Жыл соңы алматылық мұғалімдерді бірқатар жағымды жаңалығымен қуантты. Соның бірі шаһарда бұрын-соңды болмаған, еңсесі биік «Ұстаздар үйі» ғимаратының бой көтеруі. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың ұйымдастыруымен қаладағы барлық мұғалімдердің басты ордасына айналған орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылған Алматы қалалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты бүгінге дейін өзінің орналасқан жерін бірнеше мәрте ауыстырды. Институт екі рет балабақша ғимаратында, одан музыкалық және жалпы білім беретін мектеп жанына ауысып, көшпелі күй кешті. Институттың жеке ғимаратының болмауы білім беру қызметтерінің міндеттерін өз дәрежесінде іске асыруда айтарлықтай қиындық туғызып келген еді. Енді көптен көкейде жүрген мәселе оң шешімін тапты. Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасының қамқорлығының арқасында Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жеке ғимаратқа орналасып, ал қала мұғалімдері ұстаз қауымының ортақ шаңырағы – «Ұстаздар үйіне» қол жеткізіп отыр. Қала педагогтері «Ұстаздар үйінде» біліктілігін арттыру курстарында оқытылып, әдістемелік көмек ала алады. Оған қоса орталық мұғалімдердің тәжірибе алмасу алаңына айналып, педагогикалық инновацияларды жүзеге асыруына жол ашпақ.
– «Ұстаздар үйінің» есігі қала мұғалімдері үшін әрқашан ашық. Жаңа ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған аудиториялар, робот-техника, Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студиялары, 200 адамға арналған салтанат залы бар. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мұғалімдерінің кәсіби деңгейін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған, еңсесі биік, мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру ұлттық орталығы білім саласының кеңге қанат жаюына септігін тигізіп, ұстаз беделін арттыра түсуге қызмет етеді. Қазіргі таңда мектептерде жаңартылған білім бағдарламасы енгізілуде. Мұғалім білікті болса, мақсат-міндеттерін жақсы білсе, шәкірттер де нағыз білікті азамат болып қалыптасады, дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы Гүлназ Ахметова.
Су жаңа орталықтың ашылу рәсімімен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Microsoft Kazakhstan» компаниясымен бірлесіп, мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары үшін ұйымдастырған «Smart-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»