашасына шаң жұқпайтын шайыр, термелерді таңнан-таңға ұрып төңкерген жырау, сазгер Шынболат Ділдебаевтың артында жырлардан түзілген мол мұрасы қалды.
Ауылдағы ағайындарды сағынғанда қалың-қалың альбомдарды ақтарып, сонау кездерден қалған естелік-суреттерге көз суаратыным бар. Анау бір аңғал бала кез. Ал анау үй баласын көрмей кететін түбітмұрт бозбала. Мынау әскери қызмет әлдеқашан бітсе де ананы зарықтырып үйге жете алмай қаруластардың ауылын аралап жүрген диуана шақ. Мына бір сурет менің шаңырақ көтерген тойымның естелігі. Мына домбыраны қағап-қағып жіберіп «...Мен теңіздей тасайын, келіннің бетін ашайын...» деп шырқап тұрған бұйрабас көркем кісі –Шынболат.
Сырда туып, қырда өстім деп шайырдың өзі айтатындай, Сырдың Шиелідей құйқалы жерінде кіндік қаны тамды. Шынболаттың ел-жұрты Ұлытау төңірегіндегі Байқоңыр мен Қарсақбайды жайлады. Ұлы нағашылары да осында. Туыстарға барып қосылайық деп қыңқылдаған болуы керек, Гүлжауһар ана қос ұлы Тасболат пен Шынболатты жетектеп қыр асады ғой. Соғыстан кейін азаматтарынан айырылып, соғыс салған жарадан айығып кете қоймаған ағайынның жағдайлары сонша түзеліп кетпегенімен, өзінікін өзекке тепсін бе, төрінен болмаса да бұрышынан орын берді. «Шынболат болса ойын баласы, анасы Гүлжауһар өнерлі кісі еді. Көбейсіннің шешесі Шөкен екеуі уайым мен қайғы еңсесін басқан ауылдың көңілін көтеріп, маңайын мейрам ғып жүретін. Сонда жанынан өлең суыратын қос ананың етегін баса отыратын Шынболат кейін ауыл балаларын ұйымдастырып, қойылымдар қоятын болды», деп еске алатын ағасы Шабат Молдабергенов.
Сол өнерпаздығы өзіне өмір бойы азық болды. Шынболаттың да бұйра шашын шалқасына толқындата қайыратын кезі жетті. Іштегі бұла күш бұлқынып тұрған осы тұста Байқоңыр көмір кенішінің жабылып, кеншілердің қайран Қанекең (Сәтбаев) ашып кеткен Үлкен Жезқазған кеніштеріне қарай көшпесі бар ма?! Кен ұялары табылған Рудник деп аталатын кентке және сол төңіректегі азды-көпті малын ұстауға қолайлы деп есептелінген ақын Шынболат айтатын: «Қайран менің Төртіншім-ай, төрт қалаға бергісіз» деген Төртінші деп аталған кентке тұрақтайды байқоңырлық кеншілер. Соның ішінде Шынболат пен Гүлжауһар да бар. Бір адамдай-ақ билейтін, орысшасы да көп-көрім, ақын-әртістігі тағы бар байқоңырлық бозбала Рудник халқымен етене араласып сіңісіп кеткен ең алғашқы «елші» болды. Елші дегеннен шығады, сол кездегі Рудниктің негізгі тұрғындары әр жерден жолдамалармен келген өзге ұлт өкілдері еді. «Крестовский» деп аталатын кеншілер кентінде туып-өскен атақты киноактер Олег Янковскиймен де біршама уақыт тамыр болғанын айтып отырушы еді. Ал Байқоңырдан әрі асып көрмеген ауыл қазақтарының олармен емін-еркін жұғысып кетуіне тіл тосқауыл болғаны бар. Ондай кезде Байқоңырдағы әскери бөлімшенің офицерлерімен араласып тіл сындырып алған Шынболат аудармашылыққа келеді. Ол тайпалған жорға болмаса да, анау-мынау орыстармен үзеңгі қағыстыра сөйлесетін дәрежеде-тін. Аса құпиялылық сақталатын әскери бөлімшеге еніп жауынгерлермен араласуы да бір қызық...
Осы мақаланы жазу барысында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, болашақ журналист Арайлым Ерқоңырова Шәкең туралы мынадай дерек алып келіпті. «Байқоңыр кеншілеріне қоңсы әскери бөлімше орналасыпты. Тәртіп қатты көрінеді. Қоршалған аумаққа бейсауат адам жоламайды. Кешке әскерлер ән айтып, би билеп демалады. Осыны естіп жүретін жаны сауыққа үйір Шынболат бір күні өзі сияқты қарасирақтарды ертіп бөлімшеге таяп бармай ма? Тәртіп бойынша оларды қақпайламақшы болған кезекші сарбазды офицер тоқтатады сонда. Сөйтсе дарбазаның ар жағында Шынболат әуенге ілесіп «твист» билеп тұр екен. «Бұйрабас ұзын баланы шақыр», дейді сардар. Кейін білгеніндей, ол командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары болып шықты. Табиғатынан ширақ Шынболат әскериге ілесіп жүре береді. Содан бастап ол сол ортаның сүйкімді «сарбазына» айналып, әскердің өнерпаздары құрамында әр кешті сонда өткізетін болған. Мерекелер қарсаңдарында тіптен үй қарасын көрмей кетеді. Мерекелік дайындық қой. Байқоңырлық балғынның әбден сіңіскені сондай, оған лайықтап әскери киім де тіккізіп берген көрінеді. Ал олардан үйренген «Полька», «Яблочко», «Солдатская пляска», «Матросский танец», «Молдавский танец» сияқты әскери билерді ауыл балаларына үйрететін».
