• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 12 Желтоқсан, 2017

Мүддесі ортақ үш таған

1302 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 3 қараша күнгі №212 санында Сүлеймен Мәметтің «Бала, ата-ана және мұғалім» атты мақаласы жарияланып, көп оқырманның бірі ретінде маған да ой салды. Ошақтың үш бұтындай ата-ана, бала және мектеп үш тағаны бірін бірі сүйеген одақ. Олар біріге отырып қоғамның салиқалы, салмақты мүшесін қалыптастырады. Ақыл-есі сау, он екі мүшесі қалыпты бала мектеп қабырғасында жүріп, ұстаздар берген білім мен тәрбиені, ата-анадан алған өнегемен ұштастыра отырып, оны бойына сіңіріп, толыққанды орта білім алып шығуға міндетті. Алайда мақалада айтылғандай, толыққанды емес отбасындағы баланың тәрбиесі мен біліміне алаңдауымызға негіз бар. Бүгінгі мектепке ең бірінші кезекте ер мұғалімдерді көптеп тартуымыз керек. Әр отбасында әкенің алар орны, оның жүріс-тұрысы, сөзі, ақыл кеңесі әрбір ұл мен қыз үшін өте маңызды. Ал әкесіз бала тәрбиелеп отырған отбасында барлық материалдық қажеттіліктер қамтамасыз етілген күннің өзінде бәрібір әке орны үңірейіп сезіліп тұратыны анық. 

Сонау 1960-1970 жылдары Кеңес Одағы кезінде осы мәселе КСРО ғалымдарының алдынан шыққан болатын. Сол уақытта Мәскеудің тапсырысымен балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарында ер тәрбиеші, ер мұғалімдер тартылып, олар туралы кинофильмдер тү­сіріліп, насихат жұмыстары жүргізілді. Біздің «Алпамыс мектепке барады» фильмі сол ұғымға саяды.

Қарап тұрсаңыз отбасында анасы, әжесі, балабақшада апайы, бастауышта апайы, сынып жетекшісі, тіпті мектеп директоры, оның орынбасарлары әйел кісілерден тұратын мектептер басым. Ұл баланың әлжуаз, жасық, кінәмшіл, өкпелегіш, не болса соны сөз етіп салғыласуы осы себептен болса керек. Сон­дықтан ұстаз рөлін, оның ішінде ер мұғалімдердің сапасы мен санын арттыру ұлттық кодымыздың жақсаруына зор мүмкіндік берер еді. Олардың ең бірінші кезекте айлық жа­лақысын арттыру зор маңыз береді. Өйткені олар әрбір отбасының асыраушы азаматтары. Екіншіден, қазіргі таңда ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі төмен. Аптасына, айына деп айтпай-ақ қояйын, тіпті тоқсанына бір рет мектепке бармайтын, ұл-қызының са­бағынан, тәрбиесінен, мектеп қабырғасындағы күнделікті тіршілігінен бейхабар жүрген ата-аналар бар. Оларды арнайы шақыртып, жұмысына хат жазып келтіре алмаймыз. Сол ата-аналар баланың сынып жетекшісін, мектеп пси­хологінің аты-жөнін де білмейді. Соңында ҰБТ кезінде баласының төмен баға алып, жылап тұрғанында, қосыла жылап тұрғанын көрдік. Бірақ ол уақытта кеш еді. Сол жағдайға бармау үшін баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бірге аттап, бірге аяқтап, үш таған болып бірлесе қоян-қолтық жасағанында оның айтарлықтай оң жемісі болар еді. Кейбір ата-аналарға арнайы жолыққанымызда «жұмыстан қолым тимейді» дегендері болды. Олардың басшыларына да жолықтық. «Біз басшы болғанымызбен, ең бірінші – ата-анамыз. Сол себепті «ұл-қызымыздың сабағын білейік, мектепте ата-аналар жиналысы бар еді. Бір-екі сағатқа жіберіңізші» деген ата-ананы осы уақытқа дейін көрмеппін деп ағынан жарылған мекеме басшыларына рахмет айтамыз. Сондықтан кейбір ата-аналардың орынсыз сылтауы өзіне жасалған қиянаты. Қарап тұрсаңыз, сонда сол ата-аналар жұмысты кім үшін, не үшін істеп жүргеніне таңғаласың. Бала болашағымыз десек сол болашақтың өсіп, өр­кен жайып, қанаттануына сеп­тігімізді тигізсек керек. Ба­ланы таңертең оятып, ша­йын, тамағын беріп, киімін ки­гізіп «Балам бүгін жақсы ба­ға әкелуіңе тілектеспін. Ұстаз­да­рыңды тыңда, күнің сәтті өтсін!» деп шығарып салатын ата-аналар аз. Өздері ұйықтап жатып баласының мектепке не ішіп, не киіп кеткенінен хабарсыз ата-аналар да барын білеміз. Біздер, ата-аналар қан­­дай келеңсіз жағдай болса ұс­­таздан, мектептен көреміз. Өзіміз сол мектепте оқыдық, білім алдық. Сонда қай мұ­ғалім балаға теріс тәрбие берген еді. Отбасында дастарқан басында отырып, баланың көзінше мұғалімдерді, оның отбасын сөз ету, іске алғысыз етіп жамандау дұрыс тәрбие емес. Ал балаңның тағдырын сеніп тапсырған ұстазды ба­лаңның көзінше жамандау өзің отырған бұтақты кесумен бір­дей екенін неге түсінбейміз.

