2011 жылдың 20 қазаны күні еліміздегі белгілі сайттардың бірі «Тенгринюс.kz» «Қазақстан халқының 1/3 бөлігі Ресейге және Шығыс Европаға көшуге дайын» (В Казахстане треть населения готова эмигрировать в Россию и Восточную Европу) деген мақала жариялады.
Ол мақаладағы мәліметке сүйенсек, сұрау жүргізілгендердің 28,5 пайызы Қазақстаннан кетуге дайын. Оның ішінде кетуге нақты шешім қабылдағандары 11,8 пайыз, жоспарлап отырғандары 48 пайыз деп көрсетілсе, олардың кету себебі бір бөлігі материалдық-қаржылық себептер, екінші бөлігі мемлекеттің тіл саласындағы саясаты десе, үшіншілері ешқандай келешекті (перспектива) көрмеуізден деп жауап беріпті. Сондай-ақ әрбір алтыншы қазақ, әрбір екінші орыс, сонымен бірге, басқа ұлт өкілдерінің тең жартысының елден кеткісі келеді деп жазады. Бұл – Саяси шешімдер институтының беріп отырған мәліметі.
Аталған сауалдамаға барлығы 2294 адам қатысқан. Соның ішінде Қазақстаннан кетуге дайын екені 28,5 пайыз немесе 653 адам сондай ойы барын білдірген.
Қазақстан халқының саны соңғы ресми деректерге сәйкес 16,6 млн. адам екенін ескерсек, сол халықтың 0,01 пайызының (2294 адам), оның ішінде 0,004 пайыз (653 адам) адамының пікірін ескере отырып Қазақстан халқының 3/1 бөлігі Қазақстаннан кеткелі жатыр дегені не масқара? Оның үстіне азаматтардың Қазақстаннан кетуге бел бууының бірінші себебі азаматтардың материалдық-қаржылық жағдайының нашарлауы деп көрсеткен.
Мына деректерге құлақ асайық, ағайын.
Алысқа ұзамай-ақ орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2011 жылы 93 мың теңгеге дейін артқанын, ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілгенін, біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейгенін, 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асса, 2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен, артық өсіп, 9 000 АҚШ долларынан асып түскенін ескерсек «материалдық-қаржылық жағдайдының нашарлауы себепті алтыншы қазақ, әрбір екінші орыс, сонымен бірге, басқа ұлт өкілдерінің тең жартысының елден кеткісі келеді дегенді» бұл институт қайдан алып отыр ?
Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын әлемдік тәжірибе растайды. Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда – 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен. Бұл мәселенің бір жағы ғана.
Аталған зерттеушілер азаматтардың елден кетуінің тағы бір себебі – мемлекеттің тіл саясаты деп атап көрсетуде.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 3-тармағына сәйкес «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды». Ал 9-бабына сәйкес «Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар». Бүгінгі таңда Ата Заңның бұл қағидасы толық орындалған. Елімізде қоныстанған 140-қа жуық ұлт өкілінің ешқайсысының тілі шеттетіліп немесе кемсітілген емес. Бұған елімізде өмір сүріп отырған кез келген ұлт өкілі дәлел бола алады. Қазіргі таңда 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылса, 88 мектепте білім алу орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүзеге асырылады.
Негізгі Заңымыздың 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Елбасымыз атап айтқандай, «мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың асыл парызы. Дана халқымыз «Тіл білген құшақтасады, білмеген пышақтасады» деп қате айтпаса керек.
Сондықтан кез келген ұлт өкілі үшін тұрақтауға жері жайлы, өмір сүруге елі жайлы, өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға және жаңғыртуға барлық жағдай жасалып отырған елдің тіл саясаты азаматтардың елден кетуіне себеп болып жатыр дегені зерттеушілердің қай сасқаны? Мемлекеттің өз тілін өркендетемін дегені, өзгені төмендетемін дегені емес қой, шыны?
Байыппен қарар мәселенің бірі осы болар.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, аталған институт мамандары азаматтардың елден кетуіне тағы бір себеп ешқандай келешекті (перспектива) көрмеуінен екен?
Қазақта мақал бар, «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген. Меніңше, бұл тойып секіргеннің сергелдеңі. Әлемнің дамыған еңселі елу елінің қатарына қосылуға ұмтылған, жас та болса бас болып Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымастық ұйымы, Ислам Ынтымастығы Ұйымы сынды ұйымдарға төрағалық еткен, өзіндік стратегиялық даму жоспары бар елдің келешегін көрмеу деген не сөз? Ел келешегі жоқ болса, Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйылмас еді.
Ал енді біз елдегі сыртқы көші-қон мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы статистика агенттігі берген ресми мәліметке сүйеніп көрейік.
2010 жылы елімізден 393 056 азамат шетел асса, 408 521 адам тұрақты тұру үшін келген. Оның ішінде 329 403 қандасымызды есептемегенде, 44 568 орыс, 5497 украин, 1110 беларус, 2988 өзбек, 2297 әзербайжан, 3588 чешен, 3139 корей, 3605 неміс 3277 ұйғыр және басқа да жүздеген ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аударған.
Оның ішінде еңбекке жарамды жастағы 314 834 азамат шетелге тұрақты тұруға кетсе, керісінше, біздің елге 325 974 азамат келген. Сонымен қатар, нақты мамандықтар бойынша 14 890 азамат елден шетелге кетсе, 12 366 нақты мамандық иесі Қазақстанды тұрақты тұратын мекені ретінде таңдаған.
Оның үстіне ресми болмаса да халық арасында басқа ұлт өкілдерінің елден өз туған отанына тоқырау жылдары көшіп кетіп, енді, міне, өркендеген Қазақстанға қайта оралып жатқаны туралы хабарларды көптеп естиміз.
Мен бұл мәселені неліктен көтеріп отырмын. Көші-қон – мемлекеттік саяси мәселе. Оған атүсті қарамау керек деп ойлаймын. Себебі, мемлекетті адам ресурсы құрайды. Ал мына мақала мүлдем шындыққа жанаспайтын, ел арасына теріс ой қалыптастырушы, «жақсы байқап сөйлердің» емес, «жаман шайқап сөйлердің» кебін киген мәлімет деп түсінемін.
Біздің халық қашаннан боздағанға басу, жоқтағанға жоралғы айтқан, адасқанды аластамаған, қателескенді кері итермеген, жатты жатырқамаған, қандай қиын заман болса да көзі мен сөзіне қарап бөлмеген, шаңырағының астынан пана берген, қара нанын бөліп жеген емес пе?
Сонау сұрапыл соғыс кезінде де, одан кейінгі «қырғи-қабақ соғыс» саясаты кезінде де қуылып келгенді құрдымға жібермей, айдалып келгенді айыптысың демей, өз бауырындай көріп, талайларды қамқорына алды емес пе?
Ал мынадай мақалаларға жол беру еліміз, жеріміз туралы азаматтар арасында, шетелдік әріптестеріміздің алдында өзгедей жарнама жүргізу деп ойлаймын. Сондықтан шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялауға жол берілмеуі керек.
Ел Конституциясының 12 және 34-баптарына сәйкес әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауы, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуі тиiс.
Ал бұл мақала, біріншіден, біздің мемлекетті, басқа адамдардың патриоттық сезімдерін құрметтемейтін, адамдар, ұлттар арасында іріткі салатын мақала. Яғни, ондағы мәліметтердің негізділігі мен заңдылығына құқықтық тұрғыдан баға беру қажет деп есептеймін.
Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.