Міне, ойдан орғаны бар, қырдан қырғаны бар, табиғатынан өнерге бейім оғланның атқаратын жұмысы №45 шахтаның кеншісі болса да Рудник кентіндегі мәдениет сарайы оның екінші үйі атанды. Мұндағы халық театрының режиссері ретінде күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Әр мереке, әр салтанат оның шығармашылығының өнімін көруге бейіл болды да тұрды. Сонда жүргенде ғой, 52 жыл ошағының отын жағып, түтінін түтеткен ару Әлияға кездесіп жүргені. Алтын асықтай, күміс қасықтай бес баласының анасы Әлияның ардақты атын ақын да аялай білді. Өнер адамының бір аяғы үйде болса, бір аяғы түзде тұратын әдеті емес пе, апталап ауыл шетін көрмейтін жанның жары болу мехнатын тартатын да сол адам. Оны ол да, бұл да түсінді. Түсіністікпен жарасым тапты.
Тәуелсіздік таңы жаңа атқан кезеңде ат дүбіріне құлақ тосып отырған жезқазғандық кенші-ақын ертеңіне-ақ қолына қалам алды. «Тәуелсіздік толғауын» баспасөзге тапсырды. Тәуелсіздікті асыға күткен қазақ елі үшін Шынболаттың «Тәуелсіздік толғауы» шөл далада берген судай еді: «Бір қуаныш бойымды тербетеді, Шын қуаныш, үлкен сын елге тегі. Қара нан жеп, шекпенмен жүрсек-тағы, Тәуелсіз ел болғанға не жетеді?» деген. Сол тұста империялық тұқыртудан ыңыршағы айналған бостандықсүйгіш халқымызға таңғы саф ауадай әсер берген Тәуелсіздікті жырламаған ақын, жазбаған жазушы, қаузамаған қаламгер қалған жоқ шығар?! Бірақ қазақ көрген қасіретті дәл сол кезде қанын шығарып шырқырата шындық қып айтқан ақын осы Шынболат еді.
Шынболат айтыскерретінде де Жезқазған облысы ақындары командасының капитаны мәртебесінде бәйгелерге қосылды. Торғайлық Қонысбаймен, шымкенттік Әселханмен, қостанайлық Әсиямен айыз қандырар сөз қақтығыстары сол кез көрермендерінің әлі есінде шығар. Оқалы шапаны сұңғақ бойына құйылған, жүзінен нұр тамған ақсары ақынды республиканың залдары зор қошеметпен қарсы алып отырды. Оның әуезді мақамы, астарлы өлеңімен айтыссүйер қауымды елітіп әкететінін талай көзіміз көрді. Дуылдатып қол да соқтық. «Әйебой!» деп әлемнің бар шуағын іле келетін әдетімен облыстық радио үйіне бір бас сұққанында, «Шәке, айтыс екпін алып кетті ғой. Шәкірттеріңізді енді қайда бастап бармақшысыз?» дегенімізге «Айтыс керуені алысқа барады. Әлемді аралайтын болады. Ал жетекшілік тізгінді ұстайтын жігіттер жетеді», деп еді марқұм өзіне тән кеңпейілдікпен.
Мақаланың басында Шәкеңнің бишілік өнері туралы айттық. Кейін сөз өнерін қуып, жүйе басқа арнаға бұрылмағанда Махмуд Эсембаевтай болмаса да тәуір биші боларына сөз жоқ дейді замандастары. Шәкеңнің ол өнері сабақсыз қалған жоқ. Сүйікті немерелерінің бірі Алмас Ділдебаев атасының «биші болу» арманын орындағандай. Кәсіби балет бишісі. Мәскеуде «Револьтат» балет ұжымын құрып, соған жетекшілік етеді. Өз балалары да өнерден құралақан емес. Орындалған әке арманы деген осы.
Шынболат шаңырағының түтінін түтетіп отырған Аралдан тапқан аруы Гүлсара бірде: «Шынкең жайлы жазылған естеліктердің өзі бір кітапқа жүк болып тұр. Одан бөлек бұл кісіге арнаған ақындардың арнау өлеңдері біраз жиналып қалған. Солардың да басын қосып кітап етіп ұсынғым келеді», деген болатын. Бұған қоса Шынболат мұражайын көрсету, тағы басқа шаралардың межеленіп тұрғанын білгенімізде ел азаматтарына деген ризашылығымызды жасыра алмадық. Өйткені Шынболат тәлімі халқына керек тұлға.
Айтқадыр ТІЛЕУОВ, журналист