Мәжілістің соңғы отырысында мәдениет саласы үшін маңызды заңдардың бірі талқыға ұсынылып, мақұлданды. Бұл заң 1970 жылы ЮНЕСКО қабылдаған конвенцияны ратификациялауды қарастырады. Осы уақытқа дейін 119 мемлекет ратификациялаған бұл конвенцияға Қазақстан, Түркіменстан және Латвия ғана қосылмапты. Баяндама жасаған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед біздің еліміз бұл конвенцияға осыдан 10-15 жыл бұрын енуі керек еді деп, бірақ осы уақытқа дейін неге созылып келген себебін білмейтінін айтты.
Сонымен, бұл конвенция нені көздейді дегенге келейік. Алысқа бармай-ақ оның «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы» деген атауын айтсақ та оның көздеген мақсаты көрініп тұрғандай. Демек, мәдени құндылықтарға жататын дүниелердің қолды болуына әлемдік көлемде тосқауыл қоятын осындай ізгі ниетті конвенцияны неге ратификацияламасқа?
«Аталған құжат мәдени құндылықтарды ұрлаудан, заңсыз тасымалдаудан оны қорғау мен заңды иесіне қайтару шараларын айқындайды. Конвенцияға сәйкес мәдени құндылықтарға археология, әдебиет, өнер мен ғылымға қатысты дүниелер жатқызылады», деді министр өзінің сөзінде. Сонымен бірге, оларға белгілі тұлғаға қатысты заттар, археология жаңалықтары, сирек қолжазбалар, көне кітаптар және жасалғанына 100 жылдан артық уақыт өткен тиындар, мөрлер, жиһаздар және т.б. заттар жатады екен.
КСРО кезінде ортақ үй, ортақ қазан дегенді сылтауратып, республикамыздың барлық қиырларынан табылған мәдени құндылықтар Ресейдің мұражайлары мен көрмелерін көркейтуге тасылған еді ғой. Соның ішінде Тайқазан секілді жәдігерлер де Өзбекәлі Жәнібеков сияқты табанды қайраткерлердің орасан күш салуымен зорға қайтарылғаны белгілі. Осындай құнды дүниелер Ресей мұражайларында әлі де көп.
Мына заң күшіне енгеннен кейін оларды қайтаруға мүмкіндік туа ма деген сұрақ қойылды министрге. 1991 жылы республикалар КСРО-дан еншісін алып, өз алдына тәуелсіз ел болғандарында сол кезеңде өз аумақтарында қалған дүниелердің бәріне, соның ішінде мәдени құндылықтарға да меншік иесі болып табылады деген шешім қабылданып, заң күші бар ортақ құжат қабылданған болатын. Сондықтан, сол кезеңде Ресейдің Эрмитаж, «Оружейная палата», «Орыс музейі», т.б. музей, көрмелерінде қалған құндылықтардың бәрі Ресейдің меншігі болып танылды. Өкінішке қарай, ұлттық құндылықтарымызбен қатар, Шоқан Уәлиханов сияқты қайраткерлеріміздің жеке басына қатысты дүниелерге дейін Ресейдің меншігі болып кетті. Оларды енді қайтару оңай емес. Мына заңмен де олар қайтарылмайды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде сыртқа кеткен дүниелерді ғана қайтаруға осы заң мүмкіншілік тудырады деген жауап берілді.
Мәселенің бәрі түсінікті болып, талқылау қорытындыланып келе жатқан тұста депутат Амангелді Момышев Ресейге әкетіп, бермей қойды деп қазақ баласының бәрінің мұңына айналған Кенесары ханның бас сүйегін қайтарту жайын жарқ еткізді. Бұл мәселені Мұхтар Абрарұлы түбегейлі зерттеп, анық-қанығының бәрін біледі екен. Тіпті Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де осы мәселеге назар аударып, кезінде министрге хан Кененің бас сүйегін табу туралы тапсырма берген көрінеді.
Сонымен... министрдің жауабына келейік. Кенесарының бас сүйегі анда жатыр, мында тұр деген дақпырттар 90-шы жылдардан бастап айтыла бастады. Менің оны іздемеген жерім жоқ. Орынбор, Омбы, Кунсткамера, Этнографиялық музей, тіпті анда-мында болуы мүмкін деген ұсыныстардың бірде-біреуі ескерусіз қалмай, тексерілді. Тіпті, Қырғызстанның Тоқмақ қаласының түбінен бір дерек шығып қалмас па екен деп археологиялық қазба жұмыстарын да жүргіздік. Ешбір жерде, соның ішінде Ресейдің бірде-бір музейі мен қоймаларында «мынау Кенесарының басы» деп тіркелген құжат болған емес деген түбегейлі жауап берілді.
Бұл көп қазақтың көңілін көптен бері күпті етіп жүрген мәселе еді. Кенесарының басын өз көзімізбен көрдік, «Голова киргизского султана-бунтаря Кенесары» деген жазуы бар екен деген дақпыртты таратып жібергендер көзі тірі болса осыдан кейін не айтар екен.
Жақсыбай САМРАТ.