• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Қасиетті күндегі құттықтау

429 рет
көрсетілді

Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев кеше Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы қоныс тепкен сегіз қабатты жаңа ғимаратқа арнайы келді. Министр бұл келуінде газет ұжы­мын айтулы мерекемен құттықтай келіпті. Сондай-ақ, А.Жұмағалиев редакция жұмысымен жақын та­нысуға мүмкіндік алды. Соңғы жыл­дары министрліктің еліміздің бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарының заман көшінен қалмауы бағытында бір­қа­тар шаруалар атқарып келе жатқаны белгілі. Әсіресе, отандық телеар­на­лар­дың эфирлік көрсе­тілім­дерін сан­дық форматқа көшіруге ден қой­ы­луда. Келесі жылдың респуб­ли­ка­лық бюджетінде салаға қомақты қар­жының бөлінуі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Қалай десек те, бұл үдерістерден отандық басы­лым­дар да шеткері қалмасы анық. Та­ра­лымы 170 мыңнан асатын еліміздің басты басылымы – «Егемен Қазақ­стан» газеті тәуелсіздік алғалы еліміз жеткен жетістіктерді кеңінен жа­зып келеді. Соңғы жыл­дары  «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ оның басшысы  Сауытбек Аб­драхмановтың жұ­мыс­ты білікті ұй­ымдастыруы арқасында айтар­лық­тай табыстарға қол жеткізгендігін де орайы келгенде айта кеткен жөн. Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев және атал­ған ми­нистрліктің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев тоқсан жылдан астам тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті ұжы­мымен жақынырақ таны­сып, редак­цияның жұмыс үдерісін өз көзде­рімен көрді.  Ұлық мереке күні ре­дакцияға келген мейман­дарға ұжым басшылығы қазіргі заман талабымен салынған редакция ғимаратын ара­латып көрсетті.  Редакция орна­лас­қан жаңа ғимарат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен тұрғы­зылған. Министр  осындай сәнді де жұмыс істеуге қолайлы мекенде ор­на­лас­қан редакцияның газет беттерін қаттау, терім және хат-хабар­ларды қабылдау бөлімдеріне арнайы бас сұғып, ұжым қыз­мет­керлерінің хал-жағдайларымен та­нысты.  Сон­дай-ақ, министр ғима­рат­тың үстіңгі қа­батында орын тепкен кітап­ха­на­ны, журналистердің демалатын бөлме­лерін аралап көр­геннен кейін, газеттің электронды нұсқасын дай­ындайтын шағын топтың жұмы­сына да назар аударды. Осы орайда министр Елбасының тапсыр­ма­сына орай басылымның элек­тронды нұс­қасын барынша жетілдіру жайын сөз етті. Бұл бағытта жасалатын бірқатар қадамдарға байланысты өзінің ой-пікірін де ор­таға салды. Ұжымның тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алған меймандар соңынан «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы­мен саладағы атқарылуы тиіс міндеттер мен жетістіктер жайын да қозғады. Министр еліміздің бас басылымының ұжымында қалып­тасқан шығармашылық ахуалға, жұмыс істеу үшін тиісті жағдай­лардың жасалғандығына ризашы­лығын білдірді, газет басшысын алпыс жастың асқарына шыққан мерейлі мерейтойымен құт­тықтады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ------------------------------- Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.