• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2017

Қостанайда жаңа индустриялық аймақ ашылды

310 рет
көрсетілді

«Қостанай» индустриялық аймағының ашылуын облыс экономикасын­дағы тарихи маңызы бар ерекше күн деп атауға болар. Өйткені инвестиция тарту арқылы бизнесті шапшаң дамытуды көздейтін индустриялық аймақтың болашағы зор.  

Облыс орталығының батыс шалғайы соңғы аз ғана жылда қарқынды дамыған болатын. Осыдан оншақты жыл бұрын Қостанай қаласының осы бетіне шыға келсең көсіліп жатқан дала алдыңнан шығатын еді. Міне, қазір онда машина құрастыратын бір емес екі зауыт – «АгромашХолдинг» пен «СарыарқаАвтоПром» тұр. Тотыдай құлпырып, «Арман» шағын ауданы, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Енді қос зауыттан сәл әрі қатарласа аумағы 400 гектар болатын «Қостанай» индустриялық аймағы орналасты. Оның құрылуы үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінде аймаққа оның әкімшілік-тұрмыстық кешені салынып, пайдалануға берілді. Онда жалға алушылар үшін 10 кабинет, 40 орындық асхана, 11 орындық қонақ бөлме, 90 орындық мәжіліс залы орналасқан. Алдағы уақытта мұнда инвесторларға оңай болуы үшін банк консультанттары, нотариус, кәсіпкерлерге қажетті басқа қызмет түрлерінің өкілдері отыратын болады. Индустриялық аймаққа биыл газ, байланыс, электр желісін тарту секілді инфрақұрылым жұмыстары 2,5 миллиард теңгені құрады.

Мұнда өңір экономикасына инвестиция салатын өндіріс кәсіпорын­дары орналасатын болады. Биыл қыркүйек айында көрші Ресейдің Екатеринбург қаласындағы VEK компаниялар тобы мен қостанайлық «Тобыл» ӘКК» АҚ бірлесіп құрған «VEK Qazaqstan» лифт құрастыратын зауыты «Қостанай» индустриялық аймағынан орын тепкен алғашқы қарлығаш болды. Қазір аймақта оның әмбебап-құрастыру цехының құрылысы жүріп жатыр. «Тобыл» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Нұршиннің айтуынша, келесі жылы сәуір-мамыр айларында цехтың құрылысы аяқталады, мамыр айында Екатеринбургтен лифт құрастыратын жабдықтар әкелінеді. Маусым айында алғашқы өнім де дайын болуы тиіс.

Бізді Қостанай жағының инвес­торларға жағдай жасауы қызықтырды. Облыс әкімдігі барлық мәселелерді жедел шешіп берді, дейді VEK ком­па­ниясының бас директоры Михаил Молочников. Ресейлік инвес­тордың айтуынша, 600 килодан аса жүк көтеретін лифтілер жасауға қазақ­стандық металл пайдаланылады. Зауыт­тың алғашқы кезеңінде 45 жұмыс орны ашылады. Жұмыстың қазақстандық үлесі 60 пайызға дейін жеткізіледі. Өндіріске қазақстандық металдың, арзан жұмыс күшінің пай­далануы және салық жеңілдігі лифті бағасының Ресейдегі баламасына қарағанда, біраз арзан болуына ықпал етеді. Өндірілген өнімді өт­кізуде де екі жақ мүдделі болады. Қостанай жағының жүргізген жұмысы арқасында әлі құрылысы жүріп жат­қан зауыттың өніміне сұраныс жасап қойғандар да бар. Зауыт лифтімен тек Қазақстанды ғана қамтамасыз етіп қоймайды, алдағы уақытта экспортқа шығаруды да жоспарлап отыр.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов лифті құрастыру зауытының құры­лыс барысын қарағаннан кейін индуст­риялық аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық кешеніндегі мәжіліс залында инвесторлар тарту жөнінде кеңес өткізді.

– Алдағы екі жылда индустриялық аймаққа кемінде 10 өнеркәсіп кәсіпорны орналасады. Біз бұл жерге құрылыс өндірісі, автобөлшектер шығаратын, азық-түлік өндіретін кәсіпорындар келеді деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін мұнда барлық инфрақұрылымдық жағдай жасалады, – деді облыс басшысы. Қазірдің өзінде жергілікті «Астық» элеватор зауыты» ЖШС, ыдыс және орау заттарын өндіретін алматылық «Қостанай Пак» компаниясы, ірі жүк машиналарына жабдықтар жүйесін өндіретін ресейлік «Глоб Газ Групп» компания­лар тобы индустриялық аймақтан орын алу үшін келіссөздер жүргізуді бастады. Оның сыртында мәжілісте Ресейден келген бұрғылау құралдарын өндірумен айналысатын және өзіндік технологиясымен су және канализация құбырларын қалпына келтіретін екі инвестор ұсыныстарын айтты.

Алдағы жылы Қостанай облысы тарапынан индустриялық аймаққа инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жалғасын табатын болады. Мұнда әлі де 4,5 шақырым тас жол төселеді, темір жол тұйығы тартылады. Соның барлығына республикалық бюджеттен 2,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Индустриялық жаңа аймақтың болашақта тек Қостанай облысы экономикасын өрге сүйреп қоймай, еліміз экономикасының одан әрі дамуына ықпалы болады деген сенім бар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