Айтқандай, қайбір жылдары шіліңгір шілдеде жұмысқа ерте келіп электрондық поштаны ашсам «Перзентханадан хат» деген атаумен бір хабар келіпті. Қалғандарын қарамастан, дереу соны оқыдым. Сөйтсек Алматы перзентханаларының бірінде үшем дүниеге келіпті.
Шілденің аптап күндері, редакцияда да «бар да жаз» деп тықақтап отырған адам жоқ. Бірақ баяғыда бір жиналыста басшымыз Сауытбек Абдрахманов: «Журналистің адамгершілігі неде?», деп сұрақ қойды. Неде? Неде? деп ойланып отырғанымызда: «Журналистің адамгершілігі – жазбай-ақ қоюға болатын нәрсені де жазу» деп барып: «Жақсы журналист ертең мұнан да жақсы жазамын, бүгін қоя тұрайын деген иллюзиядан арылу қажет», деді. Сол сөз бес жыл журфакта алған білімнен де жақсы әсер етті, санаға шегедей қадалды. Жалқаулана бастасам осы сөз еске түседі.
Содан перзентханаға фототілшіміз Берсінбек Сәрсеновпен арнайы барып, сол оқиға туралы мақала жаздық. Сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов үшем туған анаға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын. Мұндай оқиғалар осыдан кейін бірнеше рет қайталанды. Сондай адамдардың жүзін көру, батасын алу, сауапқа бөлену мен үшін қалай маңызсыз болады?!
Бірде Ресейдің әйгілі спортшысы Евгений Плющенконың сұхбатын тыңдап отырып, біздің әріптестер арасында жиі орын алатын жайттарды еске алдым. Тележүргізуші спортшының алғашқы жеңістерін, Еуропа чемпионаттарындағы жасөспірім шағындағы табыстарын айта келе, сол кезде атағы енді шығып келе жатқан мәнерлеп сырғанаушының алғашқы жарнамалық роликтерге қалай түскенін сұрады.
Ресейдің қазіргі танымал тұлғалары қатарындағы Женя еш қысылмастан, сол жарнамаға бір табақ сорпаға әлде, бір рет тойып жейтін салат үшін келісім бергенін айтып салды. Өкінішке қарай, мұндай жайт біздің де басымыздан талай өтті. Біз де Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде, кеңес үкіметінің темір шілтері сыпырылып, неше түрлі компаниялар қаптағанда, мейрамханаларға шақырғанға мәз болып, мақтау мақалалар жаздық.
Фуршеттерде уақытымызды зая кетірдік. Осы дастарқан, ырду-дырду талантының түбіне жеткен әріптестерді де көрдік... Материалдардың жарнамалық сипаты мен әлеуметтік мәнін ажыратып алуға да тәжірибе керек болды. Ал өзін-өзі сыйлайтын, өз уақытын сыйлайтын журналист бір тойып ішетін тамақ үшін сөзін сатпайтынын түсінгендей болдық.
Газет табалдырығында өткен жылдар ішінде еліміздің барлық аймақтарын ғана емес, өзім өмір бойы көруді көксеген АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Қытай, Үндістан, Гонконг, Голландия, Ресей, Чехия сынды көптеген елдерге сапар шегіппіз.
«Егемендегі» ең алғашқы «алыс» сапарым – Бішкек еді. Айырқалпақты бауырлар еліне сан рет жолым түсті. Елбасының екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға арналған сапары – менің алғашқы саяхаттарымның басы болды. Араға көп жылдар салып Елбасы осы елге мемлекеттік сапармен барды. Бұл оқиғаға да ортақтастық.
Алыс шетелдік сапарлардың айта-айта жүрерліктей әсерін айтпағанда, киелі Түркістанға, Жезқазған, Шығыс Қазақстан облысындағы мыс, көмір өндіретін ең терең шахталарға, Байқоңырда кезекті зымыранның ұшырылуына, Оралдағы мұнай өндіріп жатқан алып өндіріс орындарына, Жамбыл облысындағы әйгілі фосфор зауытына, Талдықорған маңындағы әскери гарнизондарға, кешегі қаңсыған Арал теңізінің қайта оралуына, Оңтүстіктегі уран кенішіне, Қызылордада жатқан Қорқыт Атаға, киелі Маңғыстаудың маң даласына Бекет ата басына барудың сәті түсті.
Тізе берсең талай мақалаға өзек болған оқиғалар көп-ақ. Газеттің жұмысымен таңертеңгілік асты Бішкекте, түскі мәзірді Астанада, кешкі тамақты Алматыда ішкен қызықты күндер де болыпты. Осының бәріне куә еткен, сол жол сапарларға жетектеген де – қаламның киесі. Журналистік жолсапармен қай қиырда жүрсек те адамгершілік принципінен ауытқыған сәтіміз жоқ. Журналистің басты парызы да осы емес пе?
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»