Өскеменде Тәуелсіздік күніне орай 2006-2007, 2008-2009, 2010-2011 жылдары туған және одан кіші ұлдар мен қыздар арасында «Спорттың су түрлері федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ашық кубогі өтуде.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сенсек, аталмыш жарысқа Өскемендегі «Чайка», «Дельфин», «ШҚО су спорты түрлері бойынша кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ тәрбиеленушілерінен бөлек, Талдықорған, Риддер қалаларынан барлығы 150 спортшы қатысуда.
Сайыс жүзудің 4 түрлі әдісі бойынша өтеді. Олар: 50 м қашықтықтағы баттерфляй, 50 м арқамен жүзу, 50 м брасс және 50 м еркін стиль сынды жүзу түрлері. Осы 4 жүзу әдісі қорытындысында әр жас ерекшелігі бойынша үздіктер анықталады. Жақсы нәтиже көрсеткен суда жүзушілер келер жылы өтетін республикалық жарыстарда өңір намысын қорғайтын болады.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН