• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2011

Достастық елдері парламентшілерінің ұйғарымы ортақ

230 рет
көрсетілді

Газетіміздің өткен санында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қай­рат Мәми бастаған парламентшілер делегациясы ТМД ПАА Кеңесінің отырысына қаты­суы барысында бірқатар кездесулер өткізгендігін жазғанбыз. Кездесулер барысында Парламент Сенатының Төрағасы Қай­рат Мәми Ресей Федерациясы Фе­дералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мен Ресей Федера­ция­сы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Борис Грызловпен кездесті. В.Матвиенкомен кездесу барысында Қ.Мәми ресейлік әріптесін осы ел парламенті жоғарғы палатасының басшылығына сайлануымен құт­тық­тады әрі екі ел заң шығару органдары арасындағы қатынас­тардың жоғары деңгейі сақталып келе жатқандығын тілге тиек етті. Ресеймен қарым-қатынас Қа­зақстанның сыртқы саясатындағы басымдық болып табылады, дей келіп, Қайрат Мәми Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты және көпжақты іс-қимылдардың келешегі зор екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың жұмысы нәтиже­лерін ерекше атады. Екі ел парламентшілері ТМД ПАА аясында белсенді әрекет етіп, Ассамблея­ның халықаралық беделін көтеру­де айтарлықтай күш салып келеді. Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы­ның Төрағасы Борис Грызловпен болған кездесуде Сенат Төрағасы Қайрат Мәми Ресей еліміздің стратегиялық әріптесі әрі тату көрші екендігін және осы елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға Қа­зақ­стан­да ықыласпен назар ау­дарып отырғандығын жеткізді. Мемлекеттік Думаның сайлауына айдан аз уақыт қалып тұр. Ал­дағы сайлауға әзірлікке байла­нысты ауқымды жұмыстардың күтіп тұрғанын қаперге салған Сенат Төрағасы «Единая Россия» партиясы Жоғары Кеңесінің Төрағасы Б.Грызловқа табысқа жетуіне тілектестігін білдірді. Сонымен бірге, Сенат Төр­аға­сы Қ.Мәмидің Тәжікстан Милли Маджилисінің Төрағасы М.Убайдуллоевпен кездесті. Онда Тәжік­стан еліміздің маңызды әріптесі екені ерекше атап өтілді. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиі әрі тиімді жалғасын табуы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетіп келеді. Осы ретте   М.Убайдуллоев Тәжікстанның мем­лекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша ықпал­дас­тықтың кеңеюіне мүдделі екен­дігін ортаға салды. Сенат Төрағасы өз кезегінде парламен­таралық ынтымақтастық екіжақ­ты қарым-қатынастарды нығай­туда маңызды рөл атқарарымен бөлісті. Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика кеңесінің Төрағасы А.Рубиновпен кездесуде Қ.Мәми аймақтық ин­те­грацияны жылжыту мәселесін­де қол жеткізген жетістіктерді жоғары бағалайтынын атап өтті. Сенат Төрағасы Қ.Мәми бас­таған қазақстандық парламентшілер Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығына қатысушы мемлекет­тердің Парламентаралық Ассам­блеясы (ТМД ПАА) Кеңесінің отырысына қатысты. Күн тәр­тібінде жиырма мәселе талқыға салынды. Отырыс басталарда оған қатысушылар қазақстандық парламентшілерді бастап келген Сенат Төрағасын ТМД ПАА Ке­ңесіне мүше болуымен құттық­тады. Парламентшілер отырыс барысында алдағы ТМД мен Парламентаралық Ассамблеяның 20 жылдығына дайындықты, сон­дай-ақ Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына арналған шаралар барысын пысықтады. Мемлекеттік билік органдарының сай­лауын байқауға ТМД ПАА өкіл­дерінің қатысуына қатысты мә­селені талқылау барысында Қа­зақ­стан Парламенті Сенатының үстіміздегі жылдың тамыз айын­да өткен сайлауында халық­ара­лық сайлау ережелері мен стан­дарттары сақталғандығы аталып өтілді. Сонымен қатар, отырыс барысында ТМД аясында қабыл­данған келісімдерді орындау, 2011-2015 жылдарға арналған үлгі заң шығармашылығы жоспа­ры және ТМД ПАА алдындағы міндеттер жан-жақты көтерілді. Сондай-ақ, отырыс соңынан ТМД ПАА-ның ең жоғарғы марапаты саналатын «Содружество» орденімен бірқатар парламентшілер наградталды. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы Мәжілі­сінің депутаты Тоқтарбай Қадам­баев та бар. Қорытындысында Санкт-Пе­тербург қаласында өткен ТМД ПАА Кеңесінің күн тәртібіне шы­ғарылған мәселелердің барлығы да қолдау тапты. Осылайша ТМД ғұмыры ұзаққа бармайды деген кейбір сәуегейлердің болжамдары негізсіз екені осы отырыста анық байқалды. ТМД өзінің болашағы зор ұйым екенін тағы бір қы­рынан көрсетті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Суретті түсірген Аманқұл ДҮЙСЕНБАЕВ.