Сонау 1990-2000 жылдар аралығында рас, білікті, білімді ұстаздар күн көрістің қамымен базар жағалап, ай­лығы қомақты өндірістер мен компанияларға кетіп, орны ойсырап қалды. Кадр таңдауға, конкурс арқылы іріктеп жа­сақтауға мүмкіндік болмады. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда мектептерде білім беру жүйесіндегі академиялық адал­дық қағидатын қолға алу ке­рек. Әрбір мұғалім, оқушы өз міндетіне адал болуы керек. Мұғалім өз білімін арнайы оқу орындарында көтеріп, шыңдап, ізденсе, оқушы ұс­тазынан өзіне керекті білім мен тәрбиені алса үлкен же­тіс­тіктерге жетері анық. Кө­шіріп алған, ұрлап алған бі­лім не береді? Мектеп ұшу алаңы десек, ертең қанатында қуат, жігер болмаса, бағытың айқын, қонар межең белгілі болмаса жартасқа соғыларың, теңізге батарың анық. Сон­дықтан ұшпай тұрып, ұшу алаңында бағдарыңды нақ­тылау, біліміңді ұштау ар­қылы мүмкіндігіңді пайдаланып қалу оқушының бірінші мін­деті болмақ.

Біздің ауданда біршама мектептерде ата-аналар бөл­месі бар. Онда ата-аналар пси­­­хологпен кеңесуге, ба­ла­­сының ұстаздарымен әң­гі­мелесуге жағдай жасалған. Ата-аналар комитеті өткен оқу жылында «Ғибрат» атты кі­тап шығардық. Онда газет бетінде жарияланған тәр­бие, тәлім, әдеп жөніндегі ма­қа­лалар топтастырылған. Аудан мектептерінде жыл сайын жаңа оқу жылы басталған соң белсенді, іскер, мектеп бас­­шылығына бағынышты емес, қоғамдық жұмысқа қа­білетті деген азаматтардан ата-аналар комитетінің тө­р­а­ғаларын сайлаймыз. Солар ар­қ­ылы мектептерде пікірлесу, дөң­гелек үстелдер, мектепке келмейтін ата-аналармен жұ­мыс тұрақты жүргізіліп тұ­рады. Біздің жұмысымызды облыстың басқа аудандары үлгі ретінде сұратып алдырды. Сөз соңында айтарым, үш жақты бірігу арқылы, ынтымақта, кеңесе отырып жұмыс жасасақ алар асуымыз да оңай болар еді.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, Созақ аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы

Оңтүстік Қазақстан облысы