• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2017

Биыл бағдарлама аясында 413 мың адам жұмыспен қамтылды — Тамара Дүйсенова

185 рет
көрсетілді

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысы барысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындысы қаралды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз баяндамасында ағымдағы жылғы 11 айда 413 мың адам еңбекпен қамтылғанын, олардың ішінде тұрақты жұмысқа — 279 мың адам тұрғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Бағдарламаға қатысушылардың саны 527 мыңға жетті, олардың ішінде 50% астамы — ауыл тұрғындары. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, Бағдарламаның негізгі индикаторларына қол жеткізілді.

«Бірінші бағыт аясында өңірлік еңбек нарықтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 90 мың адамды оқыту ұйымдастырылды, олардың 21 мың адамы – бұл жұмыссыз жастар, қалғаны 69 мыңы – жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Қысқа мерзімдік оқыту курстарын 43,5 мың адам тәмамдады», — деді Тамара Дүйсенова.

ҰКП-ның «Bastau Бизнес» жобасы аясында «кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» бағыты бойынша 15 мың адам оқуды аяқтады, олардың 8,2 мың адамы өздерінің бизнес жобаларын қорғады және 3 мыңнан астамы  — несиелер алды. Келер жылы «Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша оқитындар санын жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың арасынан екі есеге (30 мың адамға дейін) арттыру жоспарланған.  

Бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың әлсіз санаттарын еңбекпен қамтуда атаулы көмекті және еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыруды қарастырады.

«Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға 134 мыңға жуық адам жіберілді», — деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бағдарламада азаматтардың еңбек жұмылғыштығын арттыру бойынша бағыт ерекше орынға ие. Тамара Дүйсенова ағымдағы жылы келу өңірлерінің жұмыс берушілерінің қатысуымен барлық кету  өңірлерінде бос орындардың өңіраралық жәрмеңкелері өткізілгенін атап өтті.  

«Бүгінде Бағдарлама аясында бөлінген қаражат есебінен солтүстік өңірлерге оңтүстік облыстардан өз еркімен 381 отбасы немесе 1 479 адам көшті. Келесі жылға қоныс аударудың өңірлік квотасын 5 есе арттыру, яғни 1700 отбасыға дейін немесе 7000-ға жуық адамға жеткізу жоспарланған», — деп баяндады Тамара Дүйсенова.

Сөз соңында министр азаматтардың өз еркімен қоныс аударуына ынталандыруға, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, сондай-ақ оқыту жүйесін жақсартуға бағытталған Бағдарлама тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды Үкімет қарауына ұсынды.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру тұрғысынан жүргізіліп жатқан жұмыс туралы өз бағыттары бойынша ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиев, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі.

Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев, Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов, Алматы облысы әкімі Амандық Баталов есеп берді.