• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2017

Ақтөбе өңірінде өндірісті жаңғырту оң жолға қойылған

270 рет
көрсетілді

Ел экономикасын одан әрі дамытудың басты ке­пі­лінің бірі – техно­ло­гия­лық жаңғырту жұ­мыс­та­рын жүйелі түрде жү­зе­ге асыру болып отыр. Бұл міндет ел Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жол­дауы­ның басты өзегі болып табылады. 

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, мұның өзі дәстүрлі базалық салаларды дамытуға соны серпін бермек. Осы орайда өнеркәсібі өркен жайған Ақтөбе облысында тың іс-шаралар кешені белгіленіп, жүзеге асырылып келеді. Жаңғырту дегеніміз бұрыннан бар индустриялардың екінші тынысын ашып, оның өрге озуы үшін қосымша қаражат құю ұғымын беретіні белгілі. 

Сайып келгенде аймақ­та қолға алынған жаңғыр­ту жұмыстарына тән басты ерекшелік – әрбір кәсіп­орынмен дербес жұмыс істеу үр­дісі енгізілгені. Тиісті жол картасы да осы мақсатқа ыңғайластырылған. Биыл облыста жаңғыртылуға тиіс­ті нысандар қатарында жиырма кәсіпорын бар. Оның иелері өз өнді­ріс­терін нығайту үшін оған 12 миллиард теңге ин­вес­тициялық қаражат құю­ жөнінде есеп жасапты. Арнайы тізімге ен­бесе де, өңірде өндірістің әр түр­лі салаларында бұл мә­се­леге қатысты қадам жасай бастаған кәсіпорындар қа­тары көбейіп келеді.

Бұл талпыныстар нәти­же­сіз де емес. Егер соң­ғы үшін­­ші тоқсанның қорытын­ды­­сында өңірдегі барлық әлеу­меттік-экономикалық көр­­сеткіштер бойынша өсу де­ректері тіркелсе, мұнда жаң­ғырту жолын ұстанған өн­дірістік кәсіпорындардың елеулі үлесі бар екеніне шек­ келтіруге болмайды. Сон­дай-ақ осы уақыт ара­лы­ғында өңір өңдеу өнер­кәсібі бойынша еліміз бойынша бірінші орында иеленгені де жаңғырту жұмыстарының жеміссіз емес екенін көрсетеді. Ай­талық, өндірілген өнім мен шикізаттың көлемі жө­­ніндегі астрономиялық сандарды алға тарта сөй­лей­тін басшылар бар. Бұл­ соншалықты мақтан тұ­туға, желпініп айтуға тұ­рарлықтай көрсеткіш бола алмаса керек. Өйткені өнім­ді өндіру бар да, өң­деу бар. Тіпті екеуінің айыр­ма­шылығы жер мен көктей де­се де болады.

Қазіргі қолда бар деректер өткен тоғыз айдың ішінде он бес кәсіпорында 9,5 миллиард теңгенің жаң­ғырту жұмыстары жүргізіл­генін айғақтайды. Алдағы мақсат – жыл аяғына дейін жоғарыда көрсетілген межеге жету. Әрине, кәсіп­орындарды жаңғырту жұ­мыс­тары құр, жалаң тізбеге құрылмауға тиісті. Егер оның қорытындысында ең­бек өнімділігі өсіп жат­са – ал­ға қойылған мақсат­тың орындалғаны емес пе? Бұл бағытта ақтө­белік өн­дірісшілер жыл қоры­тындысы бойынша еңбек өнімділігін 12,5 пайызға көтеруді көздеп отыр, дейді Ақтөбе облысы әкімінің орын­­­басары Қайрат Беке­нов.

Сонымен бірге ол, өңірде өнімнің өзіндік құны мен қайта өңделуін тереңдету жөнінде де ауқымды шаралар белгіленгенін айтып берді. Бүгінгі таңда облыс­та жаңа желілерді іске қосу есебінен шығарылатын өнім­­­нің экологиялық жағ­дайын жақсарту мәселе­лері де қоса ойластырылып ­отырғаны –жаңашыл­дықтың бір жаршысындай әсер қалдырады. Сөз жоқ, бұл тиімділік пен пайда әкеле алатын жобалар қатарын толықтырмақ.

Қазіргі кезде облыс­та бә­секеге қабілетті ірі кәсіп­орындардың ин­дус­триялан­дыру деңгейін кө­теруге жан-жақты көңіл аударыла бастағаны да үл­кен сенім туғы­зады. Осы арқылы экс­порт­тық өн­дірістерді да­мытуға жол ашы­лары анық. Ең бастысы, осын­дай тәсіл арқылы жыл ая­­ғына дейін өндірілген өнім­нің қосымша өсімі мен өндірістік басқару технологиясын жаңа деңгейге көтеру қарастырылған. Екін­ші бір тұрғыдан алғанда бұл импорттық тауарлар мөл­шерін елеулі түрде шектеуге жол ашатын игі іс бол­мақ.

Өнеркәсіптік кәсіп­орын­­­­дарды жаңғырту ісін жүр­гізумен қатар, облыс­та құрылыс саласына да жа­ңаша көзқарас енгізу мә­се­лелері ойластырылған. Мұн­дай өміршең бастама бірінші кезекте жергілікті құрылыс индустриясының өнімдерін пайдалануға ба­сымдық беруден көрініс тауып отыр. Оның нәти­же­лері де тәп-тәуір деуге бо­лады. Қазіргі күні аймақ­тағы құрылыс компания­лары өздеріне қажетті мате­риалдарының 80 пайызын жер­гілікті жерден пайдаланылады. Әрине, бұл арада цемент және металл секілді құрылыс материалдарының түрлері өзге өңірлерден жет­­кізіледі.

Қысқасы, жаңғырту жұ­­мыс­тарының өрісі де, ау­қы­­мы да кең болса, бұл жағ­­дай Президент Жолда­уында айтылған кешенді мін­деттердің ойдағыдай орын­далуына толық негіз қа­лайды. Бұл ретте оған тек ірі кәсіпорындарды ға­на емес, сонымен бірге ор­­таша өндіріс орындарын тартудың тиімділігі де мол болмақ. Қазір облыста атқарылар істің бас­ты салмағы осы мәселеге қарай ойысып ке­леді. Сон­дай-ақ өңірде жаңғырту мәселелеріне қатысты іс­ке асып жатқан кешенді ша­ралар оған әлеу­меттік сала­лардың да қатысуын көздейді. Бұл орайда ЭКСПО-2017 маман­дан­дырылған халықаралық көр­ме кезінде көпшілік та­нысқан жобалар ендігі кезекте ел игілігіне қызмет етуі керектігі бұл істің ар­қа­уы болмақ.

Таяуда Ақтөбеде өт­кі­­зіл­ген инвестициялық фо­рум­ның басты желісі дәл осы мәселеге арналғаны да аян. Мұндағы бас­ты мақ­сат өміршең технология­ларды жергілікті өндіріс орында­рына орнықтырудан туын­дайды. Түйіп айтқан­да, облыстағы ірі кәсіп­орын­­дар алдағы жылда­ры технологиялық жаңғырту ісіне аса қомақты қаражат бөлуді ойластырып отыр. Әлбетте, басты мәселе тын­­дырылған іс пен түпкі нә­тижеде емес пе? Осы орайда ақтөбелік өндірісшілер жаң­ғырту ісіне жұмсаған қа­ражатының мөлшеріне сай бұдан тиісті қайтарым ала­тынына сенім білдіргіміз келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