Ақжар ауданы облыс орталығынан алыс орналасқанына қарамастан, мұнда шаруашылықтарға озық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Солардың бірнешеуін жеке кәсіпкер Марат Шәпенов өз қаражатына жүзеге асырды.
Марат көзін тырнап ашқаннан ауыл төңірегінен ұзаған емес. Әке-шеше тәлімімен ата кәсіпті серік етіп, содан бері төрт түлік өсірумен айналысады. Бертінге дейін асыл тұқымды малды табындап бақса, енді сүт өндіруге де мықтап бет бұрды. Ол үшін ауыл маңындағы иесіз жатқан жерді кәдеге жаратып, мал шаруашылығы кешенін тұрғызды. 1 миллиард 300 миллион теңге инвестиция құйды. Заманауи құрал-жабдықтар орнатып, желіні жер иіскеген 600 симменталь сиырын сатып алды.
– Екі жыл ішінде төккен тер зая кеткен жоқ. Тәуелсіздік күні қарсаңында 80 жерлесімді жұмыспен қамтамасыз еттік. Орташа еңбекақы 120 мың теңге, – дейді ауылдастарына үлкен қуаныш сыйлаған ел азаматы.
Сүт кешенінің меңгерушісі Баян Жарованың айтуынша, сауыншылар Германиядан әкелінген соңғы үлгідегі қондырғылардың тілін тез меңгерген. Арнайы орынға 24 сиыр бірден енгізіліп, сауын бар-болғаны 7 минутта аяқталады. Өнім сапасы да, майлылығы да басты назарға алынған. Алда жылына 2100 тонна сүт өндіру міндеті тұр.
Осылайша ауыл десе жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген кәсіпкер енді сүтті тереңдете өңдеп, айран, қаймақ, ірімшік шығаратын зауыт салуды ойластырып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы