Қызылорда облысының спорт және туризм, дене тәрбиесі басқармасының бастығы Садық Мұстафаев ақеділ жігіт. “Іс тетігін кадр шешеді” деген қанатты сөздің ақиқатын осы Садықтың спорттағы жетістіктерінен көресің.
Бір қызығы, Садыққа дейін облыс спортын басқарғандар тұсында Олимпия ойындарында олжа салмақ түгілі, қатысуға жолдама алуының өзі тарихи оқиғадай көрінетін. Мұстафаев басшы болып келгелі бір алтынды соның сайыпқырандарынан күтетін болып дағдыландық.
Сол Садық айтады: “Спортшы биік дәрежеге жету үшін оған облыстық, республикалық, қала берді халықаралық жарыстар керек. Соның тезінен өтіп, тәжірибе жинақтаса, үлкен шеберлікке жетеді. Ол кезде спортқа бөлінген қаржы аз болды. Сондықтан, елден шыққан мықты жігіт, айтулы азаматтарға сауын айта жүріп, солардың жүлде тағайындауымен республикалық жарыстар өткізе бастадық. Мұның жақсылығы сол, жеңістен дәмелі жігіттеріңнің бәрі қатыса алады. Кейін ішінен мықтылары іріктеліп шығады”.
Жұмыс істей білетін, тастүлектерінің томағасын уақытында сыпыратын азаматтардың кесігі осылай болады. Сол Садықтың Дәулет Ниязбеков деген шәкірті биыл грек-рим күресінен Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында қоржынға алғашқы медальды салғанын және айта кетейік.
Қазағы киіздей ұйыққан, берекесі мол Оңтүстікте де ешкімге айтпай-ақ қайырымды істер атқарып жүретін азаматтар бар. Соның бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Сәуірбай Есжанов. Әрісін айтпағанда, беріде Сидней олимпиадасында қазақтың даңқын айдай әлемге жайған Бекзат пен Мұқтархандай ерлері бар оңтүстік боксы кейінгі жылдары қожыраңқырап кетті. Ал таланттарымыздың тұма бұлағын жасөспірімдер арасында өтетін жарыстар ашады. Осыны бағамдаған Сәуірбай Көлбайұлы Қазығұрт ауданында бокстан облыстық жарыстың тұсауын кескен. Биыл ердің жасы елуге толған айтулы азаматтың жүлдесіне арналған 1996-1997 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы VII халықаралық турнир Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде өтті.
Техникалық делегаты халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Ресейден арнайы шақырылған қонақ – Валерий Рачков. Бас төреші – АИБА төрешісі Н. Батыров.
Қазақ даласы таланттарға бай. Оны Шымкент төрінде керілген шаршы алаңнан байқадық. Жарыстың бәрін шолмай, екі-үш талантты боксшыға тоқтала кетсек, 46 келі салмақтағы өзбекстандық боксшы Елдар Сарыбаевтың ұрыс мәнері есте ерекше қалды. Бойы, қолы ұзын, шаршы алаңды жақсы көреді, қарсыласының ойын тез оқиды. Шабуылының алдын орап кетеді. Сынаптай сырғиды. Сауатты. Дәл ұрады.
Өзбекстан боксшылары техникалық дайындыққа дене қуатын жақсы қосатындығын бұрын да байқап жүретінбіз. Шыршық қаласынан келген Елдар “өздеріңіздің бауырларыңызбын ғой”, дегендей пішінімен танылып еді. Түйсігіміз алдамапты. Қазақ екен. Жаттықтырушысымен сөйлестік. “Албан, оның ішінде Қоңыр бөрік”, дейді біз иланбайтындай. Өзбекстан боксы бізге талай талантты қазақ боксшыларын сыйлаған. Ол – жастар арасындағы әлем чемпионы Марат Қиясов, ол – ересектер арасындағы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, ол – Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев.
С.Есжановтың турниріне арнайы келген Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың Сарыбаев туралы сыр тартқанынан Елдардың да туған жерге ерте ме, кеш пе оралатындығын топшыладық.
Жағымды әсер қалдырған боксшылардың бірі 66 келі салмақта жеңімпаз болған шымкенттік Есен Бекболат. Бұл жігіт қазірдің өзінде әлем чемпионатының олжасына таласуға дайын секілді. Ал аса ауыр салмақта қарсыласып, екінші раундта екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтқан, қолы ауыр Құрмантай Нұров туралы даңқты боксшымыз Мұхтархан Ділдәбеков жүзінде нұр ойнап әңгімелеген. “Боксқа келгеніне екі-үш ай ғана, көп жаттықтырушыларымыз баламызды талдырып тастайды», деп спаррингке қоймайды”, дейді. Мұхтарханның өзі үлкен боксқа 18 жасында көкпардан келгені бүгінде көпке мәлім.
Қазақша құлаштап ұратын Құрмантай Мұхтархан ағасындай әлем чемпионаты, Олимпия ойындарының финалында ойнап жатса, қазақтың бөрікті аспанға ататын кезі ғой.
Төрт күнге созылған жарыс мәресіне жетті. Жақынбек Райымбек (44 кг), Елдар Сарыбаев (46 кг), Әбілқасым Бекжан (48 кг), Наурызбек Абаев (50 кг), Жалолоддин Мойлинов (52 кг), Рауан Затулла (54 кг), Дулат Жұмабек (57 кг), Азамат Амангелді (60 кг), Нұрдәулет Оспанәлі (63 кг), Есен Бекболат (66 кг), Биболат Дінислам (70 кг), Бақрамбек Рамазан (75 кг), Әлішер Әбдірашитов (80 кг), ал ең ауыр салмақта Құрмантай Нұров алтыннан алқа тақты.
Жеңімпаздарды Оңтүстікте арнайы сапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары марапаттады. Сәт Тоқпақбаев ақ тілегін айтты. Сәуірбай Есжанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жүлде тапсырып, әлем чемпионы Валерий Рачковқа арнайы сый-сияпат жасады.
Жарыс барысында көптеген талантты жасөспірімдер байқалды. Даңқты спортшылар өткен жол осы. Тай-құнандар бәйгесінен кейін күні ертең талай Құлагерлердің қара үзіп шығатындығы сөзсіз ғой.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.