• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Қараша, 2017

Халық қалауы

1371 рет
көрсетілді

«Арман – мұрат» демекші, ұшы-қиырына көз жеткізгісіз Ұлы Даланы мекендеген ата-бабаларымыз ілгері замандардан-ақ ілім-білім игеріп, сәулетті шаһарлар салып, алып ғи­ма­раттар тұрғызғаны тарихымыз­дан жақсы мәлім.

Бізді тұрақ­ты мекені, ілім-білімі бол­маған көшпенді халық деп сипаттайтындар қатты қате­ле­седі. Тіршілігі мал шаруа­шы­лығымен тікелей байланысты болғандықтан, ата-бабалары­мыз жаз – жайлауға, қыс – қыстауға көшіп-қонып, өзінің сайын даласын шарлап жүргені болмаса, басқа елдің аумағына жер ауыстырып отырмағаны белгілі. Ал көшпенділер деп бір құрлықтан екінші құрлыққа немесе бір елден басқа елге көшіп жүретін халықты айтса керек. Тап осы ақиқатқа сүйен­сек, өз жерімізден сынық-сү­йем алыстамаған қазақ елін «көш­пенділер» деп атау шын­дық­қа еш сыйыспайды.

Мал-жан үшін жайлаудан жай­лауға көшіп-қонып жүрген бұрынғы аталарымыздың өр­ке­ниеттен де қол үзбей, жазу-сызуы ерте басталғаны ғылыми тұрғыда баяғыда-ақ дәлелденіп қойылған. Қазақ жерінен та­былған орта ғасырларға тие­сілі Орхон-Енисей жазулары, Жамбыл облысының Шу өңі­рінен табылған Жүсіп Бала­са­ғұнның «Құдатғу білігі» біз­­дің жазу мәдениетіміз ертеден басталғанын көрсетеді. «Ор­­хон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы біздің халқымызға да ортақ. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. 900 жыл бойы қазақ жерінде араб әліпбиі қолданылып келді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әліпбиіміздің жиі ауысқаны туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде атап көрсеткендей, 1929 жылғы 29 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңе­сінің Президиумы латын­дан­ды­рылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу туралы» қаулы қабылдады. Латын әліп­биінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін криллицаға ауысты­рылды. 1940 жылғы 13 қара­ша­да «Қазақ жазуын латын­дан­дырылған әліпбиден орыс гра­фикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды. Осылайша, қа­зақ әліпбиін өзгерту тарихи негі­зінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.

Иә, шын мәнінде, ұзақ жылдар бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өрениетке не­гізделген латын графикасына көшу ежелгі арман болғаны даусыз.

Жалпы, кириллицадан латын графикасына көшу туралы мәселе – еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал ресми түрде ол Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сес­сия­сында сөйлеген сөзінен бас­талады. Сол жиында: «Қа­зақ әліпбиін латынға кө­шіру жөніндегі мәселеге қай­та оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі ком­муникациялық кеңістікте ба­сым­дыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің, латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» − деген сали­қалы ойын білдірді.

Бұдан кейін де Елбасы бұл мәселеге бірнеше рет қайта оралды. Кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қа­тар қолданылады, екеуі біраз­ға дейін бірге пайдаланы­лады деп ойлаймын» дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліп­биімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қа­был­дауға тиіспіз және бұл әлем­мен бірлесе түсуімізге, бала­ларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаң­ғыртуға жағдай туғызады» − деген болатын.

Елбасы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен келуімізді талап етті. Біздің еліміз көп ұлтты мемлекет, яғни латын гра­фикасына көшуді жан-жақ­ты саралай, бірте-бірте жүзеге асырудың қажеттігін ескертті.

Латын қарпінің қажетті­лі­гіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Әуелі, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орын­дарында оқыту үрдісін жеңіл­детеді. Уақыт та, қаржы да үнем­деледі. Сондай-ақ латын гра­фикасына көшу қазақ тілі­нің халықаралық дәрежеге шы­ғуына жол ашады. Қазақ тіл­іне компьютерлік жаңа техно­логиялар арқылы халық­аралық ақпарат кеңістігіне кірі­гуге тиімді жол ашылады. Және түбі бір түркі дүние­сі­мен рухани, мәдени, ғылыми, эко­номикалық қарым-қаты­насты, тығыз байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, латын графикасына көшуіміз дұ­рыс таңдау. Жастар жағы латын қарпіндегі қазақ жазуын тез игеріп алады. Мектеп­те ағыл­шын тілі пәнін оқыта­тын­дық­тан олар латын әліпбиін тез қа­был­дайтыны сөзсіз.

Жаңа латын графикасы – қол­данылуға өте ыңғайлы, әлем­дік жаңа технологияларға бейім­делген, қазақ тілінің, сон­дай-ақ Қазақстанда тұрып жат­қан бас­қа да сан ұлттың тілдік жай­ларын да қамтитын жақсы алфавит болып шықты деп ойлаймын.

Биыл латын графикасының жаңа нұсқадағы бірнеше жобасы тілші-ғалымдардың, әде­биет­шілердің, жалпы жұрт­шылықтың талқылауынан өтіп, осы бекітілген нұсқа қабыл­данып отыр. Бұл таңбаны жасауда бұрынғы нұс­қалар, латын графикасына көшкен туыстас елдердің тәжірибесі ес­­ке­рілді. Әрине, талас-тартыс та, келіспеушіліктер де аз болмағаны белгілі. Пікірдің әр алуандығы мұндайда өте қажет. Сол пікірлердің ең ба­ғалысы іске септігін тигіз­гені анық. Мұны біздің Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінде өткі­зілген дөңгелек үстелдер мен конференцияларда айтыл­ған әр алуан ойлардан, жасалған қорытындылардан анық бай­­қадық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та бүкіл­ха­лық­тық тал­қы­лаудың барысын жі­ті қада­ғалап, бағыт беру ар­қы­лы әліпби нұсқасының өмір­шең бо­луына көмегін көп тигіз­ді. Ол өзі де ақыл-кеңесін ай­тып отыр­ды. Енді, міне, жа­ңа әліпбиі­міз өмірге келіп, күп­ті көңі­ліміз жайланғандай болып отыр­мыз. Ұзағынан сүйін­дірсін.

Мемлекет басшысы өзінің Жар­лы­ғында жаңа нұсқада беріліп отырған латын гафи­ка­сына не­гіз­делген қазақ тілі әліпбиін бекітумен бірге Қазақ­стан Республикасының Үкіметіне қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құруды, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етуді, бұл жөнінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдауды тапсырды.

Осындай келелі істер­ді ұйым­дас­тырудан респуб­ли­ка­дағы педагогикалық жоғары оқу орын­дарының көш басын­да тұрған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің ғалымдары да тыс қала алмайды. Қазақ тілі әліп­биін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комис­сия тарапынан жаңа әліпби­ді енгізудің кезеңдері нақты­ланып, әр кезеңнің мақсат­тары мен міндеттері белгі­ленгеннен кейін біз үшін атқа­рылар жұмыстар да орасан. Ол үшін республикадағы көш­басшы педагогикалық оқу орны болғандықтан Абай атын­дағы ҚазҰПУ жанынан еліміз­дің білім мекемелеріндегі педа­гогикалық кадрлардың білік­тілігін арттыратын «Латын графикасын оқыту әдістемесі» орталығын ашуды қажет деп санаймын. Әр облыста осы ор­талықпен тығыз байланыс­та жұмыс істейтін латын не­гіз­ді қазақ әліпбиін оқыту ор­та­лық­тарын ұйымдастыру керек.

Тахир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор