Ол – еліміздің жеңіл атлетика тарихындағы рекорд иесі. Ол – әлемдік жарыстарда ең нәтижелі әрі тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан бірден-бір спортшы. Сұлулығымен де, нәзіктігімен де, қарапайым әрі ашық мінезімен де өзіне бірден баурап алады. Жаратушының осыншама жақсы қасиеттің бәрін бір адамның басына үйіп-төгіп бере салғанына таңғаласың. Егер әңгіменің Ольга РЫПАКОВА жайлы екендігін сезсеңіз, бұл сұхбатты оқып шығуға сізге артық жарнаманың қажеті жоқ.
– Ольга, алдымен тағы бір сәтті маусыммен құттықтауға рұқсат етіңіз. Бұл жыл дәл сіз қалағандай өтті деп айта аламыз ба?
– Бәрі ойдағыдай болды, тіпті менің ойлағанымнан да асып түсті. «Гауһар лигасының» финалындағы жеңіс біздің жоспарда болған жоқ. Кейде аяқ астынан жарақат алып, мақсатыңның күл-талқаны шығатын кездер де болады. Сондықтан көрсеткішіме де, денсаулығымның сыр бермегеніне де қуаныштымын.
– Әлем чемпионатында, көпшілік болжағандай, жүлдегерлер қатарынан сіз ғана көріндіңіз. Өзге спортшылардың нәтижелі өнер көрсете алмауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Спринттегі қыздарымыздың басым көпшілігі жарыс жолына жарақатпен шықты. Ауру мазалап тұрғанда, толық қауқарыңды көрсету өте қиын. Лондонға олар нағыз баптарында барғанда, жалғыз қоламен шектелмейтін едік.
– Сіз елімізде тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқан бірден-бір спортшысыз. Мұнда бір сыр бар деп ойламаймын. Дей тұрғанмен, сізді әр кез алға ұмтылдыратын не нәрсе?
– Алдымен өз ісіме деген махаббат. Одан кейін жанымдағы адамдардың, отбасымның маған деген сенімі. Жарысқа шығарда оның нәтижесі туралы ойламаймын. Қолымнан келетін істен ләззат алып әрі жанкүйерлерімді қуантқым келеді. Бұл жауапкершілік жүгін сезінбеймін деген сөз емес, тек соның салмағы білгенімнен жаңылдырмасын деймін. Күйеуім: «Сен өзіңді ешкімге дәлелдеуге міндетті емессің, дәлелдеп қойғансың, енді тек ләззат ал» деп кеңес беріп отырады.
– Еліміздің жеңіл атлетикасында жүлделер санынан рекорд орнатып тастадыңыз. Былтыр қоржыныңыз тағы бір қоламен толықты. Бейжің Олимпиадасының медалі қазір қайда, сізге тапсырылды ма?
– Бұл сұрақ маған да қызықты. «Темірді қызған кезінде соқ» деген сөз бар ғой. Енді бұл жүлде сол сәтте, миллиондаған көрерменнің алдында тұрып таққандай сезімге бөлей алмасы анық. Арада неше жыл өтті. Бірақ қазір мені Бейжің Олимпиадасының да қола жүлдегері деп ресми таныстырады. Медальдың өзі қайда екенінен хабардармын. Ол үшін федерациямыз Ұлттық олимпиада комитетіне, олар өз кезегінде Халықаралық олимпиада комитетіне өтініш берулері керек. Ал мұнымен айналысып жатқан адам жоқ сияқты. Жүлденің біздің елге берілу процесі тоқтап тұр. Сондықтан бұл сауалды федерация өкілдеріне қойған жөн болар.
– Жалпы, осы допинг даулары спортты қаншалықты «тазартып», жанкүйерлердің қызығушылығын қаншалықты арттырады?
– Даудың өзі адам қызығушылығын ояту, назар аудару үшін жасалады. Бұл салаға аса мән бермейтіндер де «анау допингпен ұсталыпты, мынау шеттетіліпті» деп жатыр. «Медальдың екі жағы болады» деп айтылуы бекер емес. Біз түсіне бермейтін жайттар өте көп. Біреулерге қолдануға болады, біреулерге болмайды деген сияқты...
