Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрында мұнайшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Оған қазақ мұнай өнеркәсібі басшылары, ардақты азаматпен үзеңгілес, қанаттас болған достары, әріптестері, мұнайшылар, марқұмның жары Нағима, ұлы Төлеген мен қызы Самал, немерелері қатысты.
Кешті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев алғы сөзбен ашып, Нұрлан Өтепұлының еліміздің тәуелсіздігіне, саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесін, мұнай өнеркәсібінің өркендеуіне сіңірген еңбегі туралы айтып өтті. Әсіресе оның адами қырларын сипаттап, елдік мәселелерді шешудегі табандылығын, ұтымды пікірлерін, іскерлігін баса айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанның Ресейдегі елшісі И.Тасмағамбетовтің осы шараға арнайы жолдаған ізгі тілек-сәлемін көпшілікке оқып берді. Онда Нұрлан Балғымбаевтай асыл ұлдарын ұлықтаған елдің бұл ардақты ісі бірлік пен тірлікті, ерге деген құрметті білдіретіні айтылса, Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев өз жеделхатында «Нұрлан Өтепұлындай қарымды қайраткердің еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ол – тәуелсіздігімізді баянды етуге барын салған, еліміздің мұнай саласының жедел жетіліп дамуына өлшеусіз үлес қосқан нағыз азамат», деп айрықша атап көрсетілген.
Қонақтарға қош келдіңіз айтқан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпанов өңір басшысының сәлемін жеткізіп, Атырау аймағы үшін Нұрлан Балғымбаев мұнайшылар әулетінің белді өкілі, майталман мұнайшы, мемлекет қайраткері, асыл азамат болып қала беретіндігін атады. Әріптестері Ұ.Қарабалин мен Н.Шманов Нұрлан Өтепұлының қайраткер ретіндегі сан қырын ашып, Мәскеуде, шетелдерде алған тәжірибесін ел мұнай өнеркәсібінің дамуына шебер жұмсағандығын атап айтты. Ұзақбай Қарабалин: «Нұрлан бізге әрі басшы, әрі аға, әрі әріптес ретінде ыстық. Ол үнемі тек жұмыс бабында ғана емес, саламатты өмір салтын ұстану, қоғамдық мәселелер бойынша да ақыл-кеңесін айтып жүретін», деп еске алды. Оның жарқын істерін бүгінгі ізбасарлары абыроймен жалғастырып келе жатқанын айтып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаевтың жолдама-хатын оқыды. Онда: «Қазақ мұнайының бастауында Балғымбаевтар әулеті аталады. Соның ішінде Нұрлан Өтепұлы саланың тәуелсіздік жылдарында оң жолға қойылуына, қарыштап дамуына ерекше еңбек сіңіргенін білеміз. Оның жарқын жүзі бәріміздің жадымызда сақталады» деген жолдар бар.
Сонымен қатар Нұрлан Өтепұлымен қоян-қолтық араласа қызмет еткен белгілі мұнайшылар Меңдеш Салихов, Ғалиаусат Кешубаев қайраткер азаматтың Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі министрі, Қазақстанның Премьер-Министрі болып тұрған кезіндегі іскерлік қабілеттерін, ел ырысының далаға шашылмауына жаны күйіп еңбек еткенін үлкен ынтамен жеткізіп, оның қашанда тұтас мемлекетке тиімді ұтымды пікірлер айтып, соны бұлжытпай орындай білгенін баса атап өтті. «Нұрлан Өтепұлының есімі аталған жерде біз мұнай кәсіпшілігін қоса айтамыз. Өйткені саланың жаңаша дамуы, инвесторлармен тығыз байланыс, өнімді тиімді өндіру – оның жанын салып кіріскен істері. Қазіргі мұнай саласының дамуы өз кәсібінің майталманы Н.Балғымбаев салған ізбен келе жатыр. Осы шараны ұйымдастыруда да мұнайшылар зор үлес қосты. Соның ішінде біздің ұсынысымызды қолдаған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевке алғысымызды білдіреміз», деді ол.
Нағима апа да шараны ұйымдастырушыларға рахметін айтып, мұнайшыларға, барша қатысушыларға алғысын білдірді. Шара соңында Р.Отарбаевтың халықаралық «Бәйтерек» қорының төрағасы Н.Балғымбаев бас кейіпкерлердің бірі болып табылатын «Бас» пьесасынан үзінді қойылды. Сонан кейін ақын, журналист Б.Жетекбайдың редакциялауымен шыққан «Нұрлан Балғымбаев» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап үш бөлімнен тұрады. Онда өмірі, қызмет жолдары, дос-жарандардың естеліктері қамтылған. Кеш соңында Нұрлан Балғымбаевтың өмірі мен қызмет жолдарынан деректі фильм көрсетілді.
Қосұйым МҰҚАШЕВ
АТЫРАУ