Жақында «Достық» спорт кешенінде көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» чемпионаты мәреге жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған турнирде Қазақстанның бірнеше қалалары мен шетелдерден келген мыңнан астам спортшы бақ сынады.
Турнирге тұңғыш рет Ресейдің танымал спортшысы, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері, бес дүркін Еуропа чемпионы Яна Кудрявцева келді. Сондай-ақ Яна Алматыда жас гимнасшыларға шеберлік дәрістерін өткізді.
Турнирдің ашылу салтанатында спорт басқармасының басшылары сөз алып, бұл күндері қалада көркем гимнастика ғана емес, жалпы гимнастиканы дамытуға көп күш салынып жатқанын атады.
– Турнирге талантты жеткіншектер қатысып отыр. Өте қуаныштымыз. Өзге елдерден келген қатысушыларға және де ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Біз әрқашанда осы спорт түрін қолдаймыз, алдағы уақытта өз чемпиондарымызды көреміз деген үміттемін, – деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев.
Өз кезегінде, танымал Ресей спортшысы Яна Кудрявцева жарысқа арнайы қонақ ретінде шақырылғанына алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді. Жарыста Қытай, Қырғызстан және Қазақстан қалаларынан келген 3 жастан бастап 16 жасқа дейінгі қыздар өнер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен медальдар жиынтығы табысталды.
– Осындай ауқымды чемпионат өткізуді 2013 жылы өзіміздің көркем гимнастика мектебін ашқан кезде жоспарлаған едік. Біз үшін бұл өте айтулы шара. Бірінші турнирді былтыр өткіздік. Қатысушылар саны көбейіп келеді. Қазір көркем гимнастика елімізде ілгерілей бастады, – дейді ұйымдастырушы Мәдина Үркімбаева.
Сонымен биыл 14 жастағы жасөспірімдер арасындағы 1-орынды алматылық Анастасия Касаткина, 13 жастағы гимнасшылар арасындағы 1-орынды Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сабина Кикимова, 12 жастағылар арасындағы 1-орынды павлодарлық Айдана Мәмжан жеңіп алды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