Есесіне нәтижелер төмендеп кетті. Бұл келеңсіздіктер жеңіл атлетиканы да айналып өткен жоқ. Мұның бәрі адамның көңіл күйін түсіреді. Біреу шалыс басса, ұжымды түгел жазалау дұрыс емес деп ойлаймын. Спортпен шұғылдану қиындап кетті. Артық қимыл жасауға қорқасың.
Спортшыларға көрсетіліп жатқан қысым сұмдық. Тіпті ауруға да болмайды. Кезінде кәдімгі антибиотиктер рұқсат етілсе, қазір олар тыйым салынған препараттардың қатарында. Білмей байқаусызда қолданылған дәрі-дәрмек допинг болып шығуы мүмкін. Басың, тісің ауырса да, мұрның бітіп қалса да шыдауға мәжбүрсің. Бұл жайттар елімізде спорт медицинасын дамыту қажеттігін аңғартады. Оқыс жағдайлардың алдын алу үшін спортшылар кеңесетін, жанында жүретін білікті мамандар болуы керек.
– Бірінен соң бірі «қара тізімге» еніп жатқан сол дәрілердің барлығы шынымен де спортшылардың күшіне күш қоса ала ма?
– Кейбіреулері төзімділікке себепші болуы мүмкін. Бірақ барлығы бірдей дей алмаймын. Маман болмағандықтан, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Жетістікке жетудің «төте» жолын таңдатуға мүмкіндік бермеген Жаратушыға мың сан шүкіршілік етемін. Жалпы, өзім де мұндай қадамға бармаушы едім. Бір сәт үшін дәл бұлай тәуекелге барудың мәні жоқ. Оның үстіне әр сараптама қорытындысы 10 жыл сақталатынын және қажет болғанда қайта тексерілетінін ескерсек, өмір бойғы абыройдан бір күнде айырылып қалу бек мүмкін.
– Елімізде спорттық медицина қаншалықты дамып келеді?
– Кенже қалған саланың бірі ғой. Осыдан 20 шақты жыл бұрын спорттық медицина бойынша мектептерді тәмамдаған мамандар ғана жұмыс істеп жүр. Қазір бөлімдер де жоқ. Енді-енді қадам жасалып жатыр. Бірақ мұның өзі көңіл көншітпейді. Жақсара түссе екен деген тілек бар.
– Ресей құрамасын Пхенчхандағы қысқы ойындардан шеттетті. Бұл көпшіліктің ойын сан-саққа жүгірткені анық. Ал ресейлік спортшыларға бейтарап тудың астында өнер көрсету керек пе, сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл – әркімнің жеке басының шешімі. Спортшыны белгілі бір шеңбердің ішінде тұсаулап, мүмкіндігін шектеу қате. Патриотизм не басқа себептерді айтып қысым көрсету де дұрыс емес. Ресейлік спортшылардың пікірлерін оқып шықтым. Олардың дені «Олимпиадаға қатысуымыз керек, бұл салаға өмірімізді арнадық, біреу үшін бұл алғашқы әрі жалғыз мүмкіндік болуы мүмкін» дегенге саяды. Ал спорттан тыс саясаткерлер мен мамандар басқаша ойда. Олар спорттағы жетістік адамға қандай құнмен, нендей құрбандықпен келетінінен бейхабар. Өте қиын жағдай. Сондықтан оларға кеңес бере алмаймын.
– Бір сұхбатыңызда «Үш қарғып секіруді мен емес, бұл спорт мені таңдады» депсіз. Рас, кейбір спортшылар қанша тыраштанса да, нәтижеге жете алмайды. Кейбіреулер сол салада талай жетістікке жетеді. Өз ісіңмен айналысып жүргеніңді қалай түсінуге болады?
