Ел газеті – «Егемен Қазақстанның» биылғы жылғы 14 қазандағы санында жарық көрген «Қазақ даласы күл-қоқыс қоймасы емес» атты мақалаға үн қосамыз.
Газетте журналист Жылқыбай Жағыпарұлы көтерген көкейкесті мәселе бізді ерекше толғандырып, өз ойымызды көпшілік оқырман назарына ұсынуға мәжбүр етті. Алдымен мақалада қозғалған тақырыптың өзектілігіне келер болсақ, қоқыс және оның зардаптары қазіргі таңдағы тек біздің еліміздің күрделі шешімін таппаған проблемасы емес, бүкіл әлемге тән қасірет болып табылады. Қаншама жылдар бойы адам баласы қоқыспен күрес жүргізіп, тазалық орнатуға бел буса да, қанағаттандырарлық нәтижеге қол жеткізе алмады.
Автордың айтар ойы – әлемнің күйінішпен айтар жайы. Қазір қазақ даласында 22 миллиард тонна қалдықтар мен қоқыс жиналғаны, оның 16 миллиард тоннасы техногендік-минералдық қалдықтар болса, 6 миллиард тоннасы адам ағзасына аса қауіпті химиялық қалдықтар екені еліміздің көңілден тыс қалған мәселелерге мән беруіне негізделіп жазылған. Құс екеш құс та өз ұясын былғамайды! Атадан аманат, ұрпаққа мұрағат болған өз жерімізге жауапсыз қарауымыз туралы мақала шынайы жазылған. Бұл мәселе – даусыз, бұл мәселе – ақиқат. Оған баршамыз куәгерміз. Автордың мақалада ұсыныстар төріне жайғастырар ойы – кәсіпкерлерге айтылған ақылы. Себебі, күл-қоқыс қалдықтарын іске жарата білсе, байлыққа жету мүмкіндігін автор нақты мысалдар арқылы қарастырған. Дәлел ретінде шетел тәжірибелері атап көрсетілген. Мысалы, «Қоқыс ханшайымы» атанған қытайлық Чжан Иньнің бизнесінің негізі осы қажетсіз қағаздардан құралады. Міне – бизнес көзі. Қоқысқа байлық ретінде қарасақ, біздің еліміз қазіргі таңда жер астында да, жер үстінде де байлыққа толы болып тұр. Осыдан түсінетініміз, қасиетті жерімізді былғап жатқан күл-қоқысты өңдеу арқылы экологиялық жағдайымызды жақсартып, экономикалық тиімділікке қол жеткізу мүмкіндігінің бар екенін журналист Ж.Жағыпарұлы ашық та нақты дәлелдермен толғанады. Өкінішке орай, әзірге автор айтқанындай, шетелдік кәсіпкерлер өздерінің ескі қоқыс өңдеу технологияларын бізге тыққыштауда. Дөрекі айтсақ, шетелдік қоқыспен отандық қоқысты өңдей аламыз ба? Ал өз еліміздің өнертапқыштарының ойлап шығарған технологияларын мемлекет қолдамайды, қолдамауы былай тұрсын, тіпті мән бермейтіні мақалада ашық айтылады. Осындай өнертапқыштық-инновациялық жобаның авторы, техника ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Төлеухан Ермеков ағамыздың жаңалығы қолда бар, қадірі жоқ алтынмен пара-пар екендігі қатты алаңдатады. Бұл мақалаға оң бағамызды беріп, сол бағаны билік басында жүргендер өздерінің жанашырлық әрекеттерімен қолдаса деген үміттеміз.
Мұқағали КАИМОВ,
Ислам РАХМАНОВ,
Халықаралық бизнес академиясының 2-курс студенттері.
Алматы.