БІР ЖЫЛДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Жақында Тараз қаласының көркіне көрік қосатын әсем ғимараттың ашылу салтанатына қатыстық. Қазіргі заман талабына сай сәулеттік салтанатпен бой көтерген ғимаратқа облыстық білім, мәдениет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары мен ардагерлер кеңесі бастаған 12 мекеме орналасатын болады. Құрылысы осыдан 30 жыл бұрын қонақ үй кешені ретінде басталып, 1989 жылы әртүрі себептермен мүлде тоқтап қалған нысанның ендігі уақытта әкімшілік үйі ретінде пайдалануға берілуіне облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасы ұйытқы болды. Яғни, тараздықтардың көз қуанышына айналған нысан жұмысының ойдағыдай атқарылуына Ербол Амантаев басқаратын «Ремэнерго» ЖШС мүделілік танытса, оларға тапсырыс беруші облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып табылады. Ғимараттың құны 592 786, 970 мың теңгеге бағаланды. Құрылысшылар бұл қаржыны бір жыл ішінде толықтай игеріп шықты.
– Биыл облыс бойынша барлық салаларда 48 ғимарат жаңадан бой көтерді. 730 шақырымнан астам жол жөнделді. 5 елді мекенге таза ауыз су беріліп, 25 ауылға газ тартылды. Бұның барлығы елдегі экономикалық өсудің және өңірімізде өнеркәсіптің өте қарқынды дамуының арқасында мүмкін болып отыр, – деді Тараз қаласының төрі – Төле би көшесінің бойына орналасқан әкімшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Жаңа әкімшілік ғимаратының пайдалануға берілуі осында қоныстанған мекемелердегі мемлекеттік қызметкерлердің көңіл күйін көтеріп, ондағы материалдық-техникалық базаның жақсарта түсуіне де септігін тигізді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.