Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Әлеуметтік жауапкершілік форумы болып өтті.
Форум арнайы ұйымдастырылған үш секциялы көрменің тұсаукесерімен ашылды. Онда этномәдени бірлестіктердің бизнес, ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму салаларындағы бастамалары жан-жақты көрсетілген. Сондай-ақ, әлеуметтік жаңғыртуларға бағытталған бірқатар жобалар да бар. Әсіресе, келушілерді еліміздің әр аймағынан келген қолөнер шеберлерінің туындылары тәнті етті. Сонымен қатар, көрмеде Астана қаласының «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуға өтінімін насихаттау бойынша ақпараттық тақталар да қойылған.
Аталған шара еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен өтті. Ал форумның мақсаты – Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVI және XVII сессияларында Ассамблеяның елімізді индустриялық-инновациялық дамыту және әлеуметтік жаңғырту үдерісіндегі рөлін күшейтуге байланысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру.
Пленарлық отырысты жүргізген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов еліміздегі мәдени орталықтардың ішкі әлеуетін еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына араластыру екендігін ерекше атап өтті. Қойылған индустриялық-инновациялық жобалардың жалпы саны 60 болса, өздерінің салт-дәстүрімен астасып жататын этностардың 20 жобасы келушілер назарына ұсынылды. Мысалы, Түрік мәдени орталығының Алматы облысы, Талғар қаласында қазақ-түрік лицейін салуы нақты жүзеге асырылған жобалардың бірі саналады.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев өз кезегінде 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын және қабылданған құжаттар мен бағдарламаларға кеңінен тоқталды. Отандық тауар экспорттаушыларға шығындарын өтеу тетігі енгізілсе, тек былтырдың өзінде бұл сома 41 миллион теңгені құраған. Жалпы, мұндай қолдау еліміздің 1,5 мыңға тарта экспорттаушы кәсіпорындарын қамтуы тиіс. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 194 миллиард теңге болатын 500-дей жоба бекітілсе, көрмеге қойылған жобалардың ішінде де осы бағдарламаға лайықтылары бар екендігін вице-министр атай кетті.
Қызмет көрсету мен тауарларды сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру бағытында 8,5 триллион теңге көзделген. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар, ұлттық холдингтер мен мемлекеттік органдарға қатысты. Шамамен ол 30 миллиард АҚШ доллары болса, оған ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасау қолға алыныпты. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 8,3 триллион теңгелік жобалар жүзеге асырылуда. Толықтай алғанда 2011 жылдың 9 айы ішінде құны 120 миллиард теңгенің 82 жобасы іске қосылған.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-тың басқарушы директоры Ерлан Байжанов Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамын ұйыстыруға ықпал ететін Ассамблеяның бастамаларына ерекше маңыз беріп, АҚ бұдан былай да қолдай береріне сендірді. Жалпы, тартылған инвестицияның 51 пайызы немесе 22 миллиард АҚШ доллары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ үлесіне тиеді екен.
Басқарушы директордың мәліметіне қарағанда, келесі жылы инновациялық жобаларға 40 миллиард теңге бағытталса, 2015 жылы 72 миллиард теңге жұмсау көзделген. Бүгінгі таңда холдинг 19 жобаны таңдап алып, қаржыландыруды бастапты.
Бұдан кейін форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығының бірінші жиналысы өтті. Онда ҚХА-ның жаңа құрылымдағы мүшелік, жұмыс басымдықтары және басқа да ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды.
Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.