Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды.
Шамалған – Елбасының кіндік қаны тамған ауыл. Әлем назарындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үшқоңыр тауының етегіндегі осы бір етек-жеңі жинақы елді мекеннен түлеп ұшқан еді. Бұл ауылда Мемлекет басшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін тарихи-өлкетану мұражайы 1998 жылдан бері келушілерге қызмет етіп келеді. Ал Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай есігін айқара ашқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы шамалғандықтар ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналатын рухани кешенге айналмақ.
Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Біз бүгін тарихи мәні бар үлкен оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл күн барлық қазақстандықтар үшін елеулі күн, өйткені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қарқынды әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы бар мемлекеттің бірегей үлгісін жасаған заманымыздың танымал мемлекеттік және саяси қайраткері. Елбасы секілді тарихи тұлға - біздің жастарымыз теңелуге тырысып, өздері үшін дұрыс бағдар белгілеуінің, еліктеуінің айшықты үлгісі, ал оның идеялары мен еңбегінің жемісі халық игілігіне айналуға тиіс, - деді өз сөзінде Махмұт Базарқұлұлы.
Енді Елбасының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін кітаптар мен экспонаттарды осы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан тамашалауға болады. Құнды жәдігерлерді жинақтауға Шамалғандағы тарихи өлкетану мұражайы, орта мектептің ұжымы жұмылса, Мемлекет Басшысының жазба еңбектері мен танымдық фотосуреттері, әр жылдарда жарық көрген кітаптары Елбасы кітапханасы мен Ұлттық кітапхана мұрағатына алынған екен. Ал орталықтың ашылуына орай ҚР Тұңғыш Президенті Қоры орталықтың экпонаттар қорына Мемлекет басшысы пайдаланған үкіметтік автокөлік тапсырды.
Бұл орталық Алматы облысының әкімдігі және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының қолдауымен ашылып отыр. Салтанаты шара барысында жиналғандарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, «Орталықтың алтын қорына жиналған барлық экспонаттар Елбасының балалық шағынан егемен елдің Көшбасшысына айналғанға осы күндерге дейінгі жүріп өткен сара жолынан сыр шертеді. Менің ойымша, бұл орталықтың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде олардың санасын жаңғыртуда өзіндік елеулі үлесі болары сөзсіз. Енді барша қазақстандықтардың тарапынан сөзсіз мойындалған Ұлт Көшбасшысымен жақындастыратын орталыққа айналарына сенімдімін» деді.
Айтпақшы, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы жергілікті тұрғындардың бастамасымен қолға алынып, өңір азаматтарының демеушілігімен салынды. Осы шарада облыс әкімі ғимарттың ашылуына мұрындық болған барша азаматтарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хат табыстады.
Сондай-ақ, ғимараттың салтанатты түрде лентасын қию рәсіміне мәртебелі меймандармен бірге Болат Назарбаев та қатысты. Ал аудандағы Ушинский атындағы орта мектептің оқушысы Дархан Шафхатов жырдан шашу шашты.
Ал есігін айқара ашқан орталықтың келешек ұрпақ үшін тарихи мән-маңызына тоқталған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Елбасының туған жерінде бой көтерген орталықтың мақсаты Мерелекет басшысының шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, сондай-ақ Президенттің өмірі мен қызметінің айшықты үлгілері негізінде жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту» дейді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