– Мұны түсіну оңай емес. Есімді білгелі спортпен шұғылданып келемін. Бала күнімде бірнеше спорт түрінен өзімді сынап көргенмін. Үш қарғып секіру маған арналған спорт деп ойлаған да емеспін. Алға қойған мақсаттарымды, бапкер қойған міндеттерді біртін-біртін орындау арқылы белгілі бір жетістіктерге жете бастадым. Өзін әр салада бір сынап жүретін адамдар менің айналамда да бар. Қайткенде табыс күтетіндігінің сырын білмейді екенмін. Бәлкім, жан дүниеңе үңілу керек шығар. Өз басым тағдырыма ғана сендім. Маңдайына жазылғаны деп жатады. Ал тағдырдың кімді қайда жетелейтіні сол адамның ниеті, өмірлік ұстанымдарына байланысты да болар. Әр адам өз өмірінің иесі екендігін ұмытпаған жөн. Мұның жауабын қазбалай берсек, философияға кетіп қалатын түріміз бар ғой (жымиып).
– Ал сіз балаларыңызға бағыт, нұсқау көрсетесіз бе, әлде таңдау еріктерін өздеріне бердіңіз бе?
– Ана ретінде олардың өміріне бейжай қарауға, араласпауға менің хақым жоқ. Балаларымыздың дұрыс жолда жүруіне ата-ана ретінде біз жауаптымыз. Мұндай тәжірибені бастан өткердік. Қызым жеңіл атлетикаға барып жүрген, бір күні ұнамайтынын айтып волейболға көштік. Бапкерлер қуана қарсы алды. «Бойы да, техникасы мен соққысы да жақсы» деп жатыр. Біраз уақыттан соң волейболды тастап қайта жеңіл атлетикаға ауысты. «Өз қалаған салаңды таңдағанша спортпен шұғылдануың керек, қай салаға барсаң да спорттың пайдасы орасан» деп түсіндірдім. Спорт мінезді тәрбиелейді, дене бітіміңнің сұлу болуының кепілі – тәртіп. Уақытыңды дұрыс пайдалануды үйреніп, көптеген адамдармен танысасың, әлемді тани түсесің. Дегенмен қызымды кәсіпқой спортшы болуға міндеттемеймін. Ол мұны өзі шешуі керек. Қазір үйірмесіне тұрақты барып жүр. Жалпы, ол спорттан гөрі, шығармашылыққа жақын тәрізді. Сурет салып, қиялындағыларды жүзеге асыруды ойлайды.
– Ал бойдың немесе басқа да бір факторлардың әсері қандай?
– Жеңіл атлетикаға баланы 9-10 жасында апарған дұрыс, соған қарамастан 3-4 жасар балаларды сүйреп жүреді. Ал бұл саладағы нағыз көрсеткіштер 25-тен кейін ғана келе бастайды. Яғни бала тағы 20 жыл ата-анасының мақсатымен өмір сүреді деген сөз.
Бойға келсек, мен топта ең ұзыны болдым – 183 см. Кей қыздардың бойы 165 см болатын. Соған қарамастан, олар менен ұзаққа секіретін. Табиғи жылдам спортшылар болады, олар техниканы меңгермей-ақ сенен асып түсуі мүмкін. Яғни бұл жерде бапкер әр балаға жеке-жеке назар аударуы керек. Қай жері осал болса, соған басымдық беріледі.
– Жетістіктеріңізге қарамастан сізді қарапайым, қайсарлығыңызға қарамастан нәзік адам ретінде білеміз. Енді қандай ана екендігіңізді де білгіміз келеді...
