• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2017

Қазақ киносы және тарихи құжаттар

1211 рет
көрсетілді

Жуырда Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен аталмыш уни­верситет ұжымының ұйым­дас­тыруымен, «Қазақстан кинематогра­фиясы тарихынан» атты тарихи-құ­жат­тық көрме және дөңгелек үстел мә­с­­лихаты өтті. Көрмеге Қазақстан Рес­­публикасы Президентінің Архивінде қазақ киносына қатысты жинақталған деректі материалдардың бір бөлігі қойылып, дөңгелек үстел барысында осы құжаттарға қатысты пікір ал­ма­­сулар болды.

Қазақ киносының ал­ғашқы қадамдары, қалыптасуы мен даму кезеңдерінен мәлімет беретін бұл ар­хивтік құжаттар бұрын еш жерде жарияланбаған екен. Әрине, келешекте осы материалдардың барлығы кино өнерінің тарихы туралы еңбектерге еніп, қосымша мәліметтермен толықтыруға үлкен көмегін тигізері сөзсіз. 1927-2000 жылдар аралығын қам­титын бұл архивтік құжаттарда елімізде фильмдерді тарату желілерінің құрылуы мен дамуы, фильмдерді қазақ тіліне дуб­ляждау жұмыстарын ұйымдастыру, кино мамандарын даярлау, кинорепертуар, фильмдердің сценарийлері мен оларға байланысты пікірлер т.б. көр­се­­тілген.

Бұрындары жалпы мазмұнда белгілі болғанымен, тарих беттерінің кейбір тұстары құжаттарда берілген мәліметтердің көмегімен нақтырақ ай­қын­дала түскендей болды. Мәселен, қазақ киносы туралы еңбектерде көр­сетілгендей, 1928 жылы РКФСР Халық ко­миссарлар кеңесінің жанынан құрылып, 1929 жылы Алматыдағы өндірістік бөлімі ашылған Бүкілодақтық «Востоккино» тресін ұйымдастыру жұмыстарының қалай жүзеге асқаны туралы нақты мәлі­меттерді осы құжаттардан таба аламыз. Әсіресе оның құрылуында сол кезде РКФСР Халық комиссарлар кеңесі тө­рағасының орынбасары қызметін атқарған Тұрар Рысқұловтың көп еңбек сіңіргені байқалады.

Сондай-ақ «Амангелді», «Абай ән­де­рі», «Жамбыл» фильмдері туралы өте қызықты деректер бар. Мысалы, «Аман­гелді» фильмінің түсірілімін дайындау бо­йынша іс-шаралар туралы БК(б)П Бюро қаулысындағы мына бір тармағы назарымызды аудартты: «Амангелді» кинофильмін түсірудің маңыздылығы мен міндеттері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында барлық колхоздар мен совхоздарда, бригадалар мен бөлімшелерде Амангелді Имановтың патша үкіметі мен алашордалықтарға қарсы аяусыз кү­ресі туралы әңгімелер жүргізу қажет». Тар­мақта көрсетілгендей, ең алдымен, фильмнің түсірілімі басталмай тұрып-ақ, алдын-ала халық арасында жүргізілетін идеологиялық жұмыстарға басымырақ мән берілгенін байқаймыз.

Оның үстіне мұндай жұмыстардың фильм жарнамасының қызметін атқарғаны көрінеді. Сондай-ақ болашақ фильмде алашордашылардың бейнесі қалай көрсетілетіні әуелден-ақ айқындалып қойғанына куә болып отырмыз. Фильмге қатысты тағы бір де­ректерде үкімет мүшелері, баспасөз өкілдері мен халыққа арналған алғашқы көрсетілімдердің өткен күні мен айы, тіпті уақытына дейін нақты көрсетілген. Бұлардан өзге фильмге, Амангелдінің бейнесіне қатысты айтылған, тереңірек зерттеуді қажет ететін тосын пікірге көзіміз түсті. Әрине, бұл мәліметтердің барлығы кино мамандары үшін келешекте тереңірек зерттеуді қажет ететін маңызды мәселелер екені белгілі.

Көрмеге қойылған тарихи құжаттар­дың арасынан тағы бір назар аудартқаны – «Абай әндері» (1945) мен «Жамбыл» (1952) фильмдеріне қатысты өте құнды әрі тың деректер болды. 1940 жылғы тамыз айының 30-күні деп көрсетілген қызметтік жазбада осы аталған фильмдер­дің түсірілімін 1941 жылға арналған Бүкілодақтық тақырыптық жоспарға енгізу туралы ұсыныс жасалады. Бұл жоспардың орындалуына соғыстың басталып кетуі кедергі болғаны белгілі. Алайда 1942 жылы «Жамбыл» фильмін түсіру туралы жұмыстар қайта қолға алынады. Құжаттарға сүйенсек, фильм Киностудиялардың біріккен орталығында (ЦОКС) түсірілуі керек болған және режиссері ретінде Григорий Рошаль, ал Жамбыл Жабаевтың рөліне Қапан Бадыров бекітілген. Назар аударарлық тағы бір қызықты дерек – «Жамбыл» фильмімен кино мамандары, материалдық базасы тұрғысынан ұлттық кинематографтың негізі қалануы керек деген арнайы нұсқаудың болғаны (Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің 1942 жылдың қараша айындағы қаулысы). Алайда, фильмнің түсіру жұмыстары тағы да тоқтап, тек 1949-1951 жылдары қайта қолға алынады. Нәтижесінде режиссері – Ефим Дзиган, ал басты рөлде Шәкен Айманов ойнаған фильм экранға тек 1952 жылы шығады. Ал 1942 жылғы қаулы бойынша «Жамбыл» фильмін түсіреді деп шешілген Г. Рошаль «Абай әндерінің» (1945) режиссері болады.

Біз жоғарыда көрмеге қойылған кейбір тарихи құжаттарға ғана тоқталып өттік. Жалпы, ол жерде қазақ киносының тарихына қатысты құнды деректерді өте көп кездестіруге болады. Шын мәнінде архив­тегі әрбір құжат өткен шақ пен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы кө­пір іспетті ғой. Оның үстіне уақыттың өзі сарғайтқан ол құжаттарда күндер, жылдар ғана емес, тұтас бір кезеңнің таңбасы қала­тыны белгілі. Осы тұста Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Архиві ұсын­ған тарихи құжаттар да қазақ киносына қатысты өткен жылдар таңбасымен танысуға мүмкіндік берді деуге болады.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты