Қай қоғамның да алға қойған мақсаты – адам әлеуетін жақсарту. Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласындағы «Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деген байламы көп жайды аңғартады. Осыған орай, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен №78 мектеп-лицейде «Адами әлеует – елдің инновациялық дамуының басты факторы» тақырыбында қалалық ғылыми-практикалық конференция өткен еді.
Алқалы жиынды Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай жүргізіп, адами капитал туралы ой қозғады. Оқушылар мен ұстаздарға Әлихан Бөкейхан туралы қойылым көрсетіліп, Алаш арысының өмір жолынан жан-жақты дерек берілді. Заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.Ибрагимов «Инновациялық дамудағы азаматтардың құқықтық әлеуетін жаңғырту» атты баяндама жасап, жұртшылықтың түрлі сұрақтарына жауап берді. Сол секілді №14 мектеп-гимназияның директоры О.Надеин білім мекемелеріндегі толеранттық туралы мағлұмат берсе, «National Geograpһic Қазақстан» журналының жауапты редакторы М.Ясылбайұлы адам мен табиғаттың арасындағы байланыс жайлы деректерді слайд арқылы көрсетіп, бір кездердегі Арал тағдырын мысалға келтіріп, ендігі жерде Балқаш көлін қалыбында сақтап қалу мәселесін осы кезден бастап қолға алу туралы өз тұжырымын алға тартты.
Пленарлық отырыстан кейін жиналысқа келгендер үш секцияда жұмыс істеп, еліміздің киелі жерлері, қазақ мәдениеті, асқақ Астана туралы ой бөлісті. Қорытындысында, «Астана дарыны» орталығының директоры М.Құрманбаева конференцияға қатысқан азаматтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта Президенттің рухани жаңғыру жөніндегі мақаласының әр тармағы бойынша осындай жиындар өткізіп, онда айтылған идеяны жастардың санасына сіңіріп, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу мәселесін жалғастыра беретінін, әсіресе, дарынды жастардың бойындағы ерекше талантты ашу шешімін табатынын тілге тиек етті.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан