Кез келген мемлекетке халықтың игілігі үшін тарихи шешім қабылдайтын сәт туады. Қазақстан тағдыры өте қиын және күрделі кезеңде ұйымшыл саяси элитасы бар, көреген Көшбасшысы бағдар сілтейтін халықтың қандай деңгейге жететіндігінің жарқын мысалы.
Тәуелсіздік алған тұста жағдайдың басқа елдерге қарағанда төмен болғанына қарамастан, Қазақстан дамудың барлық мүмкіншіліктерін қолданып, құрметті және әлеуетті елге айналып, тарихи сынақтардан бас тартпай, жаһандық қауіп-қатерге төтеп беретін мемлекетке айналды. Мұндай жетістікке қол жеткізу – екінің біріне берілмейтін мүмкіндік.
Қазақстан жетістігінің кілті ел аумағында көп кездесетін пайдалы қазбаларға байланысты емес. Біздің басты табысымыз – мінсіз, нақты және тиімді стратегиялық жоспарлау, экономиканы, әлеуметтік саланы және саяси демократияны қамтамасыз ететін ілгерілемелі және теңестірілген даму.
Мұндай жетістіктің жарқын үлгісі ретінде «Қазақстан-2030» даму стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын, «Қазақстан-2050» жоспарын, Бес институттық реформаны, «Нұрлы жол» экономикалық саясатын атап өтуге болады.
Аталған бағдарламалардың орындалу нәтижесінде бүкіл әлемде мойындалған, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты «қазақстандық жолға» қол жеткіздік.
Стратегиялық жоспарлау мен оны орындау 2017 жылы ерекше қарқын алды. Үшінші жаңғырту, конституциялық реформа және қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламалары Қазақстанды әлемнің үздік отыз елінің қатарына енудің соңғы кезеңіне шығарды.
Дамудың эволюциялық жолын таңдау, қоғамдық келісімнің жағдайын анықтау, қоғамның көңіл күйін бақылау секілді әрекеттер жасампаз еңбек пен оның нақты нәтижесіне арналған. Сондықтан қоғамдық сананы жаңғырту Мемлекет басшысы айтқандай, «саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».
Осы орайда тарихшы және философ Томас Карлейляның «моральдықтан басқа реформалар пайдасыз» деп айтқаны еске түседі. Расында, қоғамдық сананы жаңғырту арқылы теңдессіз нәтижеге қол жеткізген мысалдар тарихта жетерлік. Мәселен, орта ғасырдағы Еуропадағы қайта жаңару дәуірі, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы экономикалық жолбарыстар, заманауи Қытай феномені, талайды тамсандырған Сингапур экономикасының тиімділігі қоғамдық сананың реформалар мен дамуға қаншалықты әсер ететінін көрсетеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы үшінші жаңғырту мен конституциялық саяси реформаларды орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан Президент Н.Назарбаев «Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидаты әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс», деп атап өткен болатын.
Әрбір қазақстандықтың жеке және дербес бағдарынан бөлек, бейбітшілік пен келісім мәдениеті бүкілхалықтық бірлік пен қоғамдық келісімнің негізіне айналуы тиіс. Бұл қағидаттар бізге идеология тұрғысынан ғана емес, адамгершілік талаптары және этика тұрғысынан қоғамдық нормаға айналуы тиіс.
Қоғамдық келісімді нығайтудың іргетасына айналған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы қоғамдағы үш мүмкіншілікке негізделген. Олар: әлемде, елде және өз планетаңда не болып жатқанын түсіну, өзгеріске әзірлік және басқалардың тәжірибесін ескеріп, солардан үйрену.
Қазақстандағы көп этносты қоғам үшін әлемде кездесетін мәдениеттің, тілдің, дәстүрдің өзгешелігін ескере отырып, алуан түрлілікке негізделген стратегияға бетбұру өте маңызды болып табылады.
Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының осы және өзге де бағыттары Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі аясында орындалып жатыр. Ең бастысы, Қазақстанның бүкіл тұрғындарын, әсіресе ауылдық жерлерді қамтитын институттық механизмдер тиімді жұмыс істеуде. Солардың алдыңғы қатарында ҚХА-ның Қоғамдық келісім мен Аналар кеңестері тұр.
