• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 21 Желтоқсан, 2017

Шетел басшылары құттықтады

344 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшылары­­нан құттықтау жеделхаттары келіп түсті.

Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин өзінің құттықтау жеделхатында: «Қазақстан әлемдік аренада жо­ғары беделге ие болып, халықаралық өзекті мәселелерді шешуге, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, сондай-ақ Астана процесі аясында елеулі үлес қосып келеді», деп атап өткен.

Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтау жеделхатында: «Сіздің еліңіз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 26 жыл ішінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде, экономиканы дамытуда, халықтың өмірін жақсартуда және мемлекеттің халықаралық беделін көтеруде зор жетістікке жетті. Сондай-ақ мемлекет құру ісінде де айтарлықтай табысқа кенелді», деп атап көрсеткен.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтау хатын­да Қазақстанның түркі әлемі­нің жарқын өкілі ретіндегі жетіс­ті­к­терін жоғары бағалап, еліміздің келер жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық қызметіне табыс тіледі.

Америка Құрама Штат­тарының Президенті Дональд Трамп құттықтау хатында: «Қа­зақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жыл бойы Америка Құ­ра­ма Штаттары елдеріңіздің егемен­дігін, тәуелсіздігін және ау­мақ­тық тұтастығын мойындап келеді. Қазақстан Республи­ка­сының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі алдағы төрағалығы мен энергетика саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланыстар нығая түседі деп ойлаймыз», деп атап өткен.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанның халықаралық беделінің нығаюына септігін тигізген еліміздің жаһандық және өңірлік бастамаларына жоғары баға беріп, екі мемлекет арасындағы тату көршілік ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Мемлекет басшысының атына жолдаған құттықтау хатын­да «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырыл­ған көрме­сінің жоғары деңгейде өткізіл­генін атап өтіп, Польша­ның оған белсенді қатысуы сауда және инвестиция салаларындағы байланыстарымыздың жандана түсуіне және Қазақстандағы серіктестер үшін ұсынылған ин­новациялық және бәсекелі шешімдерді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.

Франция Президенті Эма­нуель Макрон құттықтауында: «Бірнеше аптадан кейін Сіздің еліңіз­дің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін­дегі төрағалығы бастала­ды. Франция Сіздер қойып отыр­ған күн тәртібіндегі мәселелерге ерекше назар аударып, оны талқылауға белсенді түрде қатысады», деп атап өткен.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын Бельгия Королі Филипп, Ис­па­ния Королі VI Фелипе, Сауд Ара­биясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд, Вен­грия Президенті Янош Адер, Үн­дістан Президенті Рам Натх Ковинд, Біріккен Араб Әмір­лік­тері Президенті Халифа бен Заид Әл Наһаян, Пәкістан Пре­зи­денті Мамнун Хусейн, Слова­кия Республикасының Пре­зи­ден­ті Андрей Киска, Украина Пре­зиденті Петр Порошенко, Хорватия Президенті Колинда Грабар-Китарович, Сауд Ара­биясы Корольдігінің тақ мұ­рагері, Министрлер кеңесі төр­ағасының орынбасары, Қорғаныс министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд, Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, бақ-береке тілеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.