– Ой, құбылып тұрамыз ғой (күліп). Алдымен өз балаларын бәрінен артық жақсы көретін анамын, аналардың бәрі сондай шығар. Спортта жүргендіктен көбінде отбасылық қарым-қатынасты, балалармен бірге өткізетін уақытты құрбандыққа шалуға тура келеді. Қызым кішкентай кезінде мен жарысқа не жаттығу жиындарына кетер алдында есікті жауып алып: «Анашым, сені ешқайда жібермеймін, менімен қалшы» деп жылайтын. Есіме алсам жүрегім ауырады. Қазірдің өзінде көзіме жас үйіріліп қалды. Бірақ мұның бәрі бекер еместігін біз де, балаларымыз да түсініп келеміз. Үйге келгенде көңілдерін сыйлықпен аулаймыз. Бір-бірімізден жырақта жүрген сәттердің өтеуін өтеуге тырысамыз. Мұның бәрі, түптеп келгенде, біздің балалардың да еліне керек адам болып өсуі үшін қажет. Отанды сүю, адамгершіліктің құны деген сияқты ұғымдарды бойларына сіңірсек дейміз. Тәртіпті де естен шығармаймыз. Кейде ұрсып, жазалап, тіпті санкциялар да қолданамыз. Себебі тоқшылықта өскен баланың көзқарасы мүлде бөлек болады. Біз сияқты емес. Шыны керек, қызым да, ұлым да жоқшылықты көрген жоқ. Мұндайда барға шүкіршілік ету, алға ұмтылу, өзіңе керектіні алу үшін барыңды салып тырысу деген қасиеттерді түсіндіру қиындау. Бұл қатардағы балаларда мақсат та бола бермейді. Сондықтан балаларыма шектен шықпауды, ұнатқанына өзі жетуі керектігін естеріне үнемі салып отырамын. Қызым екеуміз оның болашағы, арманы, мақсаты жайлы көп сөйлесеміз. Мен сол армандарға жету жолдарын түсіндіремін.
– Тәртіпке көп мән беретініңіз сезіліп тұр. Бірақ өмір бойы белгілі бір ережелермен жүруден де адам жалығады емес пе?..
– Жарыс, жаттығу деп кейде үйдің шаруаларын атқаруға да уақыт таба алмаймыз. Сосын үйдегі заттардың шашылып жатқаны. Сондықтан қатаң тәртіппен ғана өмір сүреміз деп айта алмаймын. Кейде адамдар спортшылардың өмірі қандай қиын, қызықсыз деп бізді аяйтындарын байқаймын. Ал біз, керісінше, аптаның 5-6 күнін жұмыста компьютердің алдында ғана өткізетін жандарды түсіне алмаймыз. Адамды қажытып жіберетін секілді. Спорттық ғұмырын аяқтаған спортшылардың қоғамда өз орындарын таба алмай қалып жататындары да сондықтан.
– Спорттан бөлек немен айналысасыз? Танымал азаматтар өз есімдерін пайдаланып істерін дөңгелетіп жатады...
– Әзірге уақыт жоқ. Әйтпесе жоспар да, ой да бар. Тек соларды жүзеге асыруға уақыт жағынан мүмкіндік болмай тұр. Дегенмен спорттан кейінгі өмірім де осы саламен байланысты болатыны сөзсіз.
– Бала тәрбиесі жайлы кітапшалар жазу да сіздің қолыңыздан келетін сияқты...
– Бұған дейін ешкімге айтпап едім, сізбен бөлісейін. Өмірбаяныма арналған кітап жазуды қолға алмақпын. Сәтін салса, ол күнге де жетерміз.
– Ендеше асыға күтетін боламыз. Жалпы, спортпен 30 жасқа дейін шұғылданған жөн деген түсінік бар. Сіз оны жоққа шығарып келесіз. Соған қарағанда, уақыт өте адамның ағзасы да, өзі де тез шаршайды, әлсірейді дегеннің бәрі бос сөз болғаны ғой...
– Әдетте 30-дан соң қиындай түседі. Бірақ мақсаты, ұмтылысы бар адамның қолынан келмейтіні жоқ. Ольга Шишигина 32 жасында Олимпиада чемпионы атанды. Александр Винокуровтың, тіпті 40-қа таяған шағында Лондонда Олимпиаданың алғашқы алтынын қоржынымызға салғанына куәсіздер. Ең бастысы, денің сау болса болғаны. Ал ол үшін медициналық тұрғыда толық жағдай жасалуы қажет.
– Сөз соңында алдағы маусымдағы жоспарыңызды бөліссеңіз...
– Жазғы маусымға дайындық басталады. «Гауһар лига» кезеңдерінде жүлделі орыннан көрінсем деймін. Азия ойындарында алтын алу – мақсат. Одан қалды құрлықтық әлем кубогында лайықты өнер көрсетуге тырысамыз. Токио Олимпиадасына қатысу жоспарынан да бас тартқан жоқпын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК, журналист