Қазіргі таңда барша әкімшілік-аумақтық деңгейде 2978 қоғамдық келісім кеңесі қызмет етеді. 2017 жылғы 9 айдың ішінде 6019 нақты мәселе шешімін тауып, мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам институттарына 1635 ұсыныс жіберілген болатын. Соның 1381-і шешімін тапты.
Толеранттылық мәселелері жөніндегі Аналар кеңесінің саны 2141-ге жетті. Солардың құрамында 10 мыңнан астам белсенділер бар. Жалпы, Аналар кеңесі жұмысы 350 мың адамды қамтыды.
Қоғамдық келісім мен Аналар кеңестерінің белсенділігі және дамуы үшінші жаңғырту барысында олардың маңызды факторға айналатынын, азаматтардың қатысынсыз қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін еместігін көрсетеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау барысында Ассамблея әр аймақта дербес жоспар жасады. Қазіргі таңда 593 жоба орындалу кезеңінде тұр. Бұлар Ассамблеяның қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша бүкілхалықтық жол картасы саналады.
Бұдан бөлек, ҚХА-ның өңірлік бөлімшелері 1144 жобаның орындалуына атсалысып, бағдарламаның бүкіл бағытын қамтыған. Соның ішінде Ассамблеяда 76 жоба дербес орындалып, ҚХА-ның 94 мүшесі жергілікті жоспарларды басқарып отыр. Орындаушы ретінде Ассамблея мен этномәдени бірлестіктің 12 626 өкілі қызмет етеді. Сондай-ақ 116 адам жобаларды орындау бойынша сарапшы міндетін атқарады.
Қазақстан қоғамы санасын жаңаша қалыптастырудың маңызды жобаларының бірі – «100 жаңа есім» жобасы болды. Онда өз таланты, еңбегі мен білімі арқылы табысқа жеткен отандастарымыздың жетістік жылнамасы жазылған. Дәл осы азаматтар арқылы еліміз қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық кодты сақтау, білімге иек арту, әрдайым эволюциялық дамуға талпыну, сананың ашықтығы секілді негізгі қасиеттерді көре білді. Ендігі жерде олардың тәжірибесі барша қазақстандықтар үшін үлгі болуы тиіс. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы 2018 жылға арнап оған қатысушыларды қоғамда насихаттау мақсатында 11 арнайы жоба әзірледі.
Әлбетте, азаматтық әлем, әлеуметтік ынтымақтастық пен жауапкершіліксіз қоғамдық келісімді елестету мүмкін емес. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық шараларын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл қадамның нәтижесін Қазақстан қайырымдылық көрсетушілердің III съезі көрсетіп берді. Онда Ассамблея ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының нәтижесі, «Туған жер» бағдарламасын орындау және қайырымдылық шараларын дамыту мәселелеріндегі маңызды сұрақтар талқыланды.
Осы бағытта 2017 жылы 11 мыңға жуық қайырымдылық шаралары, акциялар өтіп, аз қамтылған отбасыларға, қарт кісілер мен балалар үйіне көмек көрсетілді. Осы аралықта 529 мыңнан астам адамға қайырымдылық көмек көрсетіліп, 18427 ұйым мен мекемеге жалпы сомасы 4,2 миллиард теңге болатын қаржылай қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар съезд кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған, еліміз тарихында тұңғыш рет «Жомарт жан» мемлекеттік белгісі тағайындалып, салтанатты түрде өз иелеріне табыс етілді. Бұл белгі азаматтардың меценаттық және қайырымдылық шаралары кезіндегі еңбегін қоғамның бағалауын көрсетеді. Жалпы, «Жомарт жан» белгісі 29 адамға бұйырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындаудың алғашқы жылы қазақстандық жаңғыру мен қоғамдық келісім арасындағы тығыз байланыс анық байқалды.
Осы орайда, алға қойылған мақсаттың қиындығына, кенет кездесетін кедергілерге қарамастан мақсатқа қол жеткізетінімізді толық сеніммен айта аламыз. Өйткені үшінші жаңғырту, конституциялық реформа және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы реформаның дербес бағыттары емес, Елбасы Н.Назарбаев белгілеп берген жалпы бір бағыттың түрлі салалары болып саналады. Сондықтан Қазақстанның жарқын болашағы Елбасы – Тұңғыш Президенттің қолында екеніне сенімдіміз.
Леонид ПРОКОПЕНКО,
Қазақстан Президенті Әкімшілігі
